Атырау облысындағы халық ағарту ісі
Бұл бет жедел жоюға ұсынылған. Себебі: Энциклопедиялық маңызы жоқ, жетім мақала, "Атырау облысы" мақаласының "Халық ағарту ісі" деген бөлімімен біріктірілсін не жойылсын.
Бұл мақаланы 2024-11-08, 22:28 кезінде (33 күн бұрын) Nurtenge (журналы | үлесі) соңғы рет өңдеді.
|
Революцияға дейін Атырау тұрғындарының, соның ішінде қазақтардың білім алуына, сауатын ашуына жағдай жасалмай, қала Қазақстандағы мәдениетті жағынан артта қалған қалалардың ең соңғы сапында қалды. Атырауда мәдениет білім, денсаулық жұмыстары 1920 жылы 5 қаңтарда Атырау жаудан азат етілгеннен кейін барып қолға алынды.
Революциядан кейінгі жылдар (1917-1937 жж)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Революциядан кейінгі жылдары Каспий өңірі қызметкерлері алдында жергілікті халықты ескі қалдықтардан, сословлиліктен, әйел теңсіздігінен, ұлт езгісінен, басқа да әдепсіз қылықтардан арылту міндеттері тұрды. Атыраудағы мектеп құрылысы Кеңес Үкіметінің директиваларымен қаулылары негізінде жүзеге асты. Бұрынғы әскери училище, теңізшілер класы, орыс-қазақ мектептері жабылып, жергілікті еңбекшілер балаларын оқытатын жаңа типтік бірыңғай мектептер ашылды.
1920 жылы 13 қаңтарда Атырау ревкомы жанына халық ағарту бөлімі құрылып, оның меңгерушілігіне Евлампиев тағайындалды.[1]
Ревком бұйрығымен қаладағы халық ағарту ісімен бұрын айналысқан адамдардың тізімі алынды. Қаладағы мектептер бұрыннан қалған азын-аулақ мектеп үйлерінен басқа, балық, мұнай кәсіпшілігі капиталистері мен ақ гвардияшылар офицерлерінің мемлекет пайдасына алынған үйлеріне орналысты. Мұның өзі мектеп оқуын жолға қоюға біраз жеңілдік жасады.
Халық ағарту Комиссариатының қаулысы мен барлық оқу орындарында дін сабағын оқыту 1918 жылы 1қаңтардан бастап қысқартылды. Осы жылы маусымда Москвада мұғалімдердің бірінші Бүкіл Россиялық съезі өткізіліп, онда екі басқышты тоғыз жылдық мектеп ұйымдастыру жобасын қабылдады. Осыған орай 1918 жылы 16 қазанда аса маңызды екі документ қабылданды. Жаңа документтер бойынша еңбек мектептерінің екі басқышты жүйесі бекітілді: демек I басқыш - оқу мерзімі 5 жыл, 8 жастан 13 жасқа дейінгі балаларға арналған болса, II -басқыш –оқу мерзімі 4 жыл, 13 бен 17 жасқа дейінгі балаларға арналды.
Алайда Кеңес үкіметінің алғашқы қаулы-қарарлары Атыраудың шетел интервенциясы мен ішкі контрреволюциялық күштердің қолында қалуына байланысты бірден іске аcпады. Сондықтан Атырау ревкомы бір жағынан құрылған халық ағарту бөлімі екінші жағынан үкімет пен партияның қабылдаған қарарларын жүзеге асыру ойымен 1920 жылы 17 ақпанда барлық мектеп меңгерушілері мен мұғалімдерге жаңа міндет жүктеді. Онда ер балалармен қыз балаларды бірге оқыту, балалардың оқуын еңбекпен ұштастыру, ер балаларды ағаш ұстасы мамандығына, ал қыз балаларға үй жұмысына қажетті мамандықтарға, демек, тігін, тамақ дайындау қолөнер мамандықтарға үйретуге, діни кітаптарды оқытпауға, кітапханалардағы діни ағымдағы жазылған оқулықтарды жоюға, оқушылар арасында ойын –сауық жұмыстарын жиі жүргізіп, оған өздерін кеңінен қатынастыруға негіздеді.[2]
Дегенмен Атырауда халық ағарту ісін жүзеге асыру оңайға түспеді. Қала мен уездегі 70 мектептің 46-ы қаражаттың аздығынан, мектеп үйлері мен отынның жоқтығынан, оқу құралдары (әсіресе оқулықтар) мен педагог кадрлардың тапшылығынан, азамат соғысы зардабы салдарынан жабылып қалды.[3]
1921 жылы 3227 оқушыны қамтыған 65 мектеп ұйымдасты. Атырау қаласының өзінен мектеп саны 2190 оқушыны қамтыған 11 мектепке жетті. Оның біреуі екінші басқыштық, екеуі бірінші басқыштық қазақ мектептері болды. Мектептерді жабдықтау мемлекет, жергілікті ұйымдар және еңбекшілер жинаған қаражатпен қамтамасыз етілді. Әйтседе халық ағарту ісіне жасаған алғашқы қадамға 1921 жылы сәуір және желтоқсан айларында Атырауда жасалған контрреволюциялық төңкерістер көп кедергі келтірді. Мектеп үйлері қызыл әскерлер жататын жатақханаға, тамақ ішетін асханаға, жиын өткізетін штабқа айналды. Осының салдарынан көптеген мектептер жабылып, Атырау уезінде, қалада бар болғаны 11 мектеп қалды.
Контрреволюциялық күштерге қарсы күресте мұғалімдерді қызыл әскерлер қатарына алды, олардың біразы жау қолынан қаза тапты. Жаулар мектеп үйлерін өртеді, оқу құрал жабдықтарын жойды. Панасыз балалар қатары көбейді. Қаладағы екі балалар үйі жабылды. Атырау қаласында жұмыс жасаған мектептердің өздері де отын, оқу құралдары жоқтығынан бірнеше күн жасамады. 1921 жылғы берілген есепте, қалада «бірде-бір оқулық жоқ, балалар үйінде букварь болмағандықтан тек азбуканы ғана қоймай оқытудамыз» делінген.[4]
Контрреволюциялық күштерді талқандағаннан кейін халық ағарту ісі қайта қолға алынды. 1921 жылы Атырау ревкомы халық ағарту ісін әдейі мәселе етіп қарап, қалада «мектеп қызметкерлері үшін дайындық курсын ашуға» қаулы алды. Курсқа қатысқандар барлық көлденең қоғамдық жұмыстардан босатылды. Сол жылы 15 маусымда және 8 тамызда Атырау уездік-қалалық атқару комитеті жаңа мектеп құрылысын салу үшін 110 ат-көлік, 165 жұмысшыларды мобилизациялауға шешім алып, мектептерді керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктеді. Халық ағарту жұмысын жақсарту мақсатында 1922 жылғы 13 қарашадағы Атырау аткомының отырысы, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін атком мүшесі, әрі жауыпты хатшысы С.Мамбетовты халық ағарту бөлімі меңгерушісі етіп тағайындады.[5]
1922-23 оқу жылында Атырау қаласында 992 баланы қамтыған 8 бірінші басқыштық, бір екінші басқыштық мектеп жұмыс істеп, онда 29 ұстаз сабақ берді. Қалада мұнан басқа 225 панасыз баланы қамтыған 5 балалар үйі (детдом) жұмыс жасап, оның үшеуі халық ағарту бөлімі қаражатымен, қалған екеуін мұнайшылар мен балықшылар қамқорлыққа алды.[6]
Атырауда мұнан басқа сауатсыздықты оқытатын арнаулы мектептер, курстар, пунктер ашылды. Осы жылы қала мен уезд көлемінде 41 пункт ашылып, онда 2200 ересек адам оқыды. Атырау мен Доссорда нұсқаушылар даярлайтын арнаулы курстар ашылды. 1925 жылы өлкеде 20 сауатсыздық жою мектебі жұмыс істеді.
1927 жылы сауатсыз және шала сауаттылар санының азаюына байланысты қалада тек жеті сауат ашатын мектеп болды. Ал 1930 жылы қалада сауатсыздықты жою негізінен шешілуге жақындады. Дегенмен ауыл, селодан қалаға көшпелі қазақтардың көп көшіп келіп қоныстануы, олардың арасында сауатсыздықтардың көп болуы, сауатсыз, шала сауатты мектептерді жоюға мүмкіндік бермеді. 1936 жылы қалада әлі де 2546 адам сауатсыздар және шала сауаттылар мектебінде оқыды.[7] 1927-28 оқу жылында 186 мұғалім мамандығын арттырды. Оның 101 қазақ, 73 орыс, 12 басқа ұлт өкілдері, 8-нің жоғары білімі, 53 орта білімі бар болатын.
Қазіргі Атырау педагогика учелищесі өз тарихын 1929 жылдан бастайды. Алғашқы құрылғанда ол Гурьев педагогикалық техникумы аталынған болса, кейіннен 1937 жылдан бастап Атырау педагогика училищесі болып қайта құрылды. Атырау педагогика училищесі 1958 жылы жабылып, кейін бірнеше жыл үзілістен соң қайта ашылды. Атыраудағы бұл арнаулы орта білім орласы облыс мектептері үшін маман мұғалім кадрларын даярлауда ерекше рөл атқарды. 1929-1935 жыл аралығында педтехникумның алғашқы директоры болып Н. Нұржігітов қызмет етті. Ол алғашқы педагогикалық оқу орнының қалыптасу және дамуына елеулі еңбек сіңірді. Атырау педагогтық техникумының ашылуы ВКП(б) Орталық Комитетінің 1930 жылғы 25 шілдедегі жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру қаулысымен сай келді.[8]
Кеңес Одағы тұсында
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1938 жылғы 12 ақпанда облыстық атқару комитеті, сонымен бірге облыстық халық ағарту бөлімі құрылды. Бақсай, Жылыой, Мақат, Қызылқоға, Теңіз, Индер, Маңғыстау аудандары Гурьев облысына қарады. Жергілікті жерлерде шебер ұстаздар өсіп жетілді. Солардың ішінде Аманғали Асыләлиев, Хамидолла Нәубетов, Хамза Санбаев, Қазмағамбет Қарашин, Мұқанғазы Сиранов, Зұлқарнай Шәкіліков, Масат Құрманғазиев, Жұмабай Мырзағалиев, Қабижан Абақанов, Сабыр Қазыбаев, Жанаш Нұрмақанов, Ораз Сарғұнанов, Нұр Құсайынов, Біржан Қанатбаев, Шоқан Қаржауов т. б. бар еді.
Қабылданған және бұрынғы жылдары жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде облыстағы білім беру жүйесі өзінің барлық бағыттары, яғни отбасылық тәрбие, мектеп жасына дейінгі тәрбие, жалпы орта білім беру, мектептен тыс тәрбие беру мен оқыту, кәсіптік-техникалық білім беру, орта арнаулы білім беру, жоғары білім беру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім — кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау, қосымша білім беру салалары қалыптасып дамыды.
Жалпы білім беретін мектептер жүйесі бойынша облыста 6 бастауыш, 28 орталау және 144 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді, оларда 105400 бала мен жасөспірімдер білім алған. Жастарды өндірістен қол үзбей оқыту үшін облыста 2 кешкі мектеп ашылған, сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердің жанынан 11 сынып жұмыс істеген. Оларда халық шаруашылығында жұмыс істейтін 1065 жеткіншек өз білімдерін көтерген. Қоғамдық тәрбиені дамытуға интернат мекемелері үлес косып, облыстағы 8 жалпы білім беретін мектеп-интернат және 23 жалпы білім беретін мектептер жанындағы интернаттарда 3548 бала тәрбиеленген, олардың ішінде облыстық жетім және жартылай жетім балалар, ата-аналарының бағуынан тыс қалған балалар үшін интернаттар да бар. Ақыл-ойы не дене мүшесі кем, жалпы білім беретін мектептерде оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар үшін арнаулы мектептер ұйымдастырылған. Сонымен қатар мектепке дейінгі балалар мекемелері мен жалпы білім беретін мектептердің жанынан тілі кеміс балаларға және нашар еститін, нашар көретін балаларға арналған жеті топ ашылған.
1987/ 88 оқу жылынан бастап облыс мектептерінде пәндерді тереңдетіп оқыту жүзеге аса бастады. Алғаш рет ғылым негіздерін саралап оқыту Атырау қаласының мектептерінде физика-математика, қазақ, орыс тілдерінен небәрі 19 сыныпта жүзеге асырылды.
Тәуелсіздік жылдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысы білім беру саласы дамып, мектептер саны өсті, егер 1991 жылы облыста 153 мектеп болған болса, осы жылдар ішінде 41 жаңа мектеп ашылып, мектептер саны 194 бірлік құрады.
90-жылдардағы оңтайландыру кезеңінен кейін 251 мектепке дейінгі білім беру ұйымынан 80-і ғана қалған болса, қазіргі таңда олардың саны – 303, оның ішінде 164 – бала бақша, 139 – шағын орталық. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 56,9%-ды, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 85,1%-ды құрайды, ал 90-жылдары бұл көрсеткіш сәйкесінше 49,8% және 42,5% құрады.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағыты аясында облыста 29 жекеменшік балабақша, 7 шағын орталық, 1 «мектеп-балабақша» кешені ашылды. 1991 жылы 17 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс жасаса, 2000 жылдан бастап 8 оқу орны ашылып, бүгінгі күні техникалық және кәсіптік білім беруді 25 колледж жүзеге асырады.
Тәуелсіздік алғаннан бері дарынды балаларды қолдау және оларға жағдай жасау мақсатында аймағымызда жаңа типтік үлгідегі білім беру ұйымдары: 7 мамандандырылған интернаттық мекемесі бар облыстық мектеп, 11 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 1 лицей ашылды.[9]
Мектепке дейінгі балалар мекемелері жеті бағдарламамен жұмыс жасайды: ақыл-ойды дамыту (халық тәрбиесін беру, компьютерде оқыту, шет тілін ерте оқыту, қызықты математика), эстетикалық, адамгершілік, еңбек, экологиялық тәрбие бағыттары жүзеге асырылады.
Облыстағы дарынды балаларға арналған эксперименттік мектеп-интернат ұлттық гимназияға айналдырылды. Ұлттық гимназия Құрманғазы ауданының орталығында, жексенбілік мектептер Мақат ауданының Мақат кентінде, Қызылқоға ауданының Мұқыр аулында ашылды. Облыстық ұлттық гимназия 1990/91 оқу жылынан бастап тәжірибе мектеп-интернаты болып шаңырақ көтерді. Мектепте оқу үш бағдарлама (гуманитарлық, физика-математика, химия-биология) бойынша ұйымдастырылған. Алғаш рет облыс көлемінде араб тілін оқыту жүзеге асырылды. Мектепте этнография сабағының жүруіне байланысты облыстық мұражаймен, филармониямен бірігіп сабақтар өткізу, көркемөнерпаздар сайысына қатысу жүзеге асып отырды. Қалауы бойынша шәкірттер арнаулы курстарға қатысып, білімдерін тереңдетіп отырады. Оның бірі -«Абайтану» курсы. Мектеп түлектері жыл басында келісім-шарт жасалған жоғары оқу орындарына мектеп бітіру емтиханының қорытындысымен қабылданып отырды.
1999/ 2000 оқу жылында 137 мектептің 7166 оқушыны қамтыған 362 сыныбында 13 түрлі ғылым негіздері тереңдете оқытылады. 1992/93 оқу жылынан бастап облыстық политехникалық бағытгағы Ж. Досмұхамедов атындағы лицей, ағылшын тілін терендетіп оқытатын Атырау қалалық техникалық гимназиясы жылма- жыл математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерін жетік меңгерген түлектер дайындап шығарады.
1999 ж. маусым айында қабылданған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, облыс көлеміндегі халық сирек қоныстанған елді мекендерде шағын мектептерді ашу жүзеге аса бастады. 1999 ж. Қызылқоға ауданы Соркөл елді мекенінде бастауыш, Жаңа Миялы аулында негізгі мектеп, Исатай ауданы Жасқайрат аулында бастауыш мектептері ашылды. Облыста мектептердің жаңа түрлерін құруға соңғы жылдарда көп көңіл бөлінді. 1999/2000 оқу жылында облыста 4 лицей, 5 гимназия және өнерге бейім балаларды тәрбиелейтін Кіші өнер академиясы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жұмыс істейді.
1998 ж. облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушысы Шортабаев Алпамыс математика пәнінен халықаралық олимпиадада 3-орынды жеңіп алып, қола медальмен марапатталды. 1999 ж. Республикалық олимпиадаға қатысқан 16 оқушының төртеуі жүлделі орындарға ие болды. Жаңа тұрпатты мектептердің шәкірттері оқушылардың Республикалық ғылыми-практикалық жарыстарына қатынасып, жүлделі орындар алды. Атырау қалалық техникалық гимназиясының 10-сынып оқушысы Искаков Эльдардың палеонтология ғылымы саласы бойынша ғылыми жұмысы 1999 ж. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда 1-дәрежелі дипломды иеленді. Атырау қалалык №17 мектеп-лицейінің оқушылары халықаралық «Ақыл-ой одиссеясы» сайысында жеңіске жетіп, Америка Құрама Штаттарына арнайы жолдамамен барып қайтты. 1998 ж. орта мектепті 1 оқушы «Алтын белгімен» бітірсе, 1999 ж. «Алтын белгі» иелерінің саны 5-ке жетті. 1996/97 оқу жылынан бастап облыс мектептерінде «Жастар жетістігі» халықаралық қорының қолдауымен «Қолданбалы экономика» пәні қолға алынып, ол 144 орта мектепте оқытылады. Облыс мектептерінде оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда халықаралық «Сорос- Қазақстан» қорының бағдарламасы нәтижелі қолданылып келеді.[10]
Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі бойынша облыста 25 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның 17-і мемлекеттік, 8-і жекеменшік. Колледждердегі жалпы студенттер саны - 15696.
Кадрларды даярлау 74 мамандық 145 біліктілік бойынша жүргізілуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 8505 адам (54,1%) оқиды, оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша 4030 адам, орта буын мамандықтары бойынша 4475 адам. Облыс бойынша 15 кәсіптік оқу орнында 21 мамандық бойынша дуальдық оқыту жүйесі енгізілді. 70 кәсіпорынмен 100 келісімшарт (екіжақты, үшжақты) жасалды.
2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасының жүзеге асырылуына байланысты 10 оқу орынында жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық бюджеттен тегін кәсіптік оқыту ұйымдастырылып келеді. Қазіргі кезде аталған жоба бойынша 500 студент білім алуда.
Жекеменшік нысандағы 3 оқу орнына 235 студент үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Теңізшевройл ЖСШ демеушілігімен Атырау энергетика және құрылыс колледжіне 100 орындық жатақхана құрылысы басталды.[11]
2020 жылдың 10 –қаңтардағы мәлімет бойынша Облыстың білім беру саласында 201 балабақша, 129 мектепке дейінгі шағын орталық, 196 орта мектеп, 5 жекеменшік мектеп, 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы (оның ішінде 8 – мемлекеттік емес), 3 арнайы түзету білім беру ұйымы, 45 қосымша білім беру ұйымы, 1 отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, 1 балалар денсаулығын оңалту орталығы, 1 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 7 түзету кабинеті, 1 аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы, 1 облыстық әдістемелік орталығы жұмыс жасайды.
Мектептері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Балабақшалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Атырау қаласы (47)
- "Бұлбұл", "Шағала", "Шолпан" балабақшалары
- №1 "Сәби әлемі", №2 "Ақ сұңқар", №3 "Қарлығаш", №4 "Бәйтерек", №5 "Аққу", №6 "Гүлдер", №7 "Күншуақ", №9 "Әлия", №10 "Құлыншақ", №11 "Таңшолпан", №12 "Үміт", №13 "Балапан", №14 "Нұрай", №15 "Балбөбек", №16 "Дюймовочка", №17, №18 "Балдырған", №19 "Шұғыла", №21 "Алтын кілт", №22 "Еркетай", №23 "Ынтымақ", №24 "Бақытты балалық шақ", №25 "Еркемай", №26 "Жұлдыз", №27 "Ақбота", №28 "Алмагүл", №29 "Нұрсая", №30 Жұмбақ", №32 "Мөлдір", №33 "Көркемай", №34 "Нұрбөбек", №35 "Балақай", №36 "Нұрәлем", №37 "Болашақ", №38 "Аққайың", №39 "Ақ көгершін", №43 "Арман", №48 "Родничок", №54 "Айгүл", №55 "Жадыра", №59 "Ақбөбек" балабақшалары
- "Шағала", №2 "Ақ сұңқар", №11 "Таңшолпан", №29 "Нұрсая" балабақшаларының филиалдары
- №8 "Ақбота" санаторлық балабақшасы
- №20 "Алтын балық" арнайы балабақшасы
- Жылыой ауданы (19)
- Айгөлек, Аққайың, Анашым, Әйгерім, Әсем, Балапан, Гүлдәурен, Еркем-ай, Жауқазын, Құлыншақ, Өркен, Салтанат, Мейірім, Балдырған, Шапағат, Балауса, Балдәурен, Ақбөбек, Бәйшешек балабақшалары
- Айгөлек, Аққайың, Әсем, Өркен балабақшаларының филиалдары
- Индер ауданы (11)
- Айналайын, Балдәурен, Ботақан, Райхан, Қызғалдақ, Балапан, Қарлығаш, Болашақ, Гүлдәурен, Балбөбек, Жауқазын балабақшалары
- Исатай ауданы (12)
- Балдырған, Бәйтерек, Қарлығаш, Нұршуақ, Өркен, Балбөбек, Ақбота, Нарын, Балдәурен, Құлыншақ, Айжұлдыз, Аққу балабақшалары
- Құрманғазы ауданы (23)
- Айбөбек, Балауса, Балбөбек, Мерей, Нұршуақ, Өркен, Сүйіндік, Бүлдіршін, Айгөлек, Айжан, Ақтоты, Нұрсәт, Әйгерім, Асылай, Боташым, Жұлдыз-ай, Айсамал, Нұрай, Нұрбөбек, Гаухар, Балдырған, Ақтолқын, Ақмарал балабақшалары
- Қызылқоға ауданы (12)
- Балдырған, Жасұлан, Нұр-Шуақ, Қарлығаш, Жауқазын, Жазира, Қызғалдақ, Өрімтал, Балбөбек, Ақбота, Балауса, Алтын кілт балабақшалары
- Мақат ауданы (8)
- №54, Балбөбек, Болашақ, Нұрбөбек, Ботақан, Қарлығаш, Сандуғаш балабақшалары
- Ботақан балабақшасының филиалы
- Шапағат шипажай балабақшасы
- Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені
- Махамбет ауданы (16)
- Алтын-ай, Алтын балық, Жауқазын, Қызғалдақ, Нұршуақ, Жас дәурен, Балбөбек, Көктем гүлі, Райхан гүлі, Бүлдіршін, Балдырған, Айналайын, Арай, Айгүл, Балақай, Қарлығаш балабақшалары
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, қор 1, байлам 1, іс 1, бет 1.
- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты қор 131, байлам 1, іс 25, бет 21.
- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты қор 131, байлам 1, іс 25, бет 21.
- ↑ Атырау облыстық мұрағаты, қор 2, байлам 1, іс 97, бет 58.
- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, қор 2, байлам 1, іс 61, бет 30.
- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, қор 2, байлам 1, іс 116, бет 3.
- ↑ «Прикаспийская коммуна» 27 июнь, 1936
- ↑ Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, қор 2, байлам 2, іс 46, бет 5.
- ↑ http://atyrau.gov.kz/page/read/Sistema_obrazovaniya_oblasti.html Мұрағатталған 18 шілденің 2020 жылы. Облыстың білім беру саласы
- ↑ Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1
- ↑ http://atyrau.gov.kz/is/read/11921.html Мұрағатталған 5 шілденің 2020 жылы. АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ 2018 ЖЫЛҒЫ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ТУРАЛЫ