Мазмұнға өту

Майордом

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Майордом (лат. major domus "үйдің үлкені", "басшысы") — Франк мемлекетіндегі лауазым.

511 жылы Хлодвиг өлгеннен кейін оның мұрагерлері жер мен билік үшін қиян-кескі күрес жүргізді. Ел біресе бөлшектеліп, біресе қайта бірігіп, тұрақсыз жағдай орнады. Меровингтер әулетінен шыққан корольдердің билігі әлсіреп, майордомдардың ықпалы күшейе түсті. Король майордомдарды сарай шаруашылығын басқаруға тағайындайтын. Біртіндеп майордом қызметі әкеден балаға мұра ретінде қала беретін мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымды қызметке айналды.

Майордом Карл Мартелл 715-741 жылдары корольмен санаспай-ақ өз билігін жүргізді. Оның билігі кезінде араб әскерлері Испаниядан өтіп, Галлияға шабуыл жасады. Бірақ оларды франктер 732 жылы Пуатье түбінде талқандады. Арабтар тарапынан төнген қауіп Карл Мартеллді күшті атты әскер құруға итермеледі. Атты әскер қатарына қабылданғандар майордомнан тұрғылықты шаруаларымен қоса жер үлестерін алды. Ол жерден түсетін табысқа иесі өзіне ат пен қару-жарақ сатып алуға міндетті еді.

Алғашында жер жауынгердің меншігіне мәңгіге емес, тек әскерде қызмет атқарып жүрген кезінде ғана берілетін. Кейін ол жер үлестері әкеден балаға мұра ретінде қалып отырды. сөйтіп оның балалары да әскери қызметті жалғастыруға міндеттенді. Атты әскерлеріне жер үлестіру үшін Карл шіркеу иеліктерінің біраз бөлігін тартып алды.

Карл Мартеллдің сыйлыққа жер үйлестіріп беруі Еуропада жаңа қоғамдық құрылыс - феодализмнің қалыптасуының бастауы болды.