Адам және биосфера
Адам және биосфера(The Man and the Biosphere Programme (MAB)) - 1978 жылы ЮНЕСКО-ның 16-Бас сессиясының конференциясында қабылданған халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламасы.
Бұл бағдарламаға 100-ден аса мемлекет қолдау көрсетеді.
Негізгі мақсаты – жер шарындағы барлық құрлықтарда адам баласының биосфераға әсерін, ықпалын, табиғаттағы күрделі өзгерістердің адам денсаулығына тигізетін зиянын зерттеу, бақылау және оған дұрыс баға беру.
Сондай-ақ оған адамзаттың табиғатқа тигізетін сан қырлы іс-әрекеттері (жерді пайдалану, инженерлі-техникалық жұмыстар, энергия көздерін пайдалану, т.б.), жер шарының биомдарына (орман, тундра, саванналар, дала, шөл-шөлейттер, т.б.) әсері және қоршаған ортаға ғылыми-техникалық жетістіктердің тигізетін теріс ықпалы туралы сияқты мәселелерді зерттеу де енеді.
Ірі жобалармен қатар 1000-нан астам «аймақтық, жергілікті» мәселелерді шешуді де (қ. Биологиялық алуантүрлілік конвенциясы) қамтиды.
Оның ішінде ауа бассейнінің ластануына байланысты орман, тоғай экожүйелеріндегі өзгерістер, табиғаттағы ауытқулар, табиғи қорлардың (ресурстар) сарқылуы, жер қорларының құнсыздануы (қ. Климаттың ғаламдық өзгеруі туралы шектемелі конвенция), шөлге айналу фактілері және таулы өлкелердегі туризмнің дамуына байланысты туындап отырған мәселелер жан-жақты қарастырылған.[1]
«Адам және биосфера» жобасында жер шарында ұлттық саябақтар мен биосфералық қорықтар ұйымдастыруға көп көңіл бөлінген.
Қазақстанда «Адам және биосфера.» шеңберіндегі шараларды жүзеге асыруға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ғылым министрлігі, ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемелері, жоғары оқу орындары қатысады.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы"
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғатты қорғау. Алматы:"Мектеп" ААҚ , 2001. ISBN 5-7667-8188-1
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Biosphere reserves |