Ішек таяқшасы
Ішек таяқшасы (Escherіchіa colі) – ішек тұқымдасына жататын таяқша пішінді бактерия. І. т-н 1885 ж. неміс педиатры Т.Эшерих адам организмінің қалыпты микрофлорасын зерттеу барысында адамның нәжісінен тапқан. Бұлар талшықтары бар, спора түзбейтін, екі шеті жұмыр, грам әдісімен бояғанда теріс боялатын (қызыл түске) бактерияларды бір туысқа біріктіріп, оны алғашқы ашқан ғалымның құрметіне Эшерихиа (Escherіcha) деп атады. І. т-лары хим. және физ. факторлардың әсеріне төзімді келеді. 55С-та қайнатқанда 1 сағ-тан кейін өледі, медицинада қолданылатын дезинфек. ерітінділерде тез жойылады. І. т-лары адамдардың, сүтқоректілердің тоқ ішегінде тұрақты тіршілік етіп, сыртқы ортаға нәжіс арқылы шығады. Ал құстардың, бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, жәндіктердің ішек жолында тұрақты кездеседі. Қазіргі кезде кейбір қасиеттерінің (дақылдық, биохим., антигендік) айырмашылығына қарай І. т-ның 200-ден астам нұсқалары ажыратылады. Олардың көпшілігі организмге зиян келтірмейді, қайта пайдалы рөл атқарады: а) әртүрлі тағамдық заттектерді ыдыратып, ас қорыту процесіне қатысады; ә) адам организмін витаминдермен (В1, В6, В12, С) қамтамасыз етеді; б) ауру қоздыратын (патогенді) микробтарғақарсы антагонистік рөл атқарады; г) иммундық жүйенің дұрыс қызмет атқаруына жағдай жасайды. Сонымен қатар І. т. арнайы (специфик.) жұқпалы ауру қоздырады, оны колиэнтерит деп атайды. Бұл аурумен көбінесе үш жасқа дейінгі сәбилер ауырады. Оларға қоздырғыш науқас балалардан, лас судан, тұрмыстық заттардан, ойыншықтардан, т.б. жұғады. Дерттің жасырын кезеңі 2 – 3 күнге созылады. Содан кейін аурудың белгілері көріне бастайды: сәби тамақ ішпейді, лоқсып, құсады, іші өтеді, дене қызуы көтеріледі. І. т. шартты-патогенді бактериялар ретінде іріңді-қабыну процестерін (сепсис, флегмона, бронхит, менингит, отит, цистит, т.б.) қоздыруға себепші болады. Эшерихиа туысына жататын бактериялар қоздыратын ауруларды жалпы эшерихиоздар (колиинфекциялар) деп атайды. І. т. тудырған аурулардың клиник. белгілері бойынша дәл диагноз қою өте қиын. Сондықтан арнайы лабораторияларда бактериол., серол. тәсілдерді қолданып аурудың диагнозын анықтайды. Емі: антибиотиктер (тетрациклин, левомицетин, т.б.), эубиотиктер (колибактерин, лаптобактерин, бифидумбактерин, бификол, т.б.), әртүрлі витаминдер және организмде су-тұз балансын қалпына келтіру үшін күрделі құрамды ерітінділер енгізіледі. Алдын алу үшін арнайы егу қолданылмайды. Жеке бастың гигиенасы дұрыс сақталуы және сан.-гигиен. шаралар бұлжытпай орындалуы керек. [1]
Пайдаланылған cілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ Энциклопедиясы, 9 том
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |