Абай (журнал)
«Абай» - алғаш «Жанар» ұйымының, кейін «Уақ қарыз серіктігінің» Семейде 1918 жылдың ақпан - қазан айлары аралығында шығып тұрған ғылыми-әдеби және шаруашылық журналы. Небәрі 12 саны жарық көрген. Редакторы - Ж.Аймауытов. Ол журналдың 1 - санындағы бас мақаласына АИ-дың «Лай суға май бітпес қой өткенге...» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп алған. Ақын дүниеге келген дәуірді «Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды, береке кетіп азды, тозды, сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды»,- деп сипаттады. «Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді» деп әдебиет тарихындағы ақын еңбегін ерекше бағалады. Автор «осы сықылды кемеңгердің атына арнап журналымыздың атын «Абай» қойдық. Мақсат - «журналымыз Абайдай болсыншы» дегендік ғана емес, Абайды құрметтеп, атын тарихқа қалдыру» деп ескертті. Журнал Абайдың ұлағатты сөздерін, ақынға арнау өлеңдерді жариялап отырды. Мадиярдың (М. Дулатов) «Алашқа», Екеудің (Ж. Аймауытов пен М. Әуезов) «Абайдан соңғы ақындар», Жас түріктің (Ж. Аймауытов) «Қайтсек адам боламыз?», Мағжанның (М. Жұмабаевтың) «Күздікүні» сияқты өлең, мақалаларын басты. Отаншылдық, елдік, ерлік турасында мәселе көтерді.[1]
Журнал жайлы фактілер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл журналда Алаш зиялыларының ағарту бағытында түрлі мақалалары жарық көрді. Алғашқы саны 900 данамен шыққан. «Абай» журналының алғашқы сандары шамамен 16-21 беттен тұратын. 2018 жылы «Абай» журналының шыққанына 100 жыл толады. Араға көп уақыт үзіліс салып, «Абай» журналының жалғасы тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан оқырманға жол тартты. 25 жыл бойы тұрақты шығуда.
«Абай» журналында ғалым Ақжан Машанидің ұстазы Мәннен Тұрғынбайұлы тұрақты түрде қызмет жасап, түрлі бағытта қалам қозғады. Оның әдебиет, білім, ғылым, жер, әйел теңдігі, ұлтшылдық мәселесі турасындағы публицистикасы әлі күнге дейін өзекті.
Журналда шығарушы редакторлардан басқа Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Садуақас, Халел Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланды. Бір қызығы «Абай» журналындағы мақалалардың барлығы бүркеншік атпен беріліп отырған. Тіпті әдеби шығармалардың өзіне де автордың шын есімі көрсетілмеген.
«Абай» журналында қазіргі газеттердегідей жарнама да жарияланып тұрған. Журналдың №8 санынан бастап соңғы беттерде «Жас азамат» және «Қазақ» газеттеріне жазылуға үндеу, газеттің редакциясы мен жазылу бағасы жарияланыпты. Алашорда үкіметі құлағаннан соң «Абай» журналы да 1918 жылғы қарашадағы соңғы 11 санынан кейін жабылып қалады. Оның жалғасы ретінде 1992 жылдан бастап жаңа «Абай» шыға бастайды.
«Абай» журналын қазақ журналистикасында өз ізін қалдырған басылымдардың бірі деп атауға болады. Оған қарамастан, басылымның шығу тарихы, негізгі бағыты мен концепциясы жайлы іргелі ғылыми зерттеулер сирек кездеседі. «Абай» туралы біраз деректерді қазақ баспасөзін зерттеушілердің ғылыми мақалаларынан табуға болады. Алайда, «Қазақ», «Айқап», «Түркістан уәләяты газеті» сияқты іргелі басылымдарға терең зерттеу жасалып, кітап ретінде басылып шығарса, «Абай» журналына әлі күнге дейін детальді зерттеу жасалмаған.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |