Пішен жегілер
Пішен жегілер (Psocoptera) – бунақденелілердің бір тобы. Шала түрленіп дамиды, ұсақ (1-10 мм), денесі жұқа, нәзік, өте жұмсақ. Пішен жегілердің қылқан жапырақты ормандарда, орманды жерлерде таралған 800–ге тарта түрі белгілі. Ағаш бұтақтарында, ағаш діңінің қабықтарының жарылған жерлерінде, жапырақ қалдықтарының астында, қамба, қоймаларда кездеседі. Жұмыртқаларының сыртын өрнекпен торлап, мекендейтін жерлеріне салады. Дернәсілдері ерекестеріне ұқсас келеді, айырмашылығы - қанат бастамаларының дамуына байланысты. Дернәсілдері мен ересек түрі қына, саңырауқұлақ, органикалық қалдықтар, шөп–шаламмен қоректенді. Пішен жегілердің басы денесінен айқын бөлінген, фасетті көзі үлкен, кейбіреулерінде екі жұп жарғақ қанаты болады. Ауыз мүшелері – кеміргіш, 11 – 14 бунақты жіп тәрізді жіңішке, жұп мұрты болады. Пішен жегілердің үйде кездесетін түрі кітаптарды, ботан және энтомологиялық коллекцияны бүлдіреді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 7 том.(Н-С) Алматы, 2005 жыл