Мазмұнға өту

Жиенқұрық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Жиенқұрық. Суретті салған Е.Оспанұлы.

Жиенқұрықжиен нағашы жұртына алғаш барғанда берілетін кәде, сыйлық.

Жоралғы сипаты мен атаулары

Жиенге нағашы жұрты алғаш келгені үшін бәсiре, яғни мал атап, ен салады. Кейін нағашылары жиен ер жеткенде сол малды енші қылып беретін болған. Бұл болмаған жағдайда жиен ес біліп, есейе келе нағашы жұртынан қалаған затын (жүйрiк ат, тазы, қыран бүркіт, берен мылтық) сұрайды, оны нағашылары беруге мiндетті. Бұл салт ел арасында "жиенқұрық" немесе "жиенсыбаға" деп аталған, яғни жиеннiң құрығына iлiккенін нағашылары жиен назары қатты деп бетiн қайтармай, орындайтын болған. Жиенқұрыққа байланысты берілетін кәденің атын "жиеннiң қырық серкешi" деп те атайды. Бұл жиенқұрықтың барлық қазақ өңірлеріне ортақ мөлшері болып табылады.

Кәдені алу барысы

Жиен нағашысынан жиенқұрық салтына сәйкес өзіне тиесілі кәдені үш рет алуға қақылы. Кейбір жағдайда жиен өзіне ұнаған бұйымды немесе малды сұраусыз да алып кете берген. Оны "жиендік жасау" деп атайды. Төртінші рет осындай іс-әрекетке барған жиеннің қылығы "ұрлық" деп есептелінеді. Бірақ, жиеннің осындай жайтқа баруы өте сирек кездесетін құбылыс болды. Өйткені, нағашы-жиеннің арасындағы туыстық қатынас қазақы ортадағы жалпы туыстық жүйенің ең іргелі принциптерінің бірі болды.
Қазақтың әдет-ғұрыптары, дәстүрлері туралы деректерді жинақтаған академик С.З. Зимановтың қолжазба қорында осы жайтқа байланысты төмендегідей мәлімет келтіріледі: «Нағашылары жиеннің алып кеткен малын даулап, шағымдана алмайды, әрі ренжуіне жол жоқ. Себебі әдет заңы бойынша жиен нағашысынан бір рет қана қалағанын алып, жиендік етуге ерікті болған».[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889;
  • Қазақ халқының әдет-ғұрыптары және дәстүрлері туралы деректер (акад. С.З. Зимановтың қолжазба қорынан алынды). Қазақтың Ата заңдары. Құжаттар, деректер және зерттеулер. Он томдық. IX том. Алматы: Жеті жарғы, 2008. 176-б.