Мазмұнға өту

Бет көрісу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Көрісу. Суретті салған Ө. Нәбиұлы.

Бет көрісу, Көрісу – қазақы ортада қазаға байланысты көңіл айту салтында атқарылатын рәсім, қазаға ортақтасып, көңіл айтушылар адамдардың бір-бірімен қауышып, жүздесуі. Кейбір аймақтарда көңіл айту салтының өзін де "көрісу", "бет көрісу" деген атау кездеседі.

Қалыптасқан үрдіс

Қалыптасқан үрдіс бойынша, көңіл айта келген адамдар алдымен «дауыс шығара» келіп, арнайы көрісу үшін тұрған ер адамдармен көріседі. Көрісу үшін тұрғандарды жағалай бір-бірлеп қаусыра құшақтап өтеді. Өте жақын, мұңдас адамдар құшақтасып тұрып, марқұмның жақсы істері мен арманын айтып қосыла дауыс шығарады. Бүгінде еркектердің дауыс салып көрісуі Қазақстанның оңтүстігінде, ішінара Жетісуда сақталған.
Көңіл айта келушілер осыдан кейін үй ішіндегі жоқтау айтып отырған әйелдермен де кезекпен құшақтап көріседі. Кейде, алдына отыра қалып құшақтасып шер тарқатыса дауыс салады немесе қосылып жоқтау айтады. «Мені апа деп кім айтар?», «көз қырын салатын еді», «әдейі келіп сәлем беретін еді» деген сияқты арманға, өкінішке толы, аңсаған сөздерімен азалы сарынмен еске алысады.

Көріс айту

Қаралы жандарға келіп көңіл айтушы әйелдердің де аза жырын айтуын қазақы ортада "жоқтау" немесе "көріс айту" деп атайды. Алайда, аза жырының бұл екі түрінің өзара айырмашылығы бар. Көңіл айтушы әйелдер мен жоқтау айтып отырғандардың арасында диалог түрінде өрбитін нұсқалары көріс айту деп аталады. Мұндайда аза тұтушы әйел арман-мұңы, тіпті өкпе-реніші қоса айтуы мүмкін. Әсіресе, мұндай сәттерде марқұмның ауырып жатқан кезінде көңілін сұрап келмегенін, қаза туралы хабардың айтылмай қалуын, жерлеуге келмеуін, көңіл айтуға кеш келуін сияқты жайттарды тілге тиек етіп, көңіліндегісін жұрттың көзінше өлең-жыр жолдарымен жеткізген. Ал, қарсы жақтан оны қостайды немесе оған жауап беріп, себептерін түсіндіреді. Мұндай аза тұтушы әйелдер мен көңіл айта келгендер арасындағы түйткілді мәселелерді көріс айту барысында түбегейлі шешіп те отырған. Дегенмен, көріс айтуда жөнсіз реніш, жөнсіз кінә тағу жағынан аулақ болу, алауыздықты тудырмау жағын ескерген. Осыған орай ел арасында «көріс білмеген әйел өлік басын шірік қылады» деген сөз де бар. Ертеде көріс айтуды білмеген әйелді қатты сынға алатын болған.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Этнографические очерки киргизского народа. РТ. Сборник, изданный по поводу политехнической выставки. Вып.II. Статьи по этнографии, технике, сельскому хозяйству и естественной истории. М., 1872. С.120-152;
  • Диваев А.А. Этнографические материалы. СМССДО. Вып.I. Отд.I. Ташкент, 1891. С.68-106;
  • Сүйіншіден – көңіл айтуға дейін. Құраст.: Төреқұл Н. Алматы: Қазақстан, 1998;
  • Janos Sipos. Kazakh folk songs from the two ends of the Steppe. Budapest: Akademiai Kiado 2001;
  • Әжіғали С., Байғабатова Н. Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Алматы: Арыс, 2005. 176-202 бб.;
  • Құдайбергенова А., Бекбалақ Қ. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Құраст. С.Әжіғали. Алматы: Арыс, 2005. 200-225 бб.;
  • Қыдыралин У. Батыс Қазақстан қазақтарының ғұрыптарындағы ерекшеліктері. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Алматы: Арыс, 2005. 150-176 бб.;
  • Қалелқызы Б. Керей қазақтарының қара өлеңі мен жоқтауы. Ұланбатыр, 2007;
  • ҚР МОМ материалдарынан;
  • ОМЭЭ материалдарынан.