Грузия
Грузия, Гүржістан немесе Гүржия, Грузия Республикасы (груз. საქართველო [sɑkʰɑrtʰvɛlɔ], Сакартвело) — Еуропа құрлығының оңтүстік-шығысында, Кавказ тауының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. 66 әкімшілік ауданға бөлінеді. Құрамына Абхазия (1931) және Аджария (1921) республикалары енеді. Шекарасы Ресей, Әзербайжан, Түркия және Армения мемлекеттерімен шектесіп жатыр.
Жер көлемі — 69,7 мың км². Халқы — 3,9 млн. Тұрғындарының 70,1%-і грузиндер (гүржілер). Бұдан басқа армяндар (8,1%), орыстар (6,3%), әзербайжандар (5,7%), осетиндер (3%), абхаздар (1,8%), гректер, украиндар, т.б. тұрады. Астанасы — Тбилиси қаласы (1,2 млн.). Халқының көпшілік бөлігі — христиан дінінің православие тармағын ұстанады, қалғандары мұсылмандар мен католиктер. Ресми тілі — грузин тілі. Мемлекет басшысы — президент. Заң шығарушы органы — бір палаталы парламент. Конституциясы 1995 ж. 24 тамызда қабылданған. Ұлттық ақшасы — лари. 1995 ж. қыркүйек айынан айналымға енгізілген. Ұлттық мейрамы — мемлекеттің тәуелсіздіктің қалпына келтірілген күні (26 мамыр, 1918 ж.).
Табиғаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жерінің 87%-ін таулы қыраттар алып жатыр, 36,7%-і орман. Солтүстігінде Үлкен Кавказ қатпарлы тау жүйесі бар. Қара тау жағалауын Колхида ойпаты алып жатыр. Жерінің географиялық құрылымы күрделі. Негізгі кен байлықтары: марганец, тас көмір, мұнай, полиметалдар. Минералды су көздеріне бай (Боржоми, т.б.). Тау мұздықтарынан басталатын, суы мол, екпінді өзендер (Кура, Риони, Ингури, Сунса, т.б.) жиі кездеседі. Климаты жылы және ылғалды субтропикалық. Қаңтар айындағы орташа температура 4—7 °С, ал шілдеде 22—24 °С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 1500 мм.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Грузия жеріне адам баласы ерте замандарда-ақ қоныстана бастаған. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың аяқ кезінен бастап алғашқы мемл. бірлестіктер пайда болды. Б.з.б. 8 ғ-да қазіргі Гүржістан территориясын алдымен кемерліктер, кейін сақтар басып алды. Көп уақыт бойы бүкіл Кавказ аймағы Мидия патшалығы (б.з.б. 7 ғ.) мен Ахемен әулетінің (б.з.б. 6 ғ.) иелігінде болды. Б.з.б. 6 ғ-да Қара теңіздің шығыс жағында орналасқан саудамен айналысатын грек қоныстары мен Кавказ халықтары арасында сауда байланысы күшейді. Б.з.б. 6 ғ-да Бат. Гүржістанда Колхида патшалығы, ал 4 ғ-да Шығ. Гүржістанда Иберия патшалығы құрылды. Қалалар пайда болып, басқа елдермен қарым-қатынас, сауда-саттық дамыды. Б.з.б. 1 ғ-да қазіргі Гүржістан аумағын Рим империясы басып алды, бірақ б.з. 2 ғ-ынан бастап оның билігі әлсіреп, жергілікті әкімдердің билігі күшейді. 3 — 4 ғ-ларда елге христиан діні тарай бастады. 4 ғ-дан бастап Гүржістанға Сасанилер әулеті билеген парсылар қайта-қайта шабуыл жасап, 523 ж. елді толық бағындырды. 7 — 9 ғ-ларда Г-ның көпшілік бөлігі Араб халифатына қосылды. 10 ғ-дан бастап Гүржістан біртұтас мемлекет болып бірікті. Елді Багратион әулетінен шыққан патшалар билеп, 11 ғ-да Солтүстік Арменияны жаулап алды. Давид І (1073 — 1125), Георги ІІІ (1156 — 84), Тамара (1184 — 1213) патшалар тұсында Гүржістан Кавказдағы аса күшті мемлекеттердің бірі болды. Бұл кезеңде Гүржістан патшаларының билігін Солт. Кавказ, Солт. Иран, Әзірбайжан, Қара теңіздің оңт.-батыс жағалауы елдері (Трапезунд патшалығы, т.б.) мойындады. Осы кезде қалалар көркейіп, мәдениет өркендеді. Философия, тарих, әдебиет, сәулет өнері жақсы дамыды. Ш. Руставелидің “Жолбарыс терісін жамылған батыр” туындысы осы кезде жазылды.
Гүржістан 13 ғ-дың 2-ширегінен бастап Шыңғыс хан ұрпақтарының, 14 ғ-дың 2-жартысында Әмір Темір мемлекетінің иелігінде болды. 15 ғ-да бірнеше ұсақ мемлекетке (Картли, Кахети, Имеретия патшалықтары мен Мегрель, Гурий, Абхазия князьдіктері) ыдырап, 16 — 18 ғ-ларда Иран мен Осман сұлтандығының арасындағы ұрыс майданына айналды. 17 ғ-да Иран шаҝы Аббас І Грузияға бірнеше жорықтар ұйымдастырды. 18 ғ-дан бастап Гүржістан қайтадан біріге бастады. Вахтанг VІ патшаның тұсында (1703 — 24) орталық үкіметтің билігі күшейтіліп, кең көлемде құрылыс жұмыстары жүргізілді. 18 ғ-дың 2-жартысында Ираклий ІІ патшаның тұсында Картли (Иберия) және Кахети патшалықтары біріктірілді. Ол сепаратистік пиғылдағы князьдердің қарсылығын талқандап, шаруашылық пен сауданы қайта жандандыруға күш салды. Қалалар қайта жандана бастады. Бұл кезеңде тағы бір грузин патшалығы Имеретияда Соломон І-нің (1754 — 84) басшылығымен күшейіп, патшаның жеке билігі нығайтылды. 17 — 18 ғ-ларда Гүржістан мәдениеті қайтадан гүлденіп, кітап басып шығару ісі қанат жайды.
1783 ж. Георгий трактаты бойынша Картли-Кахети патшалығы Ресейдің протектораттығын қабылдады. Бұл жағдай Гүржістан Иран және Түркия мемлекеттерімен қарым-қатынасын шиеленістірді. Иракли ІІ патша қайтыс болып, ел ішін жайлаған тақ тартысын пайдаланған Иран шаҝы Ага Мухаммед хан Каджари 1795 ж. Тбилисиді өртеп жіберді. 1801 ж. Картли-Кахети патшалығы өмір сүруін тоқтатып, Шығыс Гүржістан толығымен Ресейге қосылды. Осыдан кейін Батыс Гүржістан үшін орыс-иран (1804 — 13, 1826 — 28) және орыс-түрік (1806 — 12, 1828 — 29) соғыстары болып өтті. Сөйтіп, 1803 — 64 ж. Батыс Гүржістан да Ресейге толығымен бағынды.
Сырттан шабуыл саябырлап, ел ішінде сауда-саттық жанданғанымен, гүржілерді орыстандыру саясаты басталып, шаруаларды қанау күшейді. Халық көтерілістерін үкімет әскерлері күшпен басып отырды. 1864 — 71 ж. шаруалардың басыбайлылығы жойылғаннан кейін, ел ішінде өндіріс пен сауда-саттықтың дамуына жол ашылды. Ұлттық интеллигенция қалыптасты. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін 1917 ж. 7 наурызда Кавказ сырты ерекше к-ті құрылды. 1917 ж. 17 қарашада бұл к-т таратылып, үкімет басына меньшевиктер партиясы келді. 1918 ж. 26 мамырда Гүржістан тәуелсіз республика болып жарияланды. Ішкі-сыртқы жағдайдың шиеленісуіне байланысты бұл үкімет 1920 ж. 1 мамырда РКФСР-мен келісімшарт жасасуға мәжбүр болды. Осы келісімшарт негізінде большевиктер үкімет құрамына енгізілді. 1921 ж. Қызыл Армия бөлімдері меньшевиктер үкіметін құлатып, Кеңес өкіметін орнатты. Гүржістан 1922 — 36 ж. Кавказ сырты кеңестік федеративтік соц. республикасы құрамына кірді, 1936 — 91 ж. КСРО құрамындағы одақтас республика болды. 1991 ж. 9 сәуір күні өткен жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша республика Жоғары Кеңесі елдің 1918 жылғы тәуелсіздігін және 1921 жылғы конституцияны қалпына келтіру туралы акт қабылдады. Сол жылы мамыр айында өткен президент сайлауында З.Гамсахурдия жеңіске жетті. Бірақ ел ішіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты құрылған Әскери Кеңес президентті елден кетіріп, парламентті таратып жіберді де, бар билікті өз қолдарына алды. 1992 ж. наурыз айында Әскери Кеңес те таратылып, орнына Эдуард Шеварднадзе бастаған Мемл. Кеңес құрылды. Сол жылы 11 қазанда жаңа парламент және оның төрағасы сайланды. 1995 ж. жаңа конституция қабылданып, соның негізінде өткен президент сайлауында (5.11. 1995) Э.Шеварднадзе жеңіске жетті. Ішкі саяси жанжалдарды, Абхаз республикасымен арадағы қарым-қатынастарды бейбіт жолмен реттеп, ел экономикасын реформалау ісіндегі қызметін бағалаған халық оны 2000 ж. жаңа мерзімге президент етіп сайлады.
Гүржістан — аграрлы-индустриялы ел. Экономикасының негізгі салалары: тамақ өнеркәсібі (шай, темекі, минералды сусындар, шарап, коньяк шығару), жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі. Ауыл шаруашылығында шай, темекі, жеміс-жидек өсіру, мал ш. дамыған. Қара теңіз жағалауындағы курортты қалаларда туризм жақсы жолға қойылған. Жан басына шаққанда ұлттық табыс — 1060 долл. шамасында. Гүржістан БҰҰ, ТМД, т.б. халықаралық ұйымдардың мүшесі. Басты сауда серіктестері — Ресей, Түркия, Армения, Әзірбайжан. Гүржістан Қазақстанмен 1992 жылдан (23 шілде) бері дипломатиялық қатынас орнатқан. Екі ел арасында тікелей және ТМД шеңберінде экономикалық және мәдени байланыстар дами түсуде. Болашақта екі жақ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен өндірілетін мұнайды Баку —Джейхан маршруты бойынша Бат. Еуропа елдеріне шығаруға мүдделі.
Мәдениеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Гүржі мәдениеті шығыс халықтары және грек-рим мәдениеттерімен араласу нәтижесінде қалыптасты. Елдің ежелгі жазба мәдениеті сақталып қалған. Гүржістанда 4 ғ-дың 1-жартысында жоғары шешендік мектебі — Колхида академиясы құрылған. 5 ғ-да шіркеулер жанынан алғашқы мектептер ашыла бастады. 10 — 12 ғ-ларда алғашқы жоғары оқу орындары Галат академиясы, Икалтой академиялары дүниеге келді. 13 — 17 ғ-лар арасында ішкі бытыраңқылық пен шет ел басқыншыларына қарсы күреске байланысты грузин мәдениеті біршама тоқырап, тек саяси жағдай тұрақтанған 18 ғ-дан бастап қайта жандана бастады. Осы ғасырдың аяғында оқу-ағарту жұмысы тез көтеріліп, Тбилиси (1755), Телав (1782) семинариялары, 1851 ж. Тбилиси опера театры ашылды. Қазіргі Гүржістан — мәдениеті, өнері кемелденген мемлекет. Елде 19 мемл. жоғары оқу орны (оның ішінде Тбилиси және Сухуми ун-ттері), 32 театр, 110 музей жұмыс істейді.
Грузияны, ешқандай асыра айтпағанда, әлемдегі ең дәмді шараптардың кейбір түрлері өндірілген ел деп атауға болады. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл аймақтың бүкіл тарихы шарап өндірумен тығыз байланысты. VIII ғасырдағы жергілікті қолөнершілер А.Д. арнайы технологияны қолдана отырып, күшті сусындар шығарумен танымал.
Грузин алкогольі әлі күнге дейін өзінің беделіне сай келеді және тұтынушылардың өзгермейтін сүйіспеншілігін қолдайды. Грузия коньяктары ерекше бағаланады.[6]
Әдебиеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Гүржі әдебиеті өз бастауларын ерте заманнан алады. Ежелгі грек ақыны Аполлон Родоскийдің (б.з.б. 3 ғ.) шығармаларында гүржілер жөнінде айтылады. 5 — 11 ғ-лар аралығында шіркеулік діни әдебиет дамыды. 12 ғ-да орталықтанған Гүржістан патшалығы кезінде эпостық жырлар жазылды (“Жолбарыс терісін жамылған батыр”, “Абдул-Мессия”, “Тамариани”, т.б.). 16 ғ-да гүржі әдебиеті қайтадан жанданды. Кахети патшасы Теймураз І (1589 — 1663) лирикалық, филос., тарихи тақырыптарда өлеңдер жазды, көптеген шығыс ақындарының шығармаларын (“Ләйлі — Мәжнүн”, т.б.) қайта жырлады. Екінші бір гүржі патшасы Арчил ІІ (1647 — 1713) ұлттық-тарихи тақырыптарда өлеңдер мен поэмалар жазды. 1830 — 40 ж. Гүржі әдебиетінде романтикалық бағыт дамыды. Оның ірі өкілдері А.Г. Чавчавадзе (1786 — 1846), Г.Д. Орбелиани (1804 — 1883), А.М. Бараташвили (1815 — 1845) болды. 1860 жылдан бастап гүржі әдебиеті жаңа классикалық сатыға көтерілді. Гүржі әдебиетінің классиктері: И.Г. Чавчавадзе (1837 — 1907), А.Р. Церетели (1840 — 1915), Н.Я. Николадзе (1843 — 1928). Кеңес заманында да Гүржістан әдебиетінде әлемге танымал көркем шығармалар жазылды. Бұл кезеңдегі көрнекті ақын-жазушылар: И.В. Абашидзе, К.С. Гамсахурдиа, В.Ш. Авалиани, О.Р. Чхеидзе, Н. Думбадзе, т.б. болды.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ [1991 жылғы 9 сәуірде Грузиядағы мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіру күні деп жарияланды, ал тәуелсіздік күні - 1918 жылғы 26 мамырда Грузия Демократиялық Республикасының декларациясының күні. 1922-1936 жж. СССР құрамына кіретін Грузия ССР және КСРО 1936 жылдан 1991 жылға дейін Грузияның демократиялық республикасының мұрагері болып саналады, алайда ол Грузияның ресми позициясынан ерекшеленеді («Сұранымдықтар сұрағы» бөлімін қараңыз)]
- ↑ Number of Population. Тексерілді, 3 мамыр 2019.
- ↑ 2014 General Population Census Main Results General Information — National Statistics Office of Georgia. Тексерілді, 2 мамыр 2016.
- ↑ a b c d World Economic Outlook Database, October 2018. International Monetary Fund.
- ↑ Human Development Indicators. United Nations Development Programme (2018). Тексерілді, 18 қыркүйек 2018.
- ↑ Грузиялық «Арагви» бренді КСРО-дан бері.
Пайдалы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]
|