Мазмұнға өту

Кісе

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кісе белдік.
Кісе белдік жабдықтары (фрагмент). 1) кісе қалта, 2) оқшантай. ҚР Ұлттық мұражайының көрме залынан.

Кісеер адамның әртүрлі қаруларды, қаруға қажетті жабдықтарды және басқа да қажетті заттарды іліп алып жүруге арналған белдігі.

Атау мағынасы

Кісе белдіктің ең басты элементі – әртүрлі заттарды салып алып жүруге арналған «кісе» («қалта»), сондықтан, белдіктің атауы да оның атымен кіселі белдік немесе кісе белдік деп аталған. Белдіктің бұл элементінің «кісе» атауы қазақтардың этнографиялық тұрмысы туралы орыстың жазба деректерінде ХVIII ғасырдан кездеседі. ХIХ ғасырда Ш. Уәлиханов та өз еңбегінде «кісе» сөзі қалта дегенді білдіретінін жазған болатын. Түркі тілдерінде «кісе» сөзі ХIII ғасырдан қолданыста болған. Түркі халықтарының көпшілігінің тілдерінде кісе сөзі «белбеудің қалтасы», «дорбасы», «киімнің қалтасы» мағынасында жұмсалады.
Мысалы, қырғыз тіліндегі кисе атауын К.К. Юдахин иран сөзі деп көрсетеді. Мағынасы «теріден (былғары) тігілген белбеудің қалтасы; әр түрлі қалта тағылған белбеу», «қалта».
Сол секілді әзірбайжан тілінде кисе – темекі салатын қалта, өзбек тілінде кисса – киімнің қалтасы. Бұл лингвистикалық талдаулардан кісе атауының әу баста қалта атауы болып, кісе белдік – қалтасы бар белдік ұғымынан ықшамдалу заңдылығымен кісе – белдік атауына ауысқандығын байқау қиын емес.
Көшпелі түркі халықтарында белдікке тағылған кісе қалта б.з. I-мыңжылдықтың ортасынан қолданылып келеді. Көне түркі, қыпшақ заманына жататын өнер ескерткіштерінде түркі жауынгерлерінің белдіктерінде міндетті түрде кісе қалта бейнеленеді. Жазба деректердің мәліметі бойынша, көне қыпшақ тілінде кісе қалтан «қаптарғақ» деп аталған.

Кісе мәні

Кісе белдік қазақ белдіктерінің ең көне түрі. Көшпелі түркі халықтарында кісе белдік б.з. дейінгі I мыңжылдықтың ортасынан қолданылып келеді. Кісе белдік көне заманнан жауынгердің негізгі атрибуттарының бірі саналды. Қару жарақты іліп алып жүретіндіктен жауынгердің маңызды жабдығы болған бұл белдік түрі ерлер костюмының да маңызды элементіне айналып, иесінің әлеуметтік статусын, әлеуметтік жағдайын көрсетіп, әртүрлі дәрежені белгілеген. Адамның өмір жасының бір кезеңінен келесісіне өтуін, адамның қоғамдық статусының ауысуын, биік лауазымға ие болуын белгілейтін ғұрыптық салттарда белдік буыну осы өзгерісті тұспалдады. Сол себепті өте ерте замандардан барлық көшпелі халықтарда да, кейінгі заманда қазақтарда да кісе белдікті әшекейлеуге әдетте көп көңіл бөлініп отырды. Белдіктің бетіне әртүрлі қызметі бар және әшекейлік мақсаттағы түрлі металл шытыралар бекітіліп, шытыралардың саны, оның көркемделуі жауынгердің қоғамдық дәрежесіне сәйкес болды.

Ерекшелігі

Жауынгерлік белдік болған кісе белдіктің басты ерекшелігі – жан-жағынан салбырап түсіп тұратын, жауынгерлік қаруларды ілуге арналған әртүрлі салпыншақ қайысбаулары мен ілгектерінің болуы. Бұл ілгектер мен салпыншақтардың пішінінің өзгеруінде көшпелі жауынгердің жауынгерлік қаруы кешенінің даму тарихы да көрініс тапты десек болады. Сақ-скиф дәуірінде, ғұн-сармат кезеңінде кісе белдікке жақ пен оқтар салынған горит, семсер мен акинак ілінсе, түркі–қыпшақ замандарында кісеге жауынгерлік қарудың негізгі түрлері – жақ салынған садақ пен оқтар салынған қылшан, семсер, қылыш, қанжар, жауынгерлік балта ілінетін. Әр кезеңнің қаруларының белдікке іліну әдісі өзгеше болғандықтан сол кездегі кісе белдіктердің салпыншақтары мен ілгектерінің пішіні де өзгеріп отырды. Жақ пен оқтарды сақтайтын жабдықтардың – қорамсақ пен садақтың формасының өзгеруі, қылыш, семсерлердің іліну әдісінің өзгеруі олар ілінетін қайысбаулардың да өзіндік пішінін қалыптастырды.

Кісенің қазақтардағы қолданысы

Кісе белдік қазақтарда осы заманға дейін қолданылып келді. Қазақтарда да кісе белдік - ерлер костюмінің басты элементі. Әсіресе батырлар, жауынгерлер мен аңшылар қолданған негізгі белдік түрі болды.
Қазақтардың кісе қалтасының кейбір түрлерінде түркі-қыпшақ кісе қалталарымен ұқсастықты байқауға болады. Қазақтарда кісе қалтаның төртбұрышты, жарты дөңгелек, бесбұрыш және т.б. пішіндес бірнеше түрлері кездеседі. Кісе қалта бетін толық жауып тұратын қақпағымен біртұтас тері кесігінен тігіліп, ішкі жағында үлкенді кішілі екі-үш қалталық бөлімдерден тұрады.

Жасалу сипаты

Кісе белдік қайыс белбеуден және оған қайысбаулармен ілінген әртүрлі жабдықтардан тұрды. Қайыс белбеу екі қабат тері таспалардан немесе екі бүктелген бір таспадан тарамыс жіптермен тігіліп жасалды. Белдіктің қайыс белбеуінің ұзындығы 1,5-2 м болып, жалпақтығы 2,5-3 см болып келеді. Әдетте қайыс белбеудің бастарына темір ұштықтар бекітілді. Белбеуді тағу үшін оның оң жақ басының ұштығы ілгек түрінде жасалып, сол жақ басында осы ілгек ілінетін бірнеше тесіктері болады. Берік болу үшін тесіктердің шеттері дөңгелек түріндегі металл шытыралармен жиектелді. Қазақтарда кісе белдіктің тағылу әдісі негізгі түрі осы ілгек арқылы тағылу болды. Одан басқа тоғабас арқылы тағылу, қапсырма түріндегі тағылу және баумен байлану әдістері де қолданылды. Белдіктің ілгекпен тағылу және баумен байлану әдістері - көшпелі халықтарда б.з. дейінгі V ғасырдан, сақ-скиф заманынан бері қолданылып келе жатқан көне әдістер.

Кісеге ілініп жүретін жабдықтары

Кісе белдіктер. 1,2) Құлпытастағы суреттерден. Батыс Қазақстан. ХVIII ғ. 3) Ш. Уәлихановтың суретінен. ХIХ ғ. 4) Ресейдің Этнографиялық Музейі қорынан. ХIХ ғ. Ә. Марғұлан бойынша. 5) ҚР Орталық мемлекеттік музейі қорынан. ХIХ ғ. Кісеге ілінген заттар: а) кісе қалта, б) оқшантай, в) құты, г) пышақ қынымен, д) түйіндерді шешуге арналған іскек, ж) ілмек, з) оттық, и) дәрішақша.

Кісе қалтаға әдетте шақпақтас, пiлте, оқ-дәріні тығыздап қоюға арналған қағаз немесе маталар қиындыларын салып алып жүрген. ХIХ ғасырда орыс генерал Броневский қазақтарда «...белдік және оған тағылған тері қалта ұсақ жез және күмістелген темірмен әшекейленеді. Бұл қалтаның ішіне көз салсаңыз, сіз оның ішінен темекі, трубка, оттық, пілте, қағаз бен матаның қиындыларын табасыз. Қалтаның жанында қорғасын оқтарға арналған домалақ тері оқшантай, ағаш дәрісауыт және матадан жасалған қалташа бар...» деп жазады. Ш. Уәлиханов қазақтар кісе белдікті орыс юфтасынан тігетінін, қалтасына шақпақ, оттық, пілте, мылтықты майлауға арналған май салып алып жүретінін жазған.

  • «Оқшантай» – мылтықтан атылатын қорғасын оқтарды салып алып жүруге арналған кішкене тері қалташа. Белдікте екі оқшантай ілініп, олар әдетте қатар орналасты, кейде бір-бірімен де қайысбаумен қосылды, бірақ, кейде бір немесе үш оқшантай да тағылды. Кавказдықтардың, шеркестердің ұлттық костюмнің дәстүрлі элементіне айналған оқ салғыштар – «газырлар» сияқты, оқшантайлар да қазақтардың кісе белдігінің дәстүрлі тұрақты ұлттық элементіне айналды.
Толық мақаласы: Оқшантай
  • Кісе белдікке ілінген, мылтықты атуға қажетті оқдәрiні салып алып жүретін дәрісауыт – «құты» деп аталды. Қазақтардың дәрі салатын құтылар ағаштан, теріден және металдан жасалды. Ағаштан жасалған құтылар, көбінесе, домалақ пішінді болып келеді, бірақ, кейде төртбұрыш пішінді құтылар да кездеседі. Жезден, мыстан жасалған дәріқұтылар кейбір диалектік тілде «дәндәку» деп аталады. Оқпанның ауызынан оқталатын (пілтелі, шақпақты) мылтықтарда оқпандағы дәрі зарядын жандыру үшін оқпанның құлағына салынатын тұтатқыш дәрінің құрамы оқпандағы негізгі дәріден өзгешелеу жасалды. Сондықтан, қазақтар бұл тез тұтанғыш дәріні мүйізден жасалған дәрішақшада бөлек сақтап, оны да кісе белдікке іліп алып жүрген.
  • Жолда жүргенде от тұтатуға қажетті жабдық - темірден соғылып жасалған «оттық». От жағу үшін шақпақ пен оттық көшпелі тұрмыста өте ертеден қолданған. Ортағасырлық көшпелілер тұрақты қажетті зат ретінде кісе белдікте міндетті түрде темірден соғылған оттық іліп жүрді. Ортағасырлық өнер ескерткіштерінен (балбал тастарда, петроглифтерде) жауынгерлік кісе белдікке ілінген осындай ортағасырлық оттықтар түрлерінің бейнесін көруге болады. Көне оттықтың нұсқалары көшпелілер обаларынан табылған археологиялық табындыларда да кездеседі. Ортағасырлық оттықтар темірден дөңгелене иіліп, ұштары қайырылған формада соғылды. Кейін көшпелі халықтар оттықты ішіне шақпақ тас пен пілте салып алып жүруге арналған тері қалташа түрінде жасап, темір шақпағын қалтаның түп жағына бекітті. Еш өзгеріссіз бұл тип түркі-монғол халықтарында XIX ғасырдың аяғына дейін жетті. Қазақтар да кісе белдігінде міндетті түрде осындай типті оттықты іліп жүрді. От жағарда қолдың қозғалысын шектемеу үшін әдетте оттық белдікте ұзын қайысбауға ілінді.

Кісе белдікте бұлардан басқа әртүрлі мақсаттарға байланысты басқа да заттар ілінді. Соның бірі – пышақ, қылыш жүздерін қайрауға арналған жанқайрақ. Қайрақ сақ-скиф заманынан бері көшпелілер жауынгерлерінің белдігінде тұрақты ілулі жүретін қажетті заттың бірі болды. Сондай қажетті заттың тағы бірі – мүйізден, сүйектен жасалған, ұшы үшкірлеу, сәл имек болып келген іскек. Оның бір жақ басында тесік жасалып, белге ілу үшін қайысбау тағылды. Бұл затты арқан, жіптердің қатайып қалған түйіндерін шешу үшін қолданды. Ол үшін іскектің ұшымен түйіннің арасын сұққылап босатып, жіпті тартып шешеді. Аңшылардың кісе белдігінде әртүрлі нәрселерді ілуге арналған, ағаштан жасалып, ортасынан қайысбау байланған «ілмек» те тағылды.
Кісенің қайыс белбеуінің, кісе қалтасының, оқшантайларының беттері теріге бастырып салынған ою-өрнекпен, жезден, мыстан және темірден жасалып, алтын, күміс қақтап, қарала жүргізіп өрнектелген, пішіні әртүрлі шытыралармен көркемделді. Ауқатты адамдардың кіселерінің шытыралары күмістен құйылып жасалды.

Құрамдық бөліктерінің өзгеруі

XVI ғасырдан XX ғасыр аралығында қазақ кісе белдігінің құрамдық элементтерінің өзгеруінде де қазақтарда әскери қаруды қолдану тарихында болған өзгерістер көрініс тапқан. ХVI-ХVII ғасырларда кісе белдікке қынаптағы семсер, қылыш немесе сапы, жақ салынған садақ пен оқтар салынған қорамсақ, қындағы пышақ ілінсе, ХVIII ғасырдан оқдәрімен атылатын қаруды қолдана бастаумен кісе белдікке от қаруына қажетті жабдықтар іліне бастады. Енді қазақтардың кісе белдігінің басты дәстүрлі элементтері - мылтық атуға қажетті жабдықтар: дәрі салынатын «құты», оқтарды салып алып жүретін тері «оқшантай», пілте, шақпақ салуға арналған тері «кісе қалта» және пілтені тұтатуғу қажетті «оттық» болды. Кісе белдіктің толық қалпында қайысбаулар арқылы оң жақтан кісе қалта, құты, оттық, сол жақтан оқшантайлар мен қынға салынған пышақ арнаулы қайысбаулармен ілінді. ХХ ғасырдың басына дейін кісе белдікте ер адамдар міндетті түрде қынға салынған ұлттық пышақ түрін іліп жүрді.

Кісенің ғұрыптық мақсатта қолданылуы

Қазақтар кісе белдікті тікелей қызметінен басқа әртүрлі ғұрыптық мақсаттарда да қолданған. Адамдар қиыншылық көргенде, тәңірге жалбарынғанда кісені белден шешіп, мойнына салып тілек тілеген. Ол жөнінде халық ауыз әдебиетінде сақталған мәліметтер баршылық. Кісенің ырымдық, ғұрыптық қызмет атқаруы мал шаруашылығында да пайдаланылды. Мәселен, інген іш тастамасын деп ырымдап, інген мойынына кісе салатын болған. Мұндай ырымдар қыз айттыруға келетін жаушының (тілші) бір балағын шығарып, тымағын теріс қаратып киіп келуі сынды т.б. ерекшеліктерді атауға болады.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Броневский С. Записки о киргиз-кайсаках Средней Орды. Отечественные записки. 1830. Ч.41. Кн.119. С.400-420; Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в 5-ти томах. Т.1. Алма-Ата: Изд.-во АН Каз ССР, 1961; Собрание сочинение в пяти томах. Том V. Графическое наследие. Алма-Ата: Наука, 1972;
  • Захарова И.В. Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда: XIX – начала XX вв. Алматы: Наука, 1964;
  • Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1967;
  • Казахско-русские отношения в ХVIII-ХIХ веках (1771-1867 годы): (Сборник документов и материалов). - Алма-Ата: Наука, 1964;
  • Курылев В.П. Оружие казахов. Материальная культура и хозяйство народов Кавказа, Средней Азии и Казахстана. СМАЭ. Т.XXXIV. Л.:Наука, 1978. С.4-22;
  • Самашев З., Жетібаев Ж. Қазақтың этнографиялық суреттеріндегі белбеу мотиві. ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 1997. №12. 57-67 бб.;
  • ҚР МОМ материалдарынан;
  • ОМЭЭ-материалдарынан.