Тұт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
08:59, 2021 ж. тамыздың 15 кезіндегі InternetArchiveBot (талқылау | үлесі) жасаған нұсқа (Rescuing 1 sources and tagging 0 as dead.) #IABot (v2.0.8)
(айырма) ← Ескірек нұсқа | Соңғы нұсқа (айырма) | Жаңарақ нұсқа → (айырма)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Mulberry
Ақ тұт
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
Бөлімі: Гүлді өсімдіктер
Табы: Қос жарнақтылар
(unranked) Core eudicots
Сабы: Rosales
Тұқымдасы: Moraceae
Тайпасы: Moreae
Тегі: Morus
Карл Линней
түрлері

10–16 түрі белгілі

Тұт ағашы (лат. Morus) – тұт тұқымдасына (Moraceae) жататын ағаш. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Еуропа, Солтүстік Американың оңтүстік бөлігінде, Оңтүстік Американың Солтүстік- батысында, ішінара Африкада таралған 24 түрі бар.


Биіктігі 16 – 35 м, ағаштың тармақталған ең жоғарғы бөлігі шар сияқты, өте тығыз болады. Жапырақтары – жібек көбелегінің негізгі қорегі, пішіні жұмыртқа тәрізді, шеті қалақты, бөбешік жапырақшалары ерте түседі. Негізінен қос үйлі, кейде бір үйлі, гүлі жапырағымен бірге шығады, дара жынысты, сырға тәрізді гүлшоғырына топталған. Тұқымынан, ал мәдени өсіргенде қалемше, сұлатпа өркендері арқылы көбейтіледі. Жемісі – ұсақ сүйекшелер, таңқурай мен қарақаттың жемісіне ұқсайды. Дәмі қышқылтым-тәтті, құрамында 10%-дай қант болады. Оны жас күйінде жейді, тағамға, шарап дайындауға, ағашы құрылысқа, т.б. пайдаланылады, өсімдік тінінен мықты талшық алынады. Табиғи жағдайда 200, кейде 300 – 500 жылдай өмір сүреді. Қазақстанда 2 түрі: ақ Тұт (М. alba) және шах Тұты (М. nіgra) қолдан өсіріледі.[1]

Өсімдік туралы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тұт ағашы – тұт тұқымдасына жататын ағаш. 10-16 түрі Азияның, Африканың, Солтүстік Американың тропикті және жылы субтропикті аймақтарында таралған. Биіктігі 10-15 метр. Діңінің түсі қоңырқай қызғылт. Жарықты жақсы көреді, құрғақшылыққа төзімді. Жапырақтары қарапайым, жиектері аратісті. Жидегі – күрделі құрылысты, сүйекшелердің бірігуінен тұрады, тәтті әрі жағымды иісі бар. Тұт ағашы тәтті, адам ағзасына пайдалы жемісімен ғана бағалы емес, сонымен қатар тұт ағашының жапырағы да бағалы, себебі жібек құрты тұт ағашының жапырақтарын жеп жібек матасының жібін береді. Қытай мыңдаған жылдар бойы тұт ағашынан жібек өндіруді құпияда сақтаған. Үш мың жылдан астам уақыт жібек өнімі тек Қытайдан ғана экспортқа жөнелтіліп жатты. Оларда әлі күнге дейін жібек құпиясын ашқан адамға өлім жазасы бар. Құпия толықтай ашылмағанымен, кейіннен жібек өндірісі Жапония, Үндістан, Орта Азия елдеріне ойыса бастады. Ерте кезден бастап Орта Азияның халықтары тұт ағашынан музыка аспаптарын жасаған. Тұт ағашынан жасалған аспаптар бағалы болып саналған. Тұт ағашының орташа өмір сүру мерзімі 200 жыл, кейбір түрлері 300-500 жылға дейін өмір сүреді. Иерихонда өсіп тұрғанына 2000 жыл болған әйгілі тұт ағашы бар екен.

Қолданылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның жылы оңтүстік аймақтарында тұт ағашының екі түрі; ақ тұт (Morus alba L) және қара тұт (Morus nigra L) өседі. Бұл екі тұт ағашының айырмашылығы жидегінің түсінде. Ақ тұт ақ жидек береді, қара тұт қара жидек береді. Екеуінің жемісі де өте тәтті, жұмсақ, нәзік хош иісті. Жемісінің ұзындығы – 2-3 см, ені – 1-2 см. Шілде айында піседі. Құрамында сахароза, фруктоза, эфир майы, минералды заттар, илік және бояу заттар, органикалық қышқылдар, дәрумендер бар. С дәрумені көп мөлшерде болады. Емдік мақсатта тұт ағашының жемісі, жапырағы, діңінің қабығы қолданылады. Жапырағының шырыны қарақұрттың шаққанына, тіс ауруына, ауыз қуысы уылғанда көмектеседі. Тұмау, қант диабеті, көз аурулары кезінде өте пайдалы және сауықтырғыш қасиетке ие. Жемісінен сусын, шырын алуға болады. Қазіргі кезде тұт ағашының жалғанбалы декоративті түрі көгалдандыруда пайдаланылады. Бақшаларда өсіреді. Жасыл қоршау, табиғи бөгеттер жасайды. Тұт ағашын тұқым және қаламшалау арқылы көбейтеді.

Тұт туралы тақпақ

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсірер тұт ағашын,

Баптар «жібек құрты» үшін.

Жібек мата жасауға,

Көйлек тігер жұрт үшін.

Қолданады дәрі үшін,

Киелі ағаш деп білер.

Саз аспабын жасауға,

Бұтақтарын кептірер.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қ 74 Құлжабаева Г.Ә.;«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені, Жидектер: Дидактикалық материал. - Алматы, 2011. - 16 б;ISBN 978-601-7237-31-8

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том