Мазмұнға өту

Зымырықтар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Коловратка бетінен бағытталды)
Rotifera
Қазбалық ауқымы: Eocene–Recent
Rotaria
Ғылыми топтастыруы

Коловратка(Rotatorіa) – жұмыр құрттар типінің бір класы. Жер шарында кең тараған. Көбінесе тұщы суларда тіршілік етеді. 1500-дей түрлері белгілі. Қазақстандағы барлық тұщы суларда кездесетін 220-дай түрі белгілі. Коловратка өте ұсақ (0,04 – 2 мм) көп клеткалы жануарлар. Олардың денесінің бас жағында орналасқан, күрделі кірпікшелер жинағынан құралған, ерекше айналмалы аппараты болады. Егер Коловратка суда қалқып жүрсе, айналмалы аппараты бұранда сияқты бұралып жүзу мүшелерінің міндетін атқарады, ал қозғалмай бір орында тұрса, жәндіктің суда қозғалуын және суда толқын туғызып ұсақ жәндіктерді аузына әкелуіне қызмет етеді. Дене пішіні, көбінесе, созылыңқы, көлденең қимасы не дөңгелек, не жалпақ пішінді. Әдетте, Коловратканың денесі үш бөлікке бөлінеді: кірпікшелі бас, кеуде (онда барлық ішкі органдары орналасқан) және аяқ (дененің бұлшық етті өсіндісі). Аяғы болмауы да мүмкін. Коловратканың аяғы буынды қабықшамен қапталған жылжымалы екі бармақтан тұрады. Бармақтарында жабысқақ заттар шығаратын бездері болады. Соның көмегімен Коловраткалар уақытша, кейде тұрақты бекініп тұрады. Коловраткаларда нағыз кутикула және тері-бұлшық ет қапшығы болмайды. Тері жамылғысы – қалың эпителий, оның үстін сауыт жауып тұрады. Тері-бұлшық еттері тұтас қабат жасамай, денеде топтасып орналасады да оның қозғалуын қамтамасыз етеді. Ішкі мүшелері алғашқы қуыстың (схизоцель) ішінде орналасқан. Ас қорыту жүйесі айналмалы аппаратының ортасында кірпікшелер арасында орналасқан ауыз тесігінен басталып жұтқыншаққа және кеңейген бұлшық етті жұтқыншақтың шайнағыш мастакс (mastax) деп аталатын бөліміне жалғасады. Мастакстың ішкі бетін хитин жапқан және осыдан қатты хитинді пластинкалар – балғашық пен төс түзіледі. Жұтқыншақтан тар өңеш, одан соң көлемдірек келген қарын орналасады. Оған жұп ас қорыту бездерінің өзектері ашылады. Қарынның ішіндегі қорытылмаған заттар денеге тарап, қалдықтары артқы ішекке өтеді. Оның артқы ұшы кеңейіп клоакаға айналады. Кейбір түрлерінде артқы ішегі мен аналь тесігі болмайды (Asplanchna, Ascomorpha), қорытылмаған қалдықтар ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Зәр шығару жүйесі протонефридияльды. Ұштарында кірпікшелер шоғыры бар, дененің бүйірі арқылы өтетін екі негізгі каналдардың артқы ұшы қуыққа айналып, ол клоакаға ашылады. Тыныс алу және қан айналу жүйесі болмайды. Жүйке жүйесі жұтқыншақ үсті ганглийдан және одан жан-жағына тараған жүйке талшықтарынан тұрады. Соның ішінде екі бүйір жүйке талшығы ғана дененің аяқ бөліміне дейін жетеді. Сезім мүшелеріне қарапайым көздері және қармалауыштары жатады. Көздерінде қызыл не қара пигмент дақтар болады. Коловраткадың көбісінде бас бөлімінің екі жағында бір-бірден көзі болады. Коловраткалар – дара жыныстылар, сондай-ақ жынысты диформизм байқалады. Аналықтары ірі, аталықтары өте ұсақ болады. Даму циклінде ұрпақтық алмасу немесе гетерогония байқалады, яғни партеногенезді және қос жынысты ұрпақтары алмасып отырады. Қыстап шыққан жұмыртқадан көктемде партеногенезді аналықтары шығып амиктикалық (хромосомы диплоидты) жұмыртқа салады. Бұл жұмыртқалар тек партеногенезді әдіспен ғана өсіп жетіледі және одан тек аналықтары дамиды. Күзге қарай жыныстық жолмен көбею кезеңі басталады, яғни амиктикалық жұмыртқадан шыққан аналығы бұрынғыдан 2 – 3 есе кіші миктикалық (хромосомдары гаплоидты) жұмыртқалар салады. Олардан өте майда аталықтары дамиды да аналықтарымен шағылысқаннан кейін өліп қалады. Ұрықтанған аналықтары енді тыныштық күйдегі жұмыртқаларды салып, өздері де тіршілігін жояды. Бұл жұмыртқалар ірі, қабықтары қатты болады, қыстап шыққаннан кейін партеногенезді аналықтардың бірінші ұрпағын береді. Осылайша даму циклі қайтадан басталады. Дамуы – метаморфозсыз, яғни мүшелер құрамындағы клеткалар саны тұрақты. Коловратка балдырлармен, бактериялармен және детритдетритпен (өлексемен) қоректенеді, арасында жыртқыштары да бар. Коловраткалар планктонды тіршілік етуіне байланысты суды тазартып отырады және басқа организмдерге, әсіресе, балықтарға қорек ретінде маңызы зор.

[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы