Жасанды серік
Жасанды серік (кейде "Жасандысерік", немесе "Жердің жасанды серігі", ЖЖС, ағылш. Satellite, орыс. спутник) — Жер төңірегіндегі орбитаға шығарылып, әр түрлі ғылыми және қолданбалы мәселелерді шешуге арналған ғарыштық аппарат.
Дүние жүзіндегі ең тұңғыш ЖЖС КСРО-да 1957 жылы 4 қазанда ұшырылды. 1958 жылы 1 ақпанда орбитаға тұңғыш америкалық ЖЖС — Explorer 1 шығарылды. Кейінірек өз Жасандысеріктерін басқа елдер: 26.11.1965 — Франция (Астерикс), 11.2.1970 — Жапония (Осуми), 24.4. 1970 — Қытай (Дунфан Хун-1), 1962 — Ұлыбритания (Ariel 1) ұшыра бастады. Канада, Франция, Италия, Ұлыбритания, т.б. елдерде жасалған кейбір серіктер 1962 жылдан бастап америкалық тасығыш ракеталардың көмегімен ұшырылды. Кеңестік тасығыш ракеталардың көмегімен Үндістан, Франция, Чехословакия, т.б. елдердің Жасандысеріктері орбитаға шығарылды.
Жасандысерікті тасығыш ракетаның көмегімен орбитаға шығару үшін оған бірінші ғарыштық жылдамдыққа тең немесе одан артық (бірақ 1,4 еседен асып кетпейтін) жылдамдық берілуі тиіс. Жасандысеріктің ұшуының төменгі биіктігі (орбитаның перигейінде) 140 — 150 км (атмосферада жылдам тежелуден сақтану үшін), жоғарғы биіктігі (орбитаның апогейінде) бірнеше жүздеген мың км-ге дейін. Жасандысеріктің жерді бір айналып шығу уақыты оның ұшу орбитасының орташа биіктігіне байланысты және 1,5 сағаттан бірнеше тәулікке созылады.
Экватор жазықтығына жақын жатқан экваторлық орбитаға шығарылған жасандысерік - экваториалдық Жасандысерік, ал Жердің полюстері маңынан өтетін полярлық (немесе поляр маңындағы) орбитадағы жасандысерік - полярлық жасандысерік деп аталады. Жер бетінен 35800 км қашықтықтағы экваториалдық орбитаға шығарылып, Жердің айналу бағытымен қозғалатын жасандысерік Жер бетінің бір нүктесінің үстінде “қалқып” тұрады (геостационарлық орбита). Мұндай жасандысеріктер стационарлық деп аталады. Жасандысеріктердің ерекше типіне ғарыш кемелері және герметикалық кабинасында адам өмір сүретін орбиталық станциялар жатады.
Халықаралық келісімге сәйкес, егер ғарыштық аппарат Жерді кем дегенде бір рет айналып ұшса, ол жасандысерік деп аталады. Бұл шарт сақталмаған жағдайда ғарыштық аппарат баллистикалық траектория бойымен өлшеулер жүргізген зондылау ракетасы болып саналады және жасандысерік ретінде тіркелмейді.
Орбитаға шығар кезінде жасандысеріктен бөлініп қалатын тасығыш ракетаның соңғы сатылары, бас бөлігіндегі ауа ақтырғыш, т.б. қосалқы орбиталық нысандар болып есептеледі; бұл нысандар Жер төңірегіндегі орбитамен қозғалады; олар бірқатар жағдайларда ғылыми мақсат үшін бақыланатын нысан қызметін атқарғанымен, әдетте, оларды жасандысерік деп атамайды.
Жасандысеріктер көмегі арқылы шешілетін мәселелерге байланысты олар ғыл.-зерт. жасандысеріктері және қолданбалы жасандысеріктер болып бөлінеді. Егер жасандысерікте радиотаратқыштар, қандай да бір өлшеуіш аппаратура, жарық сигналдарын беретін импульстық шамдар, т.б. орнатылса оны активті жасандысерік деп атайды. Аталған жабдықтардың ешқайсысы жоқ, тек кейбір ғыл. мәселелерді шешу үшін жерден бақыланатындары (мұндай жасандысеріктер қатарына диаметрі бірнеше ондаған м-ге жететін жасандысерік баллондар жатады) пассивті деп аталады. ғылыми-зерттеу жасандысеріктері Жерді, басқа аспан денелерін, ғарыштық кеңістікті зерттеуге, ғарыштық кеңістікте биологиялық, т.б. зерттеулер жүргізу үшін қызмет атқарады.
Жасандысерік бортында орналастырылған аппаратура, сондай-ақ, жасандысерікті жер бетіндегі станциялардан бақылау астрономиялық, геодезиялық, биологиялық, геофизикалық және арнайы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. ғыл.-зерт. жасандысеріктеріне алғашқы кеңестік “Электрон”, “Протон”, “Космос” сериялы жасандысеріктер, америкалық “Авангард”, “Эксплорер”, “ОГО”, “ОСО”, “ОАО” (геофизикалық, күндік, астрономиялық обсерваториялар) сериялы жасандысеріктері; ағылшын жасандысеріктері — “Ариэль”, француз жасандысерікі — “Диадем”, т.б. жатады. Байланыс орнатуға арналған ЖЖС-тер (кеңестік — “Экран”, америкалық — “Синком”, “Интелсат” жасандысерігі), метеорологиялық серіктер (кеңестік “Космос”, “Метеф” сериялы жасандысеріктер, АҚШтық “Тирос”, “ЭССА”, “Нимбус”), Жер ресурстарын зерттеуге арналған ЖЖС-тер (америкалық “Лэндсат және “АЭМ”), навигациялық жасандысеріктер, (кеңестік “Космос — 1000”, америкалық “Транзит”), техникалық мақсаттарға арналған жасандысеріктер (ғарыштық жағдайдың материалдарға әсерін зерттеуге, борттық жүйелерді сынауға арналған), әскери жасандысеріктер, т.б. қолданбалы жасандысеріктер болып саналады. Кейбір ЖЖС-терге ғыл. зерттеулерді де және қолданбалы мәселелерді де шешуге мүмкіндік беретін аппаратура орнатылады. Жасандысерік көмегімен шешілетін ғылыми және қолданбалы мәселелердің әр түрлі болуына байланысты олардың пішіндері, массалары, құрылымдық сұлбалары, борттық құрал-жабдықтарының құрамы әр түрлі болып жасалады. Мысалы, кішігірім жасандысеріктің массасы (“ЭРС” сериялы) — бар жоғы 0,7 кг; кеңестік “Протон — 4” жасандысерігінің массасы 17 т. [1]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Спутник как предостережение», «Los Angeles Times», 30 қыркүйек 2007
- Спутник: от вредной идеи к национальному символу
- Спутник вместо бомбы. Документальный фильм телестудии Роскосмоса Мұрағатталған 26 ақпанның 2009 жылы.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы,3 том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |