Мазмұнға өту

Моңғолдың құпия шежіресі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
"Моңғолдың кұпия шежіресі" бір беті. Сол жақ бағаналарда моңғол тілі, ал оң жақта — қытай тіліндегі транскрипциясы мен глоссарийі. Қытай, 1908 ж.

“Моңғолдың құпия шежіресі”1314 ғасырлардағы жазба мұра. Моңғолияны мекендеген түркі тайпаларының (найман, керей, меркіт, қоңырат, жалайыр, татар, ұйғыр) тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік-саяси өмірі суреттелген, сондай-ақ тарихы, тілі, этнографиясына қатысты деректер мол кездеседі. Шежіре шамамен 1240 жылы аяқталған. Авторы белгісіз, ол хан ордасында қызмет етіп, еңбекті ұйғыр әліпбиі негізінде жазған. Еңбек ақсүйектер ғана оқитын мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты, стратегиясы мен тактикасы, әскери доктринасы жайлы жазылған кітап болғандықтан “Моңғолдың құпия шежіресі” аталған. 1382 жылы қытайлар шығарманы қытай әліпбиімен қайта көшірген. Осылайша моңғол тілінде, қытай әліпбиінде жазылған нұсқа Пекин архивінде сақталды. Еңбекті моңғол ғалымдарымен қатар шетелдіктер де зерттеді. Еуропалықтар алғаш орыс ғалымы И.Кафаровтың қысқаша аудармасы (1866) арқылы таныды, кейіннен неміс зерттеушісі Хейниш (1937), кеңес тарихшысы С.А. Козин (1941), француз ғалымы П.Пеллио (1949) толықтай аударып, бастырды. Қ.Дамдинсүрэн, Ш.Гадамба, Д.Цэрэнсодном секілді моңғол ғалымдары құнды зерттеулер жасады. 1969 жылы “Моңғолдың құпия шежіресі” қазақ тілінде М.Сұлтанияұлының тәржімалауымен Баян Өлгий қаласында жарық көрді. Өлеңін аударған И.Байбатырұлы, алғысөзін жазған Б.Бұқатұлы. “Моңғолдың құпия шежіресі” 1998 жылы Алматыда, 2002 жылы Улан-Баторда қазақ тілінде қайта жарияланды.[1]


"Моңғолдың кұпия шежіресі" (Юан Чао Би Ши) — 1240 ж. көне Моңғол тілінде, көне ұйғыр әрпімен жазылған ескерткіш. Алғашқы нұсқасы қазіргі дейін белгісіз. Кім жазғаны да беймәлім. Чех ғалымы Поухоның пікірінше, Чыңғыс қағанға ең сенімді, мемлекеттік төреші, татар азаматы Чікіқұтұқ жазды. Себебі, ол ұйғырша хат білетін, Чыңғыс ордасының ішкі-сыртқы саясат істерін, Чыңғыс қағанның бұйрық-әмірін орданың жасырын "Көк кітапшасына" белгілеп отыратын адам болған деп жорамалдайды. "Моңғолдың кұпия шежіресінің" аты: көне Моңғолша "Моңғол-үн нығуча тобчыйан" (Моңғолун - Моңғолдың, нығүча — құпия, тобчый- ан — қысқаша жинақ, тұжырымды жинақ), қазіргі моңғолша "монголын нууц товчоо". Қытайша аты: "Юан Чао Би Ши" (Юан — мемлекет аты, Чао — қупия, Би Ши — тарих). "Моңғолдың кұпия шежіресі" Қытайдың "Хун-У" патшасының тұсында 1382-жылдар шамасында, қытай адамдарының моңғол тілін үйренуіне көмекші құрал ретінде, моңғол тілінде, қытай иероглифімен көшіріліп жазылған. Бұл кешірме Бейжин (Пекин) кітапханасында сақталып қалған. Осы көшірмені тұңғыш рет орыс ғалымы И. Кафаров қытай иероглифінен сөз дыбыстарын бұзбай, сол қалпында орыс әріпімен транскрипциялап, оны орысшаға аударып, 1866 ж. бастырды. Осы басылым шығыстанушыларға "Моңғолдың кұпия шежіресін" зерттеуге жол ашады. Моңғол ғалымы академик Ц. Дамдинсүрэн тұңғыш рет (1940 ж.) "Моңғолдың кұпия шежіресін" көне Моңғол тілінен қазіргі Моңғол тіліне тәржімелеген. "Моңғолдың кұпия шежіресінде": "Чыңғыс қағанның арғы тегі тәңір шуағынан жаралған Батачы хан, зайыбы Қоғай Марал" дейді де, бұл екеуінен тараған үрім-бұтағын ұластырып айтады. Чыңғыс қағанның балалық шағын, есейіп-ер жетуін, моңғол тайпаларының басын қосып, "Біріккен Моңғол мемлекетін" құруын, көршілес түркі тайпаларын ырқына енгізуін, Орта Азия, Еуропа елдерін жаулап алуын, Чыңғыс қағанның өлгенге дейінгі іс-әрекетін дәл шындығы бойынша тақпақпен, қысқаша жырмен, шебер қара сөзбен баяндайды. "Моңғолдың кұпия шежіресі" XIII—ХІғғ. кезіндегі Моңғол тарихын, тілін, әдебиетін түсінуге, зерттеуге елеулі рухани мұра болып қана қоймай, сонымен бірге, ол - түркі тайпаларының, сол кездегі тарихын, тілін, әдебиетін салыстырып түсінуде, зерттеуде аса құнды рухани мұра екені даусыз. Олай дейтініміз, қазіргі Моңғолияның жерінде белгісіз дәуірден ҮІ—XII ғасырға дейін қазіргі қазақ халқының найман, керей, қоңырат, меркіт тайпалары және түркі тілдес қырғыз, ұйғыр, татар тайпапары шығыс-оңтүстіктегі Моңғол тайпаларымен көршілес қарым-қатынаста болды. Шығыстанушы ғалым Б. Напил "Моңғолдың кұпия шежіресіндегі" сөздердің елудей пайызы (50%-і) қазақ тілінің сөздік қорында сәйкеседі" деп тұжырымдайды. Байымдасақ, қазақ тілі — өзге түркі тілдерін және Моңғол, тұңғыс-маньчжур, жапон, корей тілдерін салыстырып зерттеуге ең негізгі өзек тіл екендігін ғылыми мінбеде батыл айта аламыз.[2]

Сокровенное сказание монголов Мұрағатталған 22 қарашаның 2015 жылы.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3

Cілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]