Мәйіт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Мәйіт, мүрде - қаза болған адамның денесі. Мәйіттің жуылуынан көмілуіне дейін жасалатын іс-әрекетті - «тәжһиз» (әзірлеу) дейді. Исламда өлген адамның ең қысқа мерзімде жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылып көмілуі керек. Бұл - мұстахап.

Мәйіттің жуылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мәйітті жоғары бір жерге шалқалап жатқызып, әурет жері жабылады. Ер кісіні - ерлер, әйел затын - әйелдер жуады. Мәйітті жуған бір кісіге тағы бір кісі су құйып көмектеседі. Мәйіттің басы мен денесінің басым көпшілігі бар болса жуылады. Егер де басы болмай тек қана жартысы болса немесе кеудесінің басым көпшілігі жоқ болса, жуылмайды. Кебінделмейді, намаз да оқылмайды. Мәйітті жуу - оған ғұсыл мен дәрет алдыру. Ғұсыл алуды білетін адам өлікті жуа алады. Жуатын адам қолына бір мата орап, мәйіттің әурет жерін жуып, тазалайды. Осыдан кейін Мәйітке дәрет алдырады. Дәрет алдырған уақытта аузына, мұрнына су құймайды. Тек қана саусақтарымен мәсіх етіп сүртеді. Бетін және қолдарын жуып, басын мәсіх етеді. Аяқтарын жуады. Осыдан кейін мәйіттің үстіне су құйып, басы мен денесін сабындалған сумен тазалап жуады. Оң мен солына кезек-кезек ауыстырып жуады. Әр мүшені жуған кезде үштен аз жумау - сүннет. Осыдан кейін мәйітті отырғандай етіп, өзіне тартып, қарнын басады. Астынан бір нәрсе шықса, тек сол жерді ғана жуып тазалайды. Қайта дәрет алдырудың қажеті жоқ Бәрі біткен кезде мәйітті сүлгімен сүртіп, кебіндейді. Одан кейін басына, жүзіне, сақалына әтір жағалы. Мәйіттің шаш пен тырнақтары алынбайды. Мәйітті жабық жерде жуу керек. Әйел ерін жуа алады. Бірақ әйелді жуатын әйел кісі болмай қалған жағдайда ері өлген әйеліне тек қана тәйәммүм алдыра алады. Қатты ісіп кетіп жарылғалы тұрған немесе жуылуы мүмкін емес мәйіттің үстіне су төгілсе, жеткілікті. Жуатын кезде жууға ниет етіп, «Бисмиллаһ» деп бастайды. Жуған уақытта «ғуфранака на Рахман», «Аллаһым кешір» деген дұғаны қайталап отырады. Егер су табылмаса тәйәммүм жасалады. Бөтен еркектер арасында өлген әйел мен бөтен әйелдер арасында өлген еркектерге тәйәммүм жасалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Әйел өзінен басқа әйел болмай еркектер арасында өлсе, еркек те өзінен басқа еркек болмай әйелдер арасында өлсе, екеуі де тәйәммүм жасалып көміледі. Екеуінің жағдайы да су табылмаған болып саналады».

Шейіт жайында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Соғыс кезінде кәпірлердің қолынан өлген шейіттер жуылмайды. Тек қана кебіндікке лайық көйлекпен кебінделеді. Олар қандарымен қоса көміледі. Яғни, қандары жуылмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Шейіттер жуылмайды. Өйткені әрбір жарасы мен әрбір қаны қиямет күні айналаға миск секілді жайылады» (Ханбал, Ш, 299). Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Ухуд шейіттерін қандарымен қоса жерледі. Оларды жумады әрі намаздарын да оқымады. Ханафилар бойынша, жаназа намазы оқылады. Шейіттерге жаназа намазы оқылмауының хикметі - жаназа намазы өлілерге оқылады. Шейіттер болса тірі. Құранда оларға: «Аллаһ жолында өлтірілгендерді (шейіттерді) өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар» («Бақара», 154-аят), - деп айтылады.

Мәйітті қабірге апару

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мәйіт жуылғаннан кейін кебін суланбау үшін құрғатылады. Мәйітті қабірге дейін апару - сол мұсылманға ең соңғы жасалған қызмет. Сүннет бойынша, өлікті табыттың төрт жағынан төрт адам ұстап апарады. Он адам ұстау - мұстахап. Бейітке барар жолда орынсыз сөйлемеуі керек. Дауыстап зікір мен Құран да оқылмайды. Өлім мен ақыретті ойлайды. Мәйітті қабірге қойған кезде жүзін құбылаға қаратып, оң жағымен жатқызады. Кебіннің бас пен аяқ жағындағы түйіні шешіледі. Мәйіт қабірге қойылып, үсті топырақтан жабылғаннан кейін сол жердегі кісілер қабірдің үстінен үш уыс топырақ алып біріншісінде, «сендерді осыдан жараттық», екіншісінде, «сендерді қайтадан топыраққа қайтарамыз», үшіншісінде, «сендерді тағы да қайтадан топырақтан шығарамыз (тірілтеміз)» аяттарын оқып салу - мұстахап. Мәйіт көмілместен бұрын немесе кейін жылауға болады. Бірақ даусын көтеріп, Аллаһқа қарсы келетін жаман сөздер айтпау керек. Өйткені Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ұлы Ибраһим үшін жылаған. Себебін сұраған кезінде ол: «Бұл - Аллаһтың рақымы. Оны құлдарының жүрегіне қойған. Аллаһ рақымды құлдарына ғана рақым жасайды»(Бухари, Жанаиз, 44), деген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1