Балалар бөлмесі
Балалар бөлмесі
Балаларға арналған оңаша бөлме
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Балаларға арналған оңаша бөлменің күн көбірек түсетін жақта болғаны абзал. Онда балалар ұйықтайды, сабаққа дайындалады, ойнайды, сурет салады. Ересек балалар дыбыстық жазбаларды тыңдап, фото және радио әуесқойлық өнерімен, модельдер жасаумен шұғылдана алады. Сондықтан бұл бөлмелерді жиһаздағанда балалардың жас шамасын ескеру қажет. Балалардың қолды-аяққа тұрмайтын ойынпаздығы олардың барынша еркін қимылдап ойнауы үшін көп кеңістік бөлуді талап етеді. Балалар бөлмесінде басқа артық ешнәрсе болмауға тиіс. Егер отбасыда екі бала болса, жиналмалы жиһаз, мысалы күндіз жиналып қойылатын кереуеттер болғаны жөн. Қабырғаға тақап қойылған шкафқа бекітілген қайырмалы кереуеттерді де пайдалануға болады. Күндіз көрпе-төсекті бүктеп жинап, кереуетке екі таңғышпен байлап тастайды. Қос қабат кереуеттерді де пайдалануға болады, бұл ретте жоғарғы кереует бүтіндей астыңғы кереуеттің үстіне орналастырылады. Кейде төменгі қабаттағы кереуеттің үстіне жоғары қабаттағы кереуеттің бір бөлігі ғана орналастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда үстіңгі кереуеттің астындағы кеңістік киім-кешек салатын жәшіктер қою үшін пайдаланылады. Қауіпсіз болуы үшін жоғарғы қабаттағы кереуетке биік белеушелер жасайды. Ал кәдімгі кереуеттердің арасына көрпе-төсек салатын аласа әбдіре қоюға болады. Екі кереуетті бұрыш жасап орнатқан абзал. Егер кереуеттерді қарама-қарсы қабырғаларға тақап қойса, онда оларды бір-біріне қарама-қарсы орналастырмағак жөн: мұның өзі олардың арасындағы жолды тарылтып, жүріп-тұруға қолайсыз етеді. Бөлменің ені жеткілікті мөлшерде кең болғанда (3 м және одан да кеңірек) бір кереуетті қабырғаның ұзына бойына кесе-көлденең орнатуға болады. Бұл бөлмені екіге бөлуге мүмкіндік береді. Оның терезеге жақын бөлігін сабаққа дайындалуға, ал түпкі жақты ұйықтауға арнау керек. Бірнеше ұясы бар аласа екі әбдірені көлденең қойса да, бөлме екіге бөлінеді.
Бөлменің сабаққа дайындалатын бөлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бөлменің сабаққа дайындалатын бөлігін дұрыс жиһаздаудың маңызы зор. Мектеп оқушылары сабаққа дайындалуы үшін жазу столын, секретерді пайдаланады; төменгі класс оқушылары үшін парта сияқты кішкентай үстелдер қолайлы. Столдың үстіңгі беті терезенің астыңғы жақтауымен беттесуі керек (Жатын бөлме қараңыз) Табиғи және жасанды жарықтың дұрыс түсуі — аса маңызды талап: табиғи жарық сабақ оқып отырған баланың сол жағынан түсуге тиіс, ал үстелге қойылатын шырағдандар үстелдің бүкіл бетіне жеткілікті және біркелкі түсіріп тұруы керек (Жарық деген мақаланы қараңыз). Сабақ оқуға арналған бөлік екі жазу столы қойылғанда барынша қолайлы болуы үшін оларды бір-біріне тығыз орналастырады. Бұл ретте жұмыс креслоларын (орындықтарды) терезеге қаратыл қойған қолайлы. Балаларға арналған жазу столдарының басқа жасалымдары да болуы мүмкін. Бөлмедегі киім-кешекке, іш киімдерге, ойыншықтарға арналған жиһазға балалардың қолы жетерліктей болуы тиіс. Кереуеттің астына немесе әбдірелердің төменгі қабатына қоюға болатын дөңгелекті сырғыма жәшіктер қолдануға болады. Сырғымалы жәшіктер әрі ойыншықтарды сақтайтын орын болады, әрі әртүрлі ойынға пайдаланылады.
Балалар спорт жарақтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Балалар бөлмесінде балаларға арналған шағын көлемді спорт жарақтары —«швед қабырғасы», есіктің жақтауына бекітілетін турник орналастырылуы мүмкін. Төменгі сыныптағы оқушыларға арнайы бормен сурет салу және жазу үшін шағын тақта іліп қоюға болады. Мұндай тақтаға шкафтың қара түске боялған немесе қоңыр линолеуммен қапталған жарма қақпағы да жарайды. Оның астына бор мен сүрткіш қоюға арналған жіңішке тақтай қағу қажет. Балалар бөлмесінің жабдығын майлы сырмен, түрлі-түсті эмальмен бояуға болады. Бөлмені жиһаздау, сырлау барысында алуан түстердің астасқаны, оның ішінде жиһаз бен қабырғаның, мебель мен перделердің әр түсте болғанын ескерген мақұл. Мұның өзі бөлмені сәнді де жарасымды етіп көрсетеді. Балалар бөлмесін безендіру үшін түрлі-түсті плакаттарды, фотосуреттерді, географиялық карталарды, календарьларды, сәндік емес, танымдық роль атқаратын суреттерді пайдалануға болады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |