Магнетит
Магнетит
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магнетит, магнитті теміртас (грек. magnetіs — магнит) — оксидтер класының минералы. Химиялық формуласы FeO•Fe2O3, FeO — 31%, Fe2O3 — 69%, Fe — 72,4%. Сонымен қатар MgO, Cr2O3, Al2O3, MnО, ZnO, тағы басқа қоспалары жиі кездеседі. Кубтық сингонияда кристалданады. Жеке кристалдары октаэдр, ромбододекаэдр кейіпті, ал минералдық агрегаттары ұсақ түйірлі масса, сеппе түрінде кездеседі. Түсі қара, металша жылтырайды, қаттылығы 4,9 — 5,2, тығыздығы 4800 — 5300 кг/м3. Электр тогын жақсы өткізеді, магниттілігі күшті. Балқу t 1591 — 1597ӘС. Тотыға келе гематитке ауысады. Изоморфты қоспаларына байланысты магномагнетит, манганмагнетит, ванадомагнетит, хроммагнетит, алюмомагнетит, тағы басқа түрлерге жіктеледі. Ильменит, тағы басқа титан құрамды минералдармен тығыз кристалданған түрлері титаномагнетит деп аталады. Магнетит магмалық, метаморфтық, жапсарлық-метосоматикалық жыныстарда, гидротермалдық процестерге ұшыраған жыныстарда түзіледі. Құрамында 60% таза темір бар түрлерінен шойын және болат балқытылады. Техникада көбінесе жасанды Магнетит қолданылады. Кен орындары Қазақстанда Қостанай темір кенді алабында, Атасу кенді ауданында, тағы басқа жерлерде кездеседі. [1]
Магнетиттің жаратылысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Оның гематиттен айырмашылығы — тотықсыздану жағдайларымда пайда болады және түрлі кендер мен тау жыныстарының түрлі-түрлі генетикалық типтерінде кездеседі. 1. Магнетит табиғатта балқыған магмадан бөлінеді. Магнетит жердін терең қабатынан магмамен бірге көтеріліп, соның ішінде сеппелер түрінде, ал басқа жағдайларда — қалың қабат тәрізді массалар — шлирлер түрінде пайда болады.
2. Магнетит магма мен ізбестастардың контактысында хлорлы темірдің газ тәрізді ұшпалы қосындысының қатынасуынан да пайда болады. Осы жағдайда магнетитпен қатар скарн атты тау жынысы түзіледі. Скарнның өзі орташа (сиенит) және қышқыл (гранит) жыныстардың ізбестастармен кездескен контактысында пайда болады. Оның құрамында: анарлар, эпидот, диопсит және басқа кальцит силикаттары болады.
3. Темір кенінің үстіңгі зонасында магнитті теміртас біртіндеп тотықтанып, қызыл теміртастың құрамына ұқсас мaртитке ауысады.
4. Магнитті теміртас недәуір мөлшерде метаморфтық жыныстардың — темірлі кварциттердің — құрамдарына кіреді. Магнетит өте бағалы темір рудасы, ол темір қорытып алу.
Магнетит кені
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магнетит кені біздің елімізде Уралда (Магнит тауы, Высокая тауы, Благодать тауы), Қавказда, Азербайжанда (Дашкесан), Курск магнит аномалиясында, Ангарскіде, Қазақстанда (Кен төбе, Қостанай, Атансор, Ұлытау кендері тағы басқа), Украинада (Кривой Рог) кездеседі.
Шет елдегі кені АҚШ-та (Жоғары көл кені, Лабрадор түбегіндегі кен), Швецияда (Кирунаваар, Люоссаваар кендері) бар
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсаиынов — Алматы: "Мектеп" баспасы" Ж А Қ , 2003. — 248 бет. ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |