Зиккурат

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.

Зиккураттекше тәрізді тағанға тұрғызылып, биіктеген сайын сүйірлене түсетін параллелепипед немесе қиық пирамида түрінде қаланған баспалдақты алып мұнаралардың ғылымдағы атауы. Ертедегі Шумер (Қазіргі Ирак) адамдары пирамида пішіндес көптеген құрылыстар салып, оларды зиккураттар деп атаған. Мұндай үлгі ғибадаттық құрылыстарда қолданылған. Зиккурат, көбінесе, үш қабатты болады, жоғарғы қабаттың үстіне құдайға арналған (Күн, Ай құдайына, т.б.) әдемі де шағын сарай орнатылатын болған. Зиккураттың қабырғалары әр түсті – қара, қызыл, ақ болып келіп, үстіндегі сарай, көбінесе, алтынмен апталатын. Кейінірек басқа да бояулар қолданылған. Ең көне Зиккурат б.з.б. 5 – 4-мыңжылдықтарда Қосөзен аймағында (Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығында) пайда болған. Алғаш ежелгі шумерлер елінде, содан кейін басқа да елдерге таралып (Аккад, Ассирия, Вавилон), сол кездердегі сәнді құрылыс үлгісіне айналған.

Біздің заманымызға келіп жатқан Зиккурат Ор (Ур) қаласында (б.з.б. 3-мыңжылдық), Элламда (б.з.б. 2-мыңжылдық) және Вавилонда жартылай сақталған. Көне дәуірлерде Зиккураттарға ұқсас құрылыстар Мысырда (Жасер пирамидасы, т.б.), Америка үндістерінде (Мексика, ацтектердің Теотихуакан пирамидасы) салынған.

Зиккураттардың ең жетілген түрі - Урдағы зиккурат. Бұл шіркеу б.з.б. 2100 жыл шамасында саз балшық тастардан салынған және жақын арада қайта жөндеуден өткізілді.

Зиккураттарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар өте мол қазыналар тапқан.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8 2. Әлемнің ұлы кереметтері, Алматыкітап 2005 жыл.