Ирина Роднина

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Ирина Роднина
Жеке мағлұматтар
Жынысы

әйел

Азаматтығы

 КСРО
 Ресей

Мамандандыру

мәнерлеп сырғанаушы

Туған күні

Мәскеу

Бойы

152

Ирина Константиновна Роднина (12 қыркүйек 1949(19490912) Мәскеу) - мәнерлеп сырғанаушы, КСРО-ның, Еуропаның және әлемнің әлденеше дүркін чемпионы, үш Олимпиялық ойындардың жеңімпазы. Қазір даңқты спортшы Мәскеуде тұрып жатыр. Өзінің бай тәжірибесі мен білімін жас ұрпаққа беруден жалықпайды.

Ирина Роднина 1949 жылғы 12 қыркүйекте Мәскеуде әскери қызметкердің отбасында дүниеге келді. Кішкентайынан пысық болып өскен ол үш жасында-ақ конькимен тұра алатын дәрежеге жетті. Басында көп сырқаттанып қала беретін қызды ата-анасы денсаулығына пайдасы тисін деген ниетпен Дзержинский атындағы парктің мәнерлеп сырғанау секциясына тіркетті. Алайда, олар қыздарының таза спортшы болып қалуын қалаған жоқ. Сондықтан мәнерлеп сырғанаумен қатар неміс тіліне баулитын арнаулы мектеп пен фортепьянода ойнауды үйрететін музыка мектебіне де берді. Әйткенмен, бұлардың бәрін бірдей алып жүру аса қиын еді. Ақыр соңында Ираға мәнерлеп сырғанауды ғана қалап алды. Қылағай болғанымен, көкірегі намысқа толы қаршадай қыз сол кездің өзінде үлкен табыстарға жететін күндерді армандады. Осы жолдағы сынақтардан жақсы өткен ол 1962 жылы ЦСКА спорт клубына қабылданып, чех мамандары ерлі-зайыпты Сони және Милан Валундердің қол астында Олег Власовпен бір жұпта жаттыға бастады. Осы жылы бұлар Бүкілодақтық жасөспірімдер жарысында үшінші болды.

Көп ұзамай Валундер КСРО-дан кетті де, Ирина бір өзі қалды. Оның бағына орай, осы кезде оны кеңестік аса көрнекті жаттықтырушы Станислав Жук байқап қалды да, өз қарамағына алды. Жаңа бапкер оның жанына серік етіп тап-тұйнақтай Алексей Улановты әкеліп қосты. Бұлар алғаш рет көпшілік алдына 1967 жылы шықты. Сол өнер көрсетудің өзінде мамандар бұлардың жоғары техникасы мен кең мүмкіншіліктерін атап өтті. Олар қателеспеген болып шықты. Арада бар-жоғы екі жыл өткенде, 22 жасар А.Уланов пен 20 жастағы И.Роднина әлем чемпионы атанды. Бірақ… сол бойда жаттықтырушылары Жукпен келісе алмай қалды. Олар бапкерге өнер көрсету мәнері бойынша өз ойларын дәлелдеуге тырысты, ал жаттықтырушы қарауындағылар үстемдігіне келіспеді. Бұл олардың бір-бірлерімен қоштасуларына апарып соқтырды.

Жаттықтырушысыз қалған Алексей мен Ирина өздерінің алған бағыттарының дұрыс екендіктерін көрсету үшін барын салып, артынша Гармиш-Партенкирхенде өткен Еуропа чемпионатында топ жарды. Бұдан кейін тағы үш әлем чемпионатында алдарына жан салмады. Сөйтіп жүргенде, біздің осы әңгімеміз бастау алған 1972 жыл да жетті. Осы жылы Калгаридегі әлем чемпионаты мен жапонның Саппоро қаласында өтетін Олимпиялық ойындарында айдарларынан жел есіп, ешкімге бет қаратпаған жұп ақыры тарқап тынды.

Енді алаңсыз бір өзі қалған Ирина бәрін басынан бастауға тәуекел етті. Осы тұста бұған дейін көпшілік арасында есімі мүлде белгісіз, өзінен үш жас кіші Александр Зайцевті таңдап алды. Ол жақсы сырғанай білетін, биікке әдемі секіретін. Жас жігіт адам ретінде де Иринаның көңілінен шығатын. Бұған қоса тәжірибелі әріптесінің айтқанын екі етпейтін болып шықты. Соның арқасында қаншама жанкешті жаттығуларды қыңқ етпей бірге жасасты. Ақыр соңында Иринаның арманы орындалды. 1973 жылы Братиславада өткен келесі әлем чемпионатында бұлар тұғырдың бірінші сатысынан орын алды. Екінші орынға Ираның бұрынғы жұптасы Алексей әйелі Людмиламен бірге жайғасты.

Даңқты спортшы осылай тағы да биік белеске көтерілді. Ол өзінің мықты екенін, алға қойған мақсатын қалайда орындап шығатынын айдай әлемге танытты. Жаңа жұп бір-бірлерін емеуріннен түсінетіндерін бірден білдірді. Осы біріншілікте өнер көрсетіп жатқандарында музыка да кенет өшіп қалды. Ирина мен Александр сонда да сырғанауларын тоқтатпай, жалғастыра берді. Жаттығуды керемет орындап шыққан бұларға көрермендер тікелерінен тік тұрып, құрмет көрсетті. Көрген көрінісі есінен тандырған бас төреші қолын жайғаннан басқа ештеңе демеді. Бұл жетістікке бәрінен бұрын қайта қауышқан жаттықтырушысы Станислав Жук қатты қуанды.

Бірақ бұл қауышудың ғұмыры ұзақ болмады. Ұдайы биікке ұмтылушы Жук бірде өзі үшін Роднинаның өтіп кеткен кезең екенін айтты. Әрине, Ирина ұстазымен ашық сөйлесіп, мәмілеге келуге тырысты, әйткенмен, алған бетінен қайтпайтын бапкерді қайта сабасына түсіру мүмкін болмады. Содан кейін бапкер Татьяна Тарасованы барып сағалады. Бұл атақты хоккей жаттықтырушысы Анатолий Тарасовтың қызы еді. Қызының белгілі спортшыны қарауына алғанын естіген ол сол түні кешке оған телефон соғып: «Қызым, енді біздің тегімізді ұятқа қалдырма, оларды биік белестен түсірме!» дегенді қадап айтқан екен.

Осылайша алдымен бір-біріне үйренісу, сосын жаңа шыңдарды бағындыру жолындағы күресті күндер басталып кетті. Осы еңбектің түйіні 1976 жылғы Инсбрук Олимпиадасында шығып, үшеуі алтыннан алқа тағып қайтты. Бұл додадан қайтқасын көп ұзамай Ирина аяғының ауыр екенін аңғарды. Кейін бала іштен жарып алынды. Ұлды болған Ирина спортқа қайта келді. Ол өзінің табандылығы арқасында тағы да бұрынғы биігіне жетті. Сөйтіп, 1980 жылы әлем чемпионатымен бірге, Олимпиялық ойындарда да алтын медальдың иегері атанды. Біздің көздің шарасынан асып төгіліп тұрған жас туралы еске алуымыз осы додадан алынған еді.

Спорттан қол үзгеннен кейін де Ирина өзінің керектілігін мойындату үшін көп тер төкті. Жаттықтырушы да болып көрді, институтта да сабақ берді. Сол аралықта Александрдың отбасылық өмірге бейім емес екені білінді. Үнемі Иринаның қалқасында жүріп келген жігіт өз бетінше тірлік істеуге жігерсіз болып шықты. Сондықтан Ирина Константиновнаның онымен қоштасуына тура келді. Күйеусіз қалған ол Америкаға да барып, біраз жыл тұрып қайтты.

Канаданың Калгари қаласында өтетін кезекті әлем чемпионаты қарсаңындағы соңғы жаттығулардың бірінде Алексей Уланов өзінің жұптасы Иринаны қолында ұстап тұра алмай қалды да, ол құлаған бойы айдынның қабырғасына басын қатты соғып алды. Ал олар өнер көрсету үшін мұз алаңына шыға келгенде, жанкүйерлер әшейінде көзінен от шашып тұратын жарқын жүзді Ираның өңі қағаздай аппақ болып кеткенін байқап, тіксініп қалды. Соған қарамастан спортшы қыз керемет сырғанап шықты да, зал толы көрермен осы жолы әлемнің төртінші мәрте чемпиондары атанған әйгілі жұпқа қуана қошемет көрсетті. Олар өнер көрсетіп болғаннан кейін тілшілерге күліп тұрып, сұхбат берді. Бірақ олардың бірде-бірі сол мезет осы күлкінің Ирина үшін қаншалықты қиынға түсіп тұрғанын сезген жоқ.

Бұған оның ойламаған жерден соққы алып қалғаны ғана себепші емес-тін. Тап осы чемпионаттың алдында Алексей Уланов өзінің жұптасын ауыстыратынын мәлімдеп қойған. Ол Мәскеуден Ленинградқа кетіп, біраздан бері сөз байласып жүрген Людмила Смирновамен жұп құрмақ екен. Бұған дейін Одақ біріншілігінде Ирина Роднина – Алексей Уланов ұдайы бірінші болып келсе, екінші орынды Людмила Смирнова – Александр Сурайкин алып жүретін. Ирина өз жұптасының жүрегін жаулап алған сұлу Нева жағалауында тұратынын білсе де, мына шешім оны кәдімгідей абыржытып тастады. Бұл дегенің ол үшін өмірді қайта бастаумен бірдей нәрсе еді. Мәскеуге оралғаннан кейін спортшы қыз тап осы келген жерінен мәнерлеп сырғанауды тастап кетпек те болды. Бірақ артынан қайсар қыз қайта ширықты. Ол өзінің әлі де кәдеге жарайтынын алдымен өзіне, сосын Алексейге, содан кейін барып күллі көрерменге дәлелдеп шығуға бекінді.

Спорттық жетістіктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

А. Улановпен бірге

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жарыс 1967—68 1968—69 1969—70 1970—71 1971—72
Қысқы Олимпиада 1
ӘЧ 1 1 1 1
ЕЧ 5 1 1 1 1
КЧ 3 3 1 1

А. Зайцевпен бірге

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жарыс 1972—73 1973—74 1974—75 1975—76 1976—77 1977—78 1978—79 1979—80
Қысқы Олимпиада 1 1
ӘЧ[1] 1 1 1 1 1 1
ЕЧ[2] 1 1 1 1 1 1 1
КЧ[3] 1 1 1 1

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Әлем чемпионаты
  2. Еуропа чемпионаты
  3. КСРО чемпионаты

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]