Мазмұнға өту

Киіз басу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Киіз басу. ҚР ҰМ қорынан.

Киіз басу – дәстүрлі қазақы ортада дамыған киіз жасау өнері. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға басу, байпақ жасау, фетр (қалпақтық биязы киіз) басу процесстері де киіз басу дәстүрлі технологиясымен бірдей.

Тарихи деректер

Киіз басу және киізден бұйымдар жасау көне замандардан бастау алады. Әйгілі Пазырық қорғанынан және басқа да ежелгі темір дәуіріне жататын қорымдардан (б.э.д. ІХ – б.э. ІІІ-ІV ғғ.) археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың ішінде киізден басылған бұйымдар кездеседі. Байырғы көшпелі тұрмыста киіз туралы мәліметтер мен оның қандай қызмет атқарғаны Марко Поло (1230 ж.), Плано Карпини (1246 ж.), Клавихо (1403 ж.) сияқты орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларында айтылады.
Киіз басу жұмысы орта ғасырдан бұрын өзінің шарықтау шегіне жеткен. 1253-1255 жылдары фламанд саяхатшысы, монах, IX Людовик жіберген дипломатиялық елшілікті басқарып, Моңғолияға сапар шеккен В. Рубрук қаңлы-қыпшақ даласынан өтіп бара жатып, олардың үйлерін тек ақ киізден жабатынын, ал киіздің ағарып, жарқырап тұруы үшін оған әк, ақ топырақ немесе сүйектің күйдірген ұнтағын себетіндігін, сол сияқты киіз бұйымдардың бетіне оюлап салынған аң-құстардың, өсімдіктердің бейнесі жарасымдылығымен көз тартатындығын сипаттап жазады. Ертедегі саяхатшылар сипаттаған киіз басудың көне тәсілдері қазақ, қырғыз т.б. халықтарда ХХ ғ.-ға дейін сақталып келді. Тарихи деректерге сүйенсек, киіз басумен бүкіл түркі тектес тайпалар түгел айналысқан.
Дәстүрлі қазақы ортада киіз басудың негізгі ұйымдастырушылары да, орындаушылары да әйелдер болды. Әрбір қазақ әйелі киіз басудың ежелден орныққан технологиясын жетік меңгерген. Өйткені, ХІХ ғ.-да қазақ тұрмысын дендеп зерттегендердің бірі М. Красовский айтқандай, «... қазақтар қыздарды жас шағынан іс тігу, өрмек тоқу, киіз басу т.б. үйретеді, өсе келе олардан бәрін талап етеді».
Қыздарды қол ісіне жас кезінен үйреткендіктен, өскен кезде олардың киіз басу шеберлігі аса жоғары болған. Ол жөнінде қазан төңкерісіне дейінгі қазақ өлкесіне байланысты орыс тарихнамасында мәліметтер мол кездеседі. Мәселен, киіз басушылар мен қазақ киізінің сапасы жөнінде И.Я. Словцов былай деген еді: «Қазақтар киізді тамаша тапқырлықпен өте тез және сапалы етіп басады. Бұл жөнінде орыстың киіз басушылары олармен жарысқа түсе алмайды».

Киіз басуға дайындық

Жүн сабау. (Туркестанский альбом. По распоряжению Туркестанского генерал-губернатора К.П. фон Кауфмана 1-го 1871-1872 гг. Часть промысловая. Туземное население в русских владениях Средней Азии. Сост.: А.Л. Кун, М.И. Бродовский (СПб.: Тип. И. Мордуховского, 1872) атты еңбектен.)
Көнтулаққа жүн салып сабау. Суретші Б. Досымов.

Киіз басу ісі киізді басуға қажетті жүнді дайындау жұмыс тарынан басталады. Дайындық жасау 3 сатыдан тұрады.

  • Бірінші сатысы – қырқылатын қой-қозыларды тоғыту. Бұл – қырқымның алдында міндетті түрде атқарылатын жұмыс. Яғни, алуға қажетті күзем жүн (күзгі жүн) алу үшін денесіне жаз бойы шаң-тозаң жинаған қой-қозыларды өзенге апарып, суға тоғытады.
  • Екінші саты – қой қырқымы (қой жүнін қырқу) басталады. Жүн қырқу барысында жүннің ақ, қара, кер қызыл түстері бөлек-бөлек жиналады, қылшықты, салалы, қысқа, бауыр жүндер сұрыпталады.
  • Үшінші саты – жүн сабау. Қырқылған, сұрыпталған жүннен бұйым жасау үшін тазалап және қопсытып алу қажет. Жүннің іртігін жазу, шөп-шаламын тазарту, құмалағын түсіру, үлпілдету үшін жүнді сабау тәсілі қолданылады. Ал, жүннің құрамындағы қылшықтарын тік сояуларын кетіру үшін қазанға салып, сабаумен араластыра отырып сәл қыздырады. Осылайша қылшықтың тік сояулары қарылып, жиырылып қалады. Бұл тәсіл жүн қару деп аталады. Жүн сабау үшін оның тулақ және сабау деп аталатын құралдары дайындалады. Тулақ – серке, сиыр, тай терісін шикідей кептірген төсеніш. Оны сабалатын жүннің астына төсейді.

Сабау – жүннің ұйысқанын жазу, қопсытып үлпілдету үшін қолданылатын қос шыбық. Жүннің іртігін жазуға неғұрлым қарымдылау, қаттылау жасалған тулақ сабау деп атайтын сабауды, ал жүнді шабақтауға (жүнді шыбықпен жаймалауға) шабақ сабау деп атайтын сабау түрін қолданады. Жүн сабау үшін кеңірек орын дайындалады. Бұл жұмыс әзіл-күлкімен көңілді өтеді. Жүн сабау жұмысына 10 шақты, тіпті, одан да көбірек адам жиналуы мүмкін. Сабау үшін екі-үш тулақты біріктіріп төсейді. Жүнді тулаққа үйіп-төгіп салмай, шақтап салады. Оны бір сабам жүн дейді. Тулаққа бір сабам жүннен салып отырып іртігі (түйіртпегі) жазылғанша, үлпілдеген күйге жеткенше қопсытып сабайды. Сабалып болған жүнді шетінен бастап ортасына қарай жиырып отырып түйдектеп орап, сабаудың ұшымен көтеріп алып, бір шетке жинайды. Сабалып жатқан жүн түсіне қарай бөлек-бөлек жиналады. Жүн сабаудың ел ішінде қалыптасқан өзіндік тәсілдері бар. Тулаққа салып жүн сабағанда сабаушылар қолдарын бірдей көтеріп-түсіріп отырады. Әр адамның қолында екі сабаудан болады. Жүнді қос қолмен сабайды. Сабаудың бұл әдісін қос қолдап сабау дейді. Екі қолдың бірдей қимылдауы қимылдың ырғағын қалыптастырады. Ырғақ бұзылса, сабаулар бір-біріне соғылып қалады. Қос қолдап сабау іртігі оңай жазылмайтын, өте түйдектелген жүнге қолданылады. Қос қолмен сабағанда екі қолдың қызметі бір мезгілде тең соғылып, астындағы жүннің әсерінен тең серпіліп, жүнді қопсытады және осының арқасында жүн де бірқалыпта суырылып, артқа да бірдей көтеріліп отырады.
Жүн сабаушылар кейде екі қолын кезек көтеріп сабау тәсілін қолданады. Бұл әдіс бойынша жүн сабаушылар алдымен оң қолындағы сабауды тік көтермей, сабалған жүннен суырып тартып барып көтереді. Осы қимылмен қабаттаса сол қолдағы сабау суырыла бастайды. Оң қолдағы сабау артқа суырыла бере көтерілген екпінмен тулаққа қайта соғылғанда, сол қолдағы сабау оң қолдың жасаған қимылын қайталайды. Бұл әдіспен жүн сабағанда да жүн сабаушылырдың қимылы бір ырғақпен, бір адамның қимылындай түрде орындалуы керек. Жүн сабаудың осындай үрдісі көсіп сабау, көпіртіп сабау, есіп сабау, тәрізді тәсілдерден тұрады. «Сабаудан шыққан дыбысқа тулақ та ортақ» деген мақал осы үрдістің ерекшелігіне байланысты айтылса керек.

Киіз басу барысы

Жүн шиге шабақтау. ҚР ҰМ қорынан.
Жүн тарту. ҚР ҰМ қорынан.
Киіз білектеу. ҚР ҰМ қорынан.

Жүн сабаудан кейін дайын болған жүннен киіз басылады. Кейде жүн сабауға, киіз тебуге, білектеуге балалар және күш қажет болғанда жігіттер де қатысқан. Киіз басу үшін шиге салу, шабақтау, бет тарту, су себу, тебу, булау, білектеу, қарпу сияқты тәсілдер қолданылады.

  • Шиге салу. Киіз басу үшін сабалған жүн белгілі көлемдегі шидің бетіне тегістеп төсеп шығады. Оны шиге салу дейді. Одан әрі жүнді шыбықпен жаймалайды. Жүнді шыбықпен жаймалауды шабақтау деп атайды. Шабақтау киіздің ішкі (астыңғы) бетіне арналған жүнге жасалады. Мұны кей жерлерде жабдықтау деп те атай береді. Жүнді шабақтаған соң, оған бет тартылады.
  • Бет тарту – шабақталған жүннің үстіне іріктелген таза жүнді сол қолмен қысып алып, оң қолдың қырымен баса үзіп біртегіс етіп қалдырып шығу. Үзіп қалдырған жүн бір-бірімен жалғасып, біртегіс болып төселе береді. Бет тартуды – жүн тарту деп те атайды. Бет тарту жұмысы кез келген әйелге тапсырылмайды. Ол жұмысты машықтанған, қолының шеберлігімен танылған әйел атқарады. Бет тартуды бір адам ғана орындайды. Өйткені екі-үш адам істесе, жүн ала-құла тартылады да, киізге төселген жүн біркелкі болып шықпайды. Оған машықтанған жалғыз әйелдің өзі киіздің қалың-жұқалығын бір қолмен-ақ жүн тартып бара жатқанда сезіп отырады. Бет тартқанда жүнді шидегі шабақталған жүннің бір шетінен бастап тартады. Жүн тарту шабақталған жүннің үсті толғанша жүргізіледі. Жүннің бір жері қалың, бір жері жұқа болмай тегіс тартылуы қатаң ескеріледі. Жүн тартушылар басылатын киіздің түріне қарай жүнді қалың немесе жұқа етіп тегістеп отырады. Мәселен, туырлық пен үзікке 6-7 см қалыңдықта жүн тартылады. Сырмақ киіздеріне 4 см шамасында жүн салынады. Ал үзік және сырмақ киізіне асты-үстіне бірдей ақ жүн салынады. Астарлық киіздерге кер қызыл жүнді жұқалап қосып барып басады.

Жүнді шабақтау мен бет тартқанда киіздің неге арнап басылатындығы ескеріледі. Егер киіз сырмаққа арнап басылса, оның астыңғы бетіне бозғылт, қызыл түсті жүндер шабақталады. Ал бетіне ең әдемі жүн тартылады. Әдетте, сырмаққа арналған киізді жұқа етіп басады, өйткені ол қалың басылса, сырмақ қосымша материалмен сырып тігілгенде ауырлап кетуі де мүмкін. Сондықтан, үстіңгі беті тартылған соң, жүннің біркелкілігін байқау үшін тағы да бір рет қарап өтіп, киізді алақанмен басып тексереді. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жерін жаймалап жұқартады. Әдетте, ши бетіне салынған жүннің біркелкілігіне көз жеткізген соң, ыстық су әкеліп, сүзгімен яки шөміштің сырт жағымен шашыратып, шидің бір жақ шетінен бастап себелеп шығады. Шашырата құйылған ыстық су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді бір-біріне жабыстырады. Сөйтіп, жүн кіріге бастайды. Жүннің мұндай күйін киіздену дейді. Су себіле басталысымен қатар отырған 3-4 әйел басылып жатқан жүнді қабаттай шиыршықтап, шимен бірге жинап отырады. Шиді ширатып ораған сайын қайта-қайта ыстық су құйылып отырады. Киіз басудағы осы жұмыс су себу деп аталады. Осы әдіспен жүн тартылған ши орала жиналып болған соң, оны сыртынан жіппен жұмырлап байлайды. Ортан белінен бір-екі жерден арқанды өткізіп алып, екі ба-сын тұйықтап, бос салып қояды. Бұл тәсіл шиыршықталып жатқан шиді домалатып сүйрету үшін қажет.

  • Киіз тебу – жүн салынып оралған, сыртынан байланған шиді әлсін-әлсін ыстық су құя отырып, бір топ адамның арлы-берлі домалатып тебуі. Алдымен шиыршықталып, оралып байланған шидің өн бойын бойлай 10-12 адам қатар жүріп, шиге ораулы киізді аяқтарымен бір бағытта теуіп отырады. Бұларға қарама-қарсы бір немесе екі адам екі ұшы тұйықталған арқанмен шиді алға тартып, өзіне қарай домалата сүйрейді. Киізді тебушілерге қарама-қарсы тұрған адамды қой бастар деп атайды. Біраз жер домалатып отырып тепкен соң, шиді бұрып алып, қарсы бағытқа қарай тебеді. Осылайша киіз әбден қатайғанша, оны бір топ адам екі аяқпен кезек-кезек теуіп отырады. Киіз тепкенде киіздің бойында тепкі тимеген жер қалып қоймауы керек. Әйтпесе, киіздің ондай жері кірікпей бос қалады. Жүні кірікпеген жер кейін шидің орауын шешіп қарағанда тесік болып көрініп тұрады.

Жай киіз бен текеметке арналған киізді тебудің біраз айырмашылығы болады. Текемет деп киіздің ою салынған түрін айтады. Текемет басуда бір сағат ары-бері домалатып тепкеннен кейін шидің орауын жазып, киіз бетіндегі өрнекті түзетіп алып, оны қайта орап, тағы да бірсыпыра уақыт домалата отырып тебеді. Киіз тебу уақыты 2 сағаттан 3 сағатқа дейін созылады. Киіз неғұрлым көп тебілсе, соғұрлым шымыр, тегіс, бірсыдырғы әдемі болып шығады. Ондай киіз көп уақытқа дейін қопсымай, түтеленбей, сынын бұзбай ұзаққа шыдайды. Киіз тебу көпшіліктің қатысуымен орындалған. Киіз тебушілер домалатып тепкен киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып, «қой басты, қой басты» деп әзілдейді. Ол үйдің иесі реті келсе қой сойып, болмаса қымызбен яки құрт-май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ еткен. Мұны қазақы ортаға тән әлеуметтік қатынастың ерекшеліктерінің бір қыры десе де болады.

  • Булау – киізді шиден шығарып, ыстық су құйып, үстін қалың нәрсемен жауып тастау. Тебуі жеткен соң оралған шиді шешіп, шиыршықталған киізді жазады да, асты-үстін ауыстыра отырып 3-4 рет шиыршықтап, қайта бүктеп, екі басын түйістіріп көктейді. Одан кейін тағы да ыстық су құйып сығымдағаннан кейін үстін жылылап жауып (тон-мен, күпімен) тастайды. Бұл әдіс булау немесе кірлеу деп аталады. Киізді осылай булағанда ол аздап ісінеді. Буланған киізді сол күйінде бір, бір жарым сағатқа қалдырады. Содан соң киізді білектеуге кіріседі.
  • Білектеу деп булаудан шыққан киізді әрлі-берлі домалата отырып, білекпен басуды айтады. Ол үшін ыстық су әсерінен балбырап жатқан киізді шешіп алып, қайтадан ширатып, жіппен шандып байлайды. Киізшілер қатарласа отырып алып ши үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай бір мезгілде жұлқа тартып алып, тізесіне соғып, білектерімен ұрып, нықтап басады. Киізді ары-бері домалатып білектегенде үнемі бір жердегі жіптен ұстай бермей, ауыстырып отырады. Осылайша үш-төрт рет ауыстырып білектеген соң, оны шандауынан жазып, әрі-бері созғылайды. Одан әрі қарпу жұмысы басталады.
  • Қарпу – білектелген киізді қымтап ұстап жұлқып, серпіп ширату, пісіру. Білектелгеннен кейін киіз ұзынынан екі қабатталып бүктеліп, екі басы бір-біріне түйістіріле шуда жіппен көктеледі. Киіздің шет-шеті де ұзына бойына көктеледі. Сонда киіз шұжық сияқты пішінге түседі. Осы дөңгелек киізді ақ шидің үстіне салып, қусырылған киіздің әр жерінен қымти ұстап, оңды-солды қарпиды. Яғни, киізді алдымен бірыңғай оңға қарай жұлқи серпіп, екінші кезекте, солға қарай серпиді. Қарпушылардың қолдары киіз шетінен оңнан солға қарай жылжи береді. Қарпылған киіздің шет-шеті жинақталып тегістеледі. Өңі мен теріскейіндегі кірікпей, бос қалған қылшықтар түседі. Қарпу үстінде киіздің бүктеуін кезекпен ауыстырып отырады. Қарпу бірер сағатқа созылады. Қарпылған киіз қыл-қыбырынан тазаланады. Қарпу жұмысын ересек әйелдер ғана атқарған. Қарпудан кейін кезек ұзындау жұмысына келеді.
  • Ұзындау – білектеу жұмысын қайталай отырып киіздің ұзындығын шығару. Білектеу мен қарпудан кейін киіз кірігіп, ширай түскендіктен, оның көлемі шағындалады. Сондықтан, басылған киізді ұзындау қажет болады. Киізді ұзындау тәсілі білектеуге ұқсас болғанмен, ұзындаған кезде қарпу кезіндегідей киізді жіппен шандымайды. Киізді ұзынын шығара созғылап, есіп шиыршықтайды. Сосын, бір жақ шетінен білектеп отырып екінші басына жеткізеді. Одан соң екінші басын тағы да білектей отырып бірінші басына дейін жеткізеді. Осылай білектеудің арқасында киіздің көлемі ұлғайып, созыла түседі. Ұзындау жұмысы 10-20 минутқа созылады. Білектеу мен ұзындау кезінде киіздің ұзына бойының екі жақ шеті олпы-солпы болмай, тегіс болып шығуы үшін кейде киіздің екі жақ басына жуан ағаш сияқты заттардан тиянақ қойылады. Ұзындалып болған киізді кірлейді.
  • Кірлеу – қарпылған, ұзындалған киізді су құйып кірінен тазарту. Киізді кірлегенде мүмкіндігінше оны өзен, арық немесе бұлаққа таяу жерге қояды. Төрт бүктелген киізді бір басынан бастап шиыршықтап дөңгелектейді. Оның белінен жіппен буып биіктеу жерге (тастың немесе тақтайдың үстіне) қояды да, киіз әбден тазарғанша су құяды. Кірленген киіз шуашынан, кірінен тазарып, өңі ашылады. Суы сорғыған соң оны күнге жайып кептіреді. Кепкен киіздің асты-үстін сыпырып, қыл-қыбырынан арылтады.
  • Киіз пісіру. Киіз бос басылса оны пісуі жетпеген киіз дейді. Пісуі жетпегеннің белгісі – киіз болбыраған бос болады, оңай түтеленеді. Кейде киіз ұзақ уақыт пайдаланғанда да болбырап, түтелене бастайды. Ондай киізді кейде қайтадан «пісіреді». Мұндай киізді үйге жабарда немесе бұйым жасауға пайдаланар алдында қайта басуды (шиге салып, ыстық су құйып білектеуді) – киіз пісіру деп атайды. Болбыраған киізді шымырландыра түсу үшін бірнеше рет дейін оң және теріс бетін төгіп орап, білектеп ұзындайды. Көбірек білектелген сайын киіз шымырлана түседі. Түтеленбей, тығыз, қатты басылған киізді қайрақтай киіз екен деп бейнелеп айтады. Жақсы басылған киіздер бүктеген кезде қол қайтарып тұрады.

Киіз басу кезіндегі қатарлас істер

Киіз басу үстінде бұлардан басқа да алуан жұмыстар істеледі, оларды іске асыру үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Ондай жұмыстардың қатарына тізгін жіп салу, ши шиыршықтау, ши буу, шиге ыспа арқан салу, түр салу деп аталатын жұмыс түрлері жатады.

  • Тізгін жіп салу – жүн тартылған шидің басына жүнге тигізбей, шиге орап, екі ұшын шидің екі басынан шығарып, ұзын жіп тағу. Бұл жіпті тізгін жіп дейді. Тізгін жіп ораулы шиді ары-бері домалатқан кезде ішкі қабаттың сыртқа шығып кетпеуіне септігін тигізеді.
  • Ши шиыршықтау – тізгін жіп салынған шиді жиырып орау. Ши шиыршықтау ыстық суды үзбей шашып тұру үшін керек.
  • Шиге ыспа арқан салу – шидің белінен екі-үш арқанды орап салу. Әр арқанның екі ұшынан екі адам ұстап, қарама-қарсы тұрып алып, арқанды кезек-кезек өзіне қарай тартқанда, ортадағы ши ары-бері домалайды. Арқан салып шиді домалату жүннің бірігіп-кірігуін жылдамдатады. Шиді арқанмен ары-бері домалатып тартуды ыспалау дейді.
  • Түр салу – боюлған жүнді есіп шумақтап салу арқылы немесе жіңішкелеп қиып алған талдырма киізді пайдаланып бет тартылған киіздің бетіне ою, өрнек салу. Түр салынып басылған киіз текемет деп аталады. Текемет пен киіздің бір-бірінен айырмасы: киіздің ою-өрнекті немесе ешқандай оюсыз бірыңғай түсті жүннен басылады. Халық өлеңдерінде кездесетін «текеметтің түріндей» деген теңеу сөз киіз басуда қолданылатын түр салып әшекейлеу үрдісінің эстетикалық тартымдылығын білдірсе керек. Текеметке түр салудың ойыстырып салу және шүйкелеп салу деп аталатын екі түрлі әдісі қолданылады.[1]

Механикаландырылған киіз басу

Қазіргі заманғы киіз касу жұмыстары механикаландырылған. Киіз өндірісінде жүн арнаулы машиналармен көпсітіліп, майланып, араластырылады да, тарақтап түту машинасымен түтіледі. Түтілген жүн жасалатын бұйым пішіміне сай тартылып, талдыру машиналарында дірілдеткіш, қызған тақталар көмегімен талдырылады, күкірт қышқылының ертіндісі сіңіріледі. Сөйтіп басу машинасына жіберіледі. Мұнда ол білектеуден өтіп нығыздалады, соның нәтижесінде бұйымның көлемі қажетті мөлшерге дейін кішірейеді. Білектеу бірнеше рет қайталанады. Әр білектелген сайын бұйым кергіш машиналармен түзетіліп отырады. Соңынан байпақ пен қалпақтарды қалыпқа кигізіп, ал киізді булы кептіргіштерге жайып кептіреді. Киіз басу – әрлеу, түгін қырқып тазалау, престеу, кесу т.б. жұмыстармен аяқталады. Шұға өндірісіндегі киіз басу тек өңдеу процесінің бірі боп саналады.

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Словцов И.Я. Путевые записки веденные во время поездки в Кокчетавский уезд Акмолинской области в 1878 г. ЗЗСОИРГО, Омск, 1897. Кн. 21. С.71;
  • Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қазақстан, 1969;
  • Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы: Қазақстан, 1977;
  • Халық мұрасы. Құраст.: Соян Қ. Өлгий, 1991;
  • Дөрбілжін ауданының өлең-жырлары. Үрімжі, 1994;
  • Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995;
  • Бабалар сөзі. Көптомдық. Жұмбақтар. 6-том. Астана: Фолиант, 2002. 28-б.;
  • Тоқтабаева Ш.Ж. Қазақтардың қолөнерге байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Арыс, 2005. 130-131-бб.;
  • Тоқтабай А., Сейітқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. Алматы, 2005;
  • Ысқаққызы Ә.Сырмақ өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.