Мазмұнға өту

Байтал (өлшем түрі)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Байтал - қалыңмал беру кезінде негізге алынатын өлшем түрі, байталдың өлшемге алынуы оның өсімтал ұрғашы мал ретінде бағалануымен байланысты[1].


Яғни, қазақтар «басы айырдан көті айыр артық» деп еркек құнанды емес, өсіп-өнетін ұрғашы малды - байталды өлшемге негіз етіп алған. Құдалық сөйлескенде қалыңмал көлемі келісіліп, оны байталмен мөлшерлейді. Жетісу қазақтары арасында дүннеге бала келгенде қойшы ма?», «жылқышы ма?» деп сұрайтын салт бар. Бұл көз тимесін деген ниетпен «ұл ма?», «қыз ба?» деген сұраудың жұмбақтап айтылған түрі, яғни табу сөз. Мұндағы қойшы - ұл, яғни қой бағатын ұл деген мағынада болса, жылқышы - қыз бала. Қыздың қалыңмалына бұрыннан қалыптасқан ғұрып бойынша 47 немесе 37 байтал немесе 27 (әрі қарай 17, 7 болып жалғаса береді) жылқы беріледі. Сонда қыз бала әке-шешесіне жылқы әкелетін жылқышы болып шығады. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, қызға берілетін қалыңмал негізінен 7, 17, 27, 37, 47 байтал бірлігімен өлшенген. Соның ішінде, ең көп таралғаны - 47 байтал төлемі. Ал ауқаттылар арасында қалыңмал саны 67, 77, 100 байталға дейін барады. Саудамен айналысқан немесе қолында малдан басқа дәулеті бар адамдар қалыңның бір бөлігін ақшалай, күмістей, алтындай беруге де уағдаласқан. Бір кездері қара халық қыздары үшін қалыңмал көлемі 40-тан 100 бас малға дейін, төре қызы үшін 200 бас малға дейін барған[2].


Байтал - алым, төлем түрлеріне қолданылатын шартты өлшем бірлігі ретінде мынадай эквивалентте есептеледі: ертеде қазақы ортада атан түйе 5-10 байталға, боталы түйе 10, жақсы ат 5-10 байтал, жүйрік ат 10-15 байтал, жүйрік дүлдүл 25 байталға бағаланған, 100 қой 25 байталға, бір жамбы 15 байталға немесе бір жорғаға, 1 кесек киіз 3-5 байталға теңестіріліп есептелген[3].

Бір байталдың құны бір сиырға тең болған. Бұл шартты түрде белгіленген өлшем болғанымен, келісілген байтал санына осы аталғандар түгел кірмесе де, «барымен базар» принципі бойынша толықтырып өтейді. Кіші жүз қазақтарында байталмен есептелетін қалыңмал өлшемі жиырмамен белгіленіп, бірден алты жиырмаға дейін жеткен.[4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Алтынсарин И. Очерк обычаев при сватовстве и свадбе у киргизов Оренбургского ведомства // ЗООИРГО. Вып.1. Казань, 1870
  2. Баллюзек Л. Ф. Народные обычаи, имевшие, а отчасти и имеющие в Малой Киргизской орде силу закона // ЗООИРГО. Вып.ІІ. Казань, 1871
  3. Ибрагимов И. Этнографические очерки киргизского народа // РТ. Сборник изданный по поводу политехнической выставки. Вып.2. М., 1872
  4. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2