Күрте
Күрте — жеңсіз жеңіл киім. Онда жең де, жаға да болмайды. Күрте екі өңірі мен артқы бойдан тұрады. Ұзындығы шалбарлық ышқырынан аспайды. Күртені мақта не жүн тартып та, теріні матамен тыстап та тігеді. Астарына кез келген мата жарайды. Әйелдер киетін күртеге атлас, шағи сияқты жібек тектес маталар, ал ерлер киетін күртеге барқыт, мәуіті секілді әрі мықты, әрі қалың бір түсті мата пайдаланылады. Тері күрте тігу үшін суыр, борсық, қарсақ, түлкі сияқты аңдардың терісі мен қозының, лақтың елтірісі, кейде тіпті қойдың терісі, қылшығынан тазартылған ешкі түбіті пайдаланылады. Ісмер ең алдымен күртенің тысын өлшеп алады да, одан соң сол матаға шақтан теріні пішеді. Ол үшін теріні алдымен құрап күрте шығатындай етіп алады. Оның тігісін тақыр жағына келтіріп, жөрмеп құрайды. Пішілген теріге жұқа матадан бидай шүберек көктеп, терінің өзін жеке тігеді. Одан кейін сыртын матамен тыстайды да, шүберекті тысына айналдыра жапсырады. Күртені мақта не жүн тартып тіккенде ең алдымен тыш мен астарын пішіп алып, астарлық қиындының үстіне мақтаны не жүнді біркелкі етіп тартады. Ең соңында күртенің екі өңірі мен артқы бойын құрайды.
Күртені айналдыра басқа матамен, кейде сол тыстық матаның қиығымен әдіптейді. Күрте — әрі кеудеге суық өткізбейтін жылы, әрі ықшамды киім.Күртені жейде не көйлектің сыртынан, бетпенттің ішінен киеді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |