Халықаралық қылмыстық соттың Израиль тұлғаларын қамауға алу ордерлері
2024 жылдың 20 мамырында Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) бас прокуроры Карим Хан Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға, Израиль қорғаныс министрі Йоав Галантқа және палестиналық исламшыл ХАМАС қарулы ұйымының үш жетекшісіне: Яһия Синварға, Мұхаммед Дейфке және Ысмайыл Ханияға қамауға алу ордерін шығаруды сұрады.
2024 жылдың 21 қарашасында ХҚС Израильдің қазіргі премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға және 2024 жылдың 5 қарашасында қызметінен босатылған бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа қамауға алу ордерін шығарды[1]. Ордер ХАМАС-тың әскери қанатының бас қолбасшысы Мұхаммед Дейфке де шығарылды. Алайда, Израиль армиясының хабарлауынша, Дейф 2024 жылдың шілде айында Израильдің әуе соққысы кезінде қаза тапқан[2].
Айыптаулардың мәні
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) бас прокуроры Карим Хан ХАМАС жетекшілерін әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар үшін жауапты деп айыптады. Оларға 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС жасақтарының Израильге басып кіруі кезінде жасалған адам өлтіру, тұтқынға алу, жыныстық зорлық-зомбылық актілері және азаптау оқиғалары жүктелген[3]. Карим Хан бұл қылмыстардың ХАМАС пен палестиналық басқа да қарулы топтардың Израильдің бейбіт тұрғындарына бағытталған кең көлемді және жүйелі шабуылдарының бөлігі болғанын атап өтті[4].
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Йоав Галант та әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасағаны үшін айыпталды. Бұл қылмыстар, бас прокурордың айтуынша, 2023 жылдың қазан айында ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасағаннан кейін басталған соғыс кезінде Израиль күштерінің палестиналық аумақтарда жасаған әрекеттеріне байланысты болған[5]. Бас прокурор Израиль басшылығын аштықты соғыс құралы ретінде пайдалану және бейбіт тұрғындарға әдейі шабуыл жасау сияқты әскери қылмыстарға қатысы бар деп айыптады[6].
Халықаралық реакция
[өңдеу | қайнарын өңдеу]ХАМАС пен Израиль жетекшілеріне қарсы ордер сұратуға байланысты Ханның әрекеті әлемде үлкен резонанс тудырды. Батыс елдерінің көптеген басшылары Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) бас прокурорының іс-әрекетін айыптады. Израиль басшылығына ордер беру туралы ұсынысты АҚШ, Ұлыбритания, Чехия, Италия және Германия қатаң сынға алды[7][8]. Алайда, Франция, Бельгия және Ирландия сияқты кейбір елдер ХҚС прокурорын қолдайтын ұстаным білдірді[9][10].
Израиль билігі ХҚС айыптарын өткір сынға алды[11]. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху ХҚС прокурорын демократиялық мемлекеттердің террористік ұйымдар мен басқыншылардан қорғану құқығын жоққа шығарып, антисемитизмге жол берді деп айыптады. Ол бұл жағдай Израильдің ХАМАС-ты жою мақсатына әсер етпейтінін мәлімдеді. Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті "мәңгі есте қаларлық тарихи масқара" деп атады[12].
ХАМАС та ХҚС прокурорының бастамасын айыптап, "Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры палестиналық қарсыласу көшбасшыларын жәбірленушілермен қылмыскерлерге теңестірмек болғанын қатаң түрде айыптаймыз" деп мәлімдеді.
CNN мәліметінше, бұл ХҚС-тың АҚШ-тың жақын одақтасы саналатын мемлекеттің басшысын алғаш рет қудалау процесін бастауы болып отыр[13].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Международный уголовный суд выдал ордер на арест премьера Израиля Биньямина Нетаниягу и бывшего министра обороны Йоава Галанта (орыс.). Meduza (21 ноября 2024).
- ↑ МУС выдал ордер на арест главы военного крыла ХАМАС Мухаммеда ад-Дейфа (орыс.).
- ↑ Прокурор МУС запросил ордер на арест Нетаньяху и глав ХАМАС – DW – 20.05.2024 (орыс.).
- ↑ Прокурор МУС запросил ордер на арест Нетаньяху и глав ХАМАС – DW – 20.05.2024 (орыс.).
- ↑ Прокурор МУС запросил ордер на арест Нетаньяху и глав ХАМАС – DW – 20.05.2024 (орыс.).
- ↑ Прокурор МУС запросил ордер на арест Нетаньяху и глав ХАМАС – DW – 20.05.2024 (орыс.).
- ↑ ФРГ и США призвали не уравнивать Нетаньяху с лидерами ХАМАС (орыс.).
- ↑ UK’s Sunak slams ICC arrest warrant for Netanyahu (ағыл.) (21 May 2024).
- ↑ Запрос в МУС об ордере на арест Нетаньяху: реакция в мире (орыс.) (21 мая 2024).
- ↑ No 10 indicates Benjamin Netanyahu faces arrest if he enters UK (en-GB).
- ↑ Израиль критикует запрос в МУС ордера на арест Нетаньяху – DW – 20.05.2024 (орыс.).
- ↑ Прокурор Международного уголовного суда запросил ордер на арест Нетаньяху и лидеров ХАМАС (орыс.) (20 мая 2024).
- ↑ https://www.trtrussian.com/novosti/mus-zaprosil-order-na-arest-netanyahu-18164404 МУС запросил ордер на арест Нетаньяху (ru-RU).