Жағфар әл-Мұқтадир
Жағфар әл-Мұқтадир араб.: جعفر المقتدر | |||
933 жылы әл-Мұқтадирдің атымен шығарылған динар | |||
Лауазымы | |||
---|---|---|---|
| |||
13 тамыз 908 — 31 қазан 932 | |||
(Лақап аты Әл-Мұқтадир Билләһ) | |||
Ізашары | Әли әл-Мүктәфи | ||
Ізбасары | Мұхаммед әл-Қаһир | ||
Өмірбаяны | |||
Діні | Ислам | ||
Дүниеге келуі | 14 қараша 895 Бағдат, Аббасилер халифаты | ||
Қайтыс болуы | 31 қазан 932 (36 жас) Бағдат, Аббасилер халифаты | ||
Династия | Аббас әулеті | ||
Әкесі | Әли әл-Мүктәфи | ||
Анасы | Ғариб немесе Сағаб | ||
Балалары | Мұхаммед әр-Разы Ибраһим әл-Мұттақи Әл-Фазыл әл-Мұтығ | ||
өңдеу |
Жағфар әл-Мұқтадир (араб.: جعفر المقتدر; 14 қараша 895, Бағдат — 31 қазан 932, Бағдат) — Ислам халифатының 37-ші халифасы, мүміндердің әмірі.
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әл-Мұқтадир халифа тағына он үш жасында отырды. Сол себепті оның халифа болуына көптеген қарсылықтар білдіріліп, оны орнынан алып, Әбдуллаһ ибн Мұғтаззды халифа етіп сайлауға тырысқандар да шыққан. Бірақ Әбдуллаһ ибн Мұғтазз ұсталып, түрмеге қамалған соң, азапталып өлтірілді.
Басқару ісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әл-Мұқтадирдің дәуірінде халифаның ешқандай күші, абырой-беделі қалмағандықтан кейбір адамдар дүние-мүлік ұсыну немесе жақтастарын ортаға салу арқылы мәселелерін шешуге тырысатын. Ал әл-Мұқтадир сауық-сайран мен ырырапшылдыққа бейім еді. Әл-Мұқтадирдің дәуірінде кейбіреулері екі-үш рет қайта тағайындалумен 12 уәзір билікке келді. Уәзірлікке де басқа қызметтер секілді ең көп ақша бергендер келетін. Тіпті уәзір тағайындау ісіне сарайдағы әйелдер мен қызметшілер де араласып кететін. Нәтижеде, әл-Мұқтадирдің дәуірі Аббаси халифатының ең жаман кезеңі болды.
Ішкі келеңсіздіктер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Карматилердің Бахрейндегі басшысы Әбу Саид әл-Хасан ибн Бахрам 913 жылы өлтірілді. Оның орнына ұлы Әбу Тахир отырып, Басраға қарсы бірінен кейін бірі жалғасқан жорықтар жасады. 923 жылы ең ауыр шабуыл жасап, Басраға кіріп, қалада он күн бойы атой салып, көптеген адамдардың қанын төкті. Сонымен қатар бұл кезде қажылық керуендеріне де қарақшылық шабуылдар жасау жалғасып тапты. Әл-Мұқтадир Әбу Тахир тұтқынға алған қажыларды босатуы үшін хат жазуға мәжбүр болды. Кейін Әбу Тахир қажыларды босатты. Бірақ оның өтеміне Басра мен Әхуаздың билігін беруді сұрады. Алайда халифа оның қалауын орындамағандықтан, қайтадан тыныш жатқан елдің мазасын алып, шабуыл жасауға кірісті. Олар халифат әскерін Куфа мен Анбарда екі рет ойсырата жеңді. 929 жылдың қажылық маусымында Әбу Тахир Меккеге шабуыл жасап, әл-Харам мешітіндегі қажыларды өлтіріп, мал-мүліктерін талан-таражға салды. Ал өлген адамдарды Зәмзәм құдығы мен әл-Харам мешітіне көмді. Әбу Тахир бұнымен де шектелмей «Қара тасты» да өзімен бірге алып кетті. Карматилер имам ретінде қабылдаған Мәһди ибн Ғұбайдулла Әбу Тахирге хат жазып, қолға түскен мал-мүлікті қайтарып, Қағбадағы қара тасты орнына қоюын қалады. Бірақ Әбу Тахир мал-мүліктердің таратылып кеткенін желеу етіп, оның қалауын орындаған жоқ. Бұл дәуірде карматилердің шабуылдарына байланысты қажылар – Мосул-Шам-Мекке бағыттарын қолдана бастады.
Әл-Мұқтадирдің дәуірінде халифат орталығының әлсіреуіне байланысты аймақтардағы шағын мемлекеттердің күші артты. Мосулда Хамдан әулеті мемлекет құруға талпынғанымен әл-Мұқтадирдің дәуірінде жеткілікті күшке ие бола алмаған. Сондай-ақ бұл дәуірде Фатимилерден Ғұбайдулла ибн Мұхаммед Солтүстік Африкаға үстемдік етті. Ол Мағрибтің Сижилмаса мекенінде 908 жылдың соңына таман көтеріліске шығып, 909 жылы халықтан серт алған. Ғұбайдулла Александрияны қолына алып, 914 жылы Мәһдия қаласын тұрғызып, өз билігінің астанасы етіп бекітті. Жиырма төрт жыл сол жерде билік жүргізгеннен кейін 933 жылы дүние салды.
Сыртқы қатынастар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]915 жылы Византия мемлекеті мұсылмандарға шабуыл жасап, Мансұр қаласын қолдарына қаратып, көптеген адамдарды тұтқын етіп алды. Бұл кезде Византияға қарсы тұратын ешқандай күш жоқ болатын. 917 жылы Византияның тұтқындар үшін құн сұрау талабы қабылданды. Византия 926 жылы тағы да шекарадан өтіп Малатьяға басып кірді. Византия әскері Малатьяны жермен-жексен етіп тағы да көптеген адамдарды тұтқынға алды. 927 жылы Тарсустан Византияға әскери жорық жасалғанына қарамастан 400 мұсылман тұтқынға түсті. Осы жылы Византия Арменияға үлкен қолмен шабуыл жасады. Бірақ бұл жолы олар көздеген мақсатына жете алған жоқ. 931 жыл тарихта мұсылмандардың Анадолыға бірнеше дүркін жорық жасаған жылы ретінде қалды. Мұсылмандар бұл сапарлары барысында Анкараға дейін жетті.
Әл-Мұқтадирдің өлтірілуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әл-Мұқтадирдің дәуірінде өте күшті екі қолбасшы бар-тын. Олар бүкіл әскердің бас қолбасшылары Мұғнис әл-Мұзаффар мен Мұхаммед ибн Жақұт. Бұл екі қолбасшының арасында да өзара бақталастық болды. 931 жылы Мұхаммед ибн Жақұттың билігі күшейді. Оның билігіне қауіпсіздік қызметі өтті. Сонымен қатар мемлекет халқының басым көпшілігі оның жағына өтті. Бірақ Мұғнистің қалауына байланысты халифа әл-Мұқтадир Мұхаммедті басқа жаққа қоныс аудартып жіберді. Мұғнис Мұқтадирдің уәзірі болған Құсайын ибн әл-Қасымның да орнынан алынып, мал-мүлкінің тәркіленгенін қалады. Құсайын айналадағы жақтастары мен әскербасыларға хат жазып, оларды Бағдатқа шақырды. Бұл хабар Мұғниске жеткен соң, Мосулға басып кіріп, хамданилерден ол жердің билігін тартып алды. Бағдат, Шам мен Мысырдағы әскери топтар Мұғнистің жасаған жақсылығының себебінен оның айналасына жинала бастады. Әскер жиналған соң, 932 жылдың қазанында Бағдатқа қарай жолға шықты. Мұғнис қандай да бір қарсылыққа кезікпей Бағдатқа жетті. Әл-Мұқтадир Бағдатты тастап шыққысы келгенімен Мұхаммед ибн Жақұт оған бөгет болып, Мұғниске қарсы соғысқа шығуға мәжбүрледі. Бірақ әл-Мұқтадир соғыс алаңына жетпей жатып-ақ халифаның әскері жеңіліске ұшырайды. Мұғнистің адамдары халифамен жолығып, оның кері қайтуын талап етеді. Ол кері қайтып бара жатқанда мағрибтік және берберлік әскерлер тарапынан өлтіріледі[1].
Дереккөздері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Шабан Өз. Ислам тарихы — Алматы: Ернар Есімқұлов, 2018 ISBN 978-601-7929-37-4