Мазмұнға өту

Қазақстан металлургиясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Нұрқазған карьері (Қарағанды тау-кен өнеркәсібі)

Қазақстан металлургиясы[1] - елдің халық шаруашылығының ірге тасы болып табылады. Іс жүзінде түсті металдар тұтынылмайтын бірде-бір халық шаруашылық саласы жоқ. Қазіргі кезде қара металлургия өнімдері халық шаруашылығының барлық салаларының қажеттеріне пайдаланылады. Минералдық шикізаттың ірі базасы бар Қазақстан қара металлургияның аса маңызды өнімдерін шығарады. Қазақстан кәсіпорындары түсті, сирек кездесетін асыл металдардың 40-тан астам түрін өндіреді, осылардың негізінде және химия өнімдерінен бұйымдар жасайды. Қазақстанда өндірілетін түсті металдар дүние жүзінің көрмелеріне қойылған, қара металлургияның, ферросплавтың және хромит рудасының біраз мөлшері экспортқа шығарылады.

Тарихы мен қалыптасуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алғашқы бесжылдық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлы Отан соғысына дейінгі алғашқы бесжылдықтар Қазақстан үшін социализмнің ірге тасын қалау және социалистік қоғам орнату кезеңі болды. 30 жылдардың ортасында түсті металл қорлары жағынан Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында 1-орын, көмір өндіруден 3-орын алды, металлургия бойынша екінші орынға шықты (Шымкент қорғасын зауыты КСРО-дағы қорытылған қорғасынның 73,9%-ін, ал Балқаш зауыты КСРО-да балқытылған мыстың 51%-ін, Қарағанды бассейні көмірдің 90%-ін берді. Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі 3-орында тұрды.

Бірінші бесжылдық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бірінші бесжылдықта (1929-1932) республиканың ауыр индустриясына бөлінген барлық күрделі қаржының 43%-ы түсті металлургияны өркендетуге берілді. Жалпы өнім 1929 жылы 26,2 млн сомаға дейін немесе 4,2 есе өсті. Бұл уақыттың ішінде мыс рудасының өнімі 1928 жылы 7,3 мың т-дан 1932 жылы 147,5 мың т-ға дейін артты.

Екінші бесжылдық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Екінші бесжылдықта (1933-1937) түсті металлургия жедел қарқынмен өркендей түсті. Түсті металдардың кейбір түрлерінің жалпы өнімінің көлемі жағынан Қазақстан КСРО-да 1-орынға кетерілді. Республиканың үлесіне қорғасынның 70%-ға жуығы, түсті металлургияның жалпы одақтық күрделі қаржының 31%-ы тиді. Бесжылдықтың аяғында республикада түсті металлургия саласының 20 ірі кәсіпорыны жұмыс істеді, олардың ішінде Шымкент қорғасын зауыты, Ащысай полиметалл және Лениногор (Риддер) комбинаттары бар. Республикада қара металлургияның алғашқы объектісі Донской хромит руда басқармасы болды. Ол 1933 жылы алғашқы хромит рудасын берді. Оңтүстік Кемпірсайдағы бірегей кен орнында орналасқан бұл рудниктің халық шаруашылығы үшін үлкен маңызы болды. 1940 жылы Ақтөбе ферросплав зауыты салынып, 1943 жылы пайдалануға берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) Қазақстан индустриясы, әсіресе металлургия баға жетпес үлкен рөл атқарды. Бұл кезеңде республика майдан арсеналдарының біріне айналады.
Соғыс жылдары республиканың территориясында жаңа кәсіпорындарының (25 рудник, шахта және карьералар, 11 байыту фабрикасы) құрылысын салу кеңінен өріс алды. КСРО-ның Еуропалық бөлігінен көшіп келген әр түрлі 150 кәсіпорындарының пайдалануға берілуіне байланысты республиканың қуаты артты. Шығыс Қоңырат, Мырғалымсай, Березовск рудниктері алғашқы өнімдерін берді, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының 1-кезегі пайдалануға берілді, Белоусовск мен Березовск байыту комбинаттары іске қосылды. Ақшатау вольфрам комбинаты жұмыс істей бстады (1943), Шымкент қорғасын зауыты едәуір ұлғайтылды. 1943 жылы Ақтөбе ферросплав зауыты алғашқы феррохром берді. Жезді марганец руднигі 38 күн ішінде пайдалануға берілді, бұл рудник Орал металлургиясына басты маргенец жеткізуші болды. Теміртаудағы Қазақ металлургия зауыты жедел қарқынмен салынды. Зауыт 1944 жылы 31 желтоқсанда болат, ал 1945 жылы прокат бере бастады.

Соғыстан кейінгі жылдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Соғыстан кейінгі жылдар (1946-1955) Қазақстанның алдына КСРО-ның соғыста қираған аудандарын қайта қалпына келтіру, халық шаруашылығын соғысқа дейінгі дәрежесіне жеткізу және мұнан кейін ол дәрежеден едәуір мөлшерде асыру міндеті қойылды. Республиканың жалпы өнімі 1945 жылға қарағанда, 1955 жылы 3,6 есе, қызыл мыс қорыту 3,1 есе, тазартылған қорғасын 5,9 есе өсті. Қара металлургияда болат қорыту 4.6 мың т-дан 234,5 мың т-ға дейін, немесе 51 есе, хромит рудасының өнімі 2,2 есе, марганец рудасы бірнеше есе артты.

1956-1965 жылдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1956-1965 жылдар арасындағы кезең Қазақстан үшін экономиканың жедел өркендеуінің жаңа бір сатысы болды. Бұл тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуымен сәйкес келді. Қазақстан өнеркәсібі, оның ішінде металлургиясы үшін 1965-1975 жылдар онан әрі өрлей өркендеу кезеңі болды.
Республика өнеркәсібінің өркендеуі ғылым табыстарына негізделген металлургия саласының техникалық дәрежесі артуына тығыз байланысты. 1965 жылы Мырғалымсай руднигінің кеншілері горизонтал проходкасы бойынша шың тасты 10 м² кеңдікте тік жарып, 1237,6 м жерді 31 күн ішінде өтіп шығып, дүние жүзілік рекорд жасады., бұл еңбек өнімділігін 4 есе арттыруға, өзіндік құнды 40% кемітуге мүмкіндік берді. Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында мырыш концентратын "қайнаған қабатта" күйдіру әдісі игерілді, жабдықтардың жұмыс өнімділігі 3-4 есе артты.

Тоғызыншы бесжылдық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тоғызыншы бесжылдықта республиканың түсті металлургия саласына жаңа техниканы енгізу жөнінде 500-ден астам аса маңызды шаралар жүзеге асырылды, бұл өндіріске жұмсалатын шығынды 75 млн сомаға дейін кемітуге және еңбек өнімділігін 7,5%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Тау-кен жұмыстарында руданы ашық әдіспен өндірудің үлесі 1976 жылы 45% болды. Тау-кен жұмысын шығару дәрежесі жылына 90 млн м³-ге жетті. Еңбек өнімділігі 1970 жылға қарағанда Солтүстік Жезқазған карьерінде 30,5%, Қоңыратта 30% және Қарағайлыда 54%-ға артты. Жетекші карьералар жаңа СБШ-250 және 250 НМ типті шарашты бұрғылау станоктарымен, ЭКГ-4,6 және 8 экскаваторларымен, ЭШ-15/90 адымдағыш драглайнмен, 27 және 40 т-лық самосвалдармен, 100-150 т-лық электровоздармен т.б. тау-кен техникасымен жабдықталды. Жаңа техника және оны шебер пайдалану түсті металлургия бойынша кен өндіруді 1,3 есе артық орындауға мүмкіндік берді.
Жер асты тау-кен жұмыстарында өндірілген барлық өнімнің 75%-ы жоғары өнім беретін жүйені қолдану арқылы алынды. Жер асты жұмыстарында техникалық прогрестің негізгі бағыты өзі жүріп тұратын жоғары өнімді жабдықтарды қолдану арқылы өндіру жүйесін енгізу болып табылмақ, мұның үлес салмағы 1976 жылы 45.6%, ал Ащысай комбинаты мен Жезқазған комбинатында 70% болды. Түсті металлургияда автоматтық басқару жүйесінің алуан түрлері кеңінен енгізілді. 10-нан астам ауыр өнеркәсіпті басқарудың автоматты жүйесі және 4 информациялық БК (Кодалар банкісі) қатарға қосылды, 50-ден астам автоматтандырылған учаскелер жұмыс істеді.

Оныншы бесжылдық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тоғызыншы бесжылдыққа қарағанда, оныншы бесжылдықта металлургия саласының өнеркәсіп өнімі 17.9%, оның ішінде тазартылған мыс өнімі 20,3%, қорғасын 12,9%, мырыш 9,4% және глинозем 9,4% артады. Еңбек өнімділігі 10%-дан астам, ал пайда 32% өседі. Оныншы бесжылдықтың алғашқы 2 жылдығында республиканың қара металлургиясында өнеркәсіптік өнімі 10,7% сіп, 1,18 млрд сомаға жуық болды. Шойын құю осы уақыт ішінде 4,54 млн т болды, немесе 25,5%, болат 5.4 млн т немесе 18%, прокат 4,2 млн т немесе 9,5% және темір рудасы 23,3 млн т немесе 9,3% өсті. Металлургия саласы өндірісінің өсуі негізінен алғанда құрылысты жүргізу, жаңа нысандарды пайдалану сондай-ақ жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды кеңейтіп, қайта құру есебінен жүзеге асырлды. Қарағанды комбинатында көптеген өндірістің күш-қуаты жаңадан арттырылды; 2-аглофабрикада жылына 2,2 млн.т агломерат беретін 3-агломашина, 1 млн.т кокс беретін 7 кокс батареясы, әк күйдіретін КС-100 пеші, 80 мың т лонжерон жолағын өндіретін агрегат және әр түрлі көмекші нысандар іске қосылды. Ермак ферросплав зауытында жалпы өнімділігі 200 мың т-лық ферросплав қорытатын пеш пайдалануға берілді. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының фабрикасында жылына 910 мың т концентрат беретін 15-секция салынды. Донской кен-байыту комбинатында 500 мың т хромит рудасын өндіретін қосымша қуаттар қатарға қосылды.
Жаңа күрделі құрылыстар, өндірістік нысандары кеңейтіп қайта құру металлургия саласындағы негізгі өнеркәсіптік өндірістік қорлардың жылдық орташа құнын 18,1% арттыруға және оны 2,6 млрд сомға жеткізуге мүмкіндік берді. Мұның өзі 1970 жылғыдан 2,4 есе артық.
1970 жылдан бастап республиканың темір рудасы өнеркәсібі едәуір өсті. Бұл уақыттың ішінде темір рудасының өнімі 1,4 есе, оның ішінде оныншы бесжылдықтың алғашқы екі жылында 11% өсті, тиісінше концентрат өнімі 1,5 есе және 15,4%, агломерат 2,46 және 1,8 есе артты. КСРО-да өнідірілетін концетраттың 1/10-і, жентектің 1/4-і Қазақстанда өндірлді.
1976-1980 жылдары республикада тұңғыш рет комбинатта қыздырмай мырышталған табақ темір, қалайыланған және хромдалған қаңылтыр өндірісі игерілді.[2]

Дербес экономиканың өрлеу жылдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданы, Усть-Таловка селосының жанындағы Артемьев кеніші (жылына 1,5 млн.т мыс, мырыш және қорғасын кенін өндіреді).

Қазақстанда тәуілсіздік алғаннан кейін экономиканы реформалаудың бірнеше тәсілі қолданылды.
1991-1992 жылдар Қазақстанда социалистік экономикадан кейінгі экономикалық жағдайдың шиеленесіп, құлдыраумен сипатталады. Бұл 70 жылдардың аяғында КСРО экономикасы нақты секторының жаппай үдере қожырауы салдарынан туған еді, оның үстіне өзгеріске ұшыраған сыртқы және ішкі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағытта жүргізілген экономикалық саясат өрістеп кете алмады.
1991 жылмен салыстырғанда 1992 жылы экономиканың барлық саласы бойынша өндіріс көлемі күрт азайды.
1993-1994 жылдар экономикалық дағдарыстың түйінді кезеңіне айналды. Өнеркәсіп шегіне жетіп құлдырады, өндірілген ұлттық табыс 1991-1993 жылдары 1976 жылғы деңгейге дейін төмендеп, жалпы құлдырау 38,2% болды.
1995-1997 жылдары макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама барысында қолданылған шаралардың нәтижесінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1994 жылмен салыстырғанда 1997 жылы 14,1 млрд теңге деңгейіне дейін көбейді.
1998-1999 жылдарда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Жалпы ішкі өнімнің нақты көлемі 2,7%-ға артты.
2000 жылдан бастап Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түсті. 2002 жылғы мәлімет бойынша өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінде түсті металлургияның үлесі 11%, әлем бойынша мыс өндірудегі үлесі 2,3%. Қазақстан мысының негізгі импортшылары: Италия (50%) мен Германия (35%). Экспорт құрылымында мыс пен мыс қортпалары 7%. Тазартылған мыстың 90%ын Қазақмыс корпорациясы өндіреді, ол Қазақстанның түрлі аймақтарында бірнеше зауыттарды, кеніштерді және энергия нысандарын біріктіріп отыр.
Қазақстан темір кентасының қоры жөнінен әлемде 8-орында. Оның әлемдік қордағы үлесі 6%. Елде өндірілетін темір кентасының 70%-дан астамы экспортқа шығарылады. Қазақстанның қара металлургиясы өнеркәсіп өнімі көлемінің 7%-ға жуығын өндіреді. Мұндағы аса ірі кәсіпорын Қарағандыдағы Испат Кармет металлургия комбинаты, ол шойын мен дайын қара металдар қақтамасының 100%-ын және болаттың 90%-дан астамын өндіреді. Бұл комбинат өнімі ТМД елдері мен алыс шет елдерге экспортқа шығарылады.
Жәйрем кен-байыту комбинаты АҚ тотыққан марганец және темір-марганец кентастарынан жоғары сапалы марганец концентраттарын өндіреді.
1994 жылдан кен-металлургия кешені кәсіпорындарының көбі шетелдік және отандық компаниялардың басқаруына берілді.
1996-1997 жылдары кен байыту және металлургия кәсіпорындарын бірыңғай технологиялық тізбекпен байланыстырған ірі бірлестіктер құрылды, олар: "Қазмырыш", "Қазақмыс" копорациясы, "Қазақстан алюминийі", "Испат Кармет" ААҚ-дары, "Қазхром" Ұлттық акционерлік компаниясы.
Лондондағы Уран институтының есебі бойынша, әлемде барланған уран қорының 25%-ы Қазақстанда.


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақстан". Ұлттық энциклопедия. /Бас ред. Б.Аяған. - Алматы: Қазақстан энциклопедисының бас редакциясы, 2003 - 720 бет. ISBN 5-89800-149-2
  2. Қазақ совет энциклопедиясы. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы. Энциклопедиялық анықтама. Алматы. 1980. 752 бет.