Жалпаққұйрық бұлбұлша

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Жалпаққұйрық бұлбұлша

Амандық күйі

Least Concern (IUCN3.1)
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Құстар
Сабы: Торғайтәрізділер
Тұқымдасы: Cettiidae
Тегі: Cettia
Түрі: C. cetti
Екі-есімді атауы
Cettia cetti
(Конрад Якоб Темминк, 1820)
Cettia cetti

Жалпаққұйрық бұлбұлша (лат. Cettia cetti) – торғайтәрізділер отрядына жататын құс.


Қазақстанның шөлді-шөлейтті және далалы белдемдеріндегі қалың қамыс пен бұта өскен өзен-көл жағалауларын мекендейді. Дене тұрқы 10 – 12 см, салмағы 12 – 17 г. Денесінің үстіңгі жағы қызғылт қоңыр, бауыры бозғылт, бүйірі қоңыр сұр болады. Құйрығы жалпақ, дөңгеленіп келген. Жыртқыш құстардан қорғану үшін қалың жыңғыл арасында жасырын тіршілік етеді. Көбіне бұл құстың бар-жоғын ашық, сазды даусынан ғана білуге болады. Жалпаққұйрық бұлбұлша – жыл құсы.


Қазақстанда наурыздың ортасынан қазан, қараша айларының ортасына дейін мекендейді. Орталық Азияның оңтүстік аймақтарын қыстайды.Тостағанша тәрізді ұясын жерге таяу бұта не шөп арасына, өсімдіктің сабақтары мен жапырақтарын өріп жасайды. Оған 4 – 5 жұмыртқа салады, оны аналығы 13 – 15 күндей шайқап, тағы осындай уақыт аталығымен бірге қоректендіреді. Балапандары қанаттары қатаймай жатып ұясын тастап, қалың жыңғыл арасына жасырынады. Осылайша өздерін түрлі жыртқыштардан қорғайды. Жалпаққұйрық бұлбұлша әр түрлі жәндіктермен, олардың дернәсілдерімен қоректенеді. Ол зиянды жәндіктерді жеп қоршаған ортаға пайда келтіреді, эстетикалық мәні бар, бірақ тіршілігі әлі де толық зерттелмеген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы


Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Cettia cetti