Мәкрүһ
Мәкрүһ - сөздікте жағымсыз, ұнамсыз, жек көрілген нәрсеге айтылады. Діни терминге салсақ, дін тұрғысынан ұнамсыз, жаман іс-әрекет.
Дәрет пен ғұсыл алғанда суды ысырап ету секілді іс-әрекеттер осы мәкрүһке жатады. Мәкрүһ екіге бөлінеді: Харамға жақын мәкрүһ (Тахримән мәкрүһ). Дәрет алғанда суды ысырап ету, т.б. Халалға жақын мәкрүһ (Тәнзиһән мәкрүһ). Мұрынды оң қолмен шаю, т.б. Мәкрүһтің үкіміне келсек, мәкрүһті істемеген жағдайда, сауап. Жасалса, ол адам ақыретте азапқа ұшырауы ықтимал. Бұл - Имам Ағзам мен Әбу Юсуптың көзқарасы. Имам Мұхаммед: «Харамға жақын мәкрүһ дәл харам секілді қабыл етіліп, ақыретте азапқа лайық», - дейді. Халалға жақын мәкрүһке келсек, жасалуында ақыретте азап жоқ. Бірақ жасамаса, сауап. Мәкрүһті халал санау - қателік. Бірақ адам діннен шықпайды.[1]
Намаздағы мәкрүһтер - тахрим мәкрүһ (харамға жақын) және тәнзиһ мәкрүһ (харамнан қашық) болып екіге бөлінеді. Намазда бір уәжіпті тәрк ету - тахрим мәкрүһ, Намазда бір сүннетті тәрк ету - тәнзиһ мәкрүһ.
Намаздағы мәкрүһтер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Намаздың уәжіптерінің бірін әдейі тәрк ету. Мысалы, «Фатиханы» оқымау немесе әдейі құпия оқылатын Намазды жария оқу яки жария оқылатын Намазды құпия оқу секілді. Тахрим мәкрүһ болған мұндай Намаз дұрыс десек те, қайта оқылуы уәжіп. Өйткені кемістік ұмытылмай, әдейі тасталынып отыр. Ұмытылып тәрк етілсе, қателік (сәһу) сәждесі арқылы түзетіледі.
- Екінші рақатты бірінші рәкатқа қарағанда ұзақ оқу - мәкрүһ.
- Намаздың сүннеттерінің бірін әдейі тәрк ету - мәкрүһ. Мысалы, рүкүғтегі тәсбихті оқымау.
- Намаз оқыған кезде ешқандай себепсіз бір нәрсеге сүйену (қабырғаға, тірек, т.б.).
- Намазда себепсіз бір-екі қадам жүру Бірақ, жылан немесе шаянды өлтіру секілді белгілі бір себептермен жүрсе - мәкрүһ емес. Бірақ бұл жүру көп іс-қимылды тудырса Намаз бұзылады. Мұндай жағдайда зиянкесті жою үшін Намазды бұзуға болады.
- Қырағатта сүрелердің кезекпен оқылмауы - мәкрүһ. Мысалы, бірінші рәкатта «Нас» сүресін оқып, одан кейін «Ықылас» сүресін оқу тәрізді.
- Бір рәкатта бір сүренің екі рет оқылуы немесе парызда екі рәкатта да «Фатихадан» кейін дәл бірдей сүрені қайталан оқу - мәкрүһ. Бірақ бұл нәпіл Намаздарда мәкрүһ емес.
- Намаз оқыған кісі қолымен киім, дене, сақалымен ойнауы және қолын аузына қоюы, т.б. мәкрүһ. Бұл туралы Хадисте: «Аллаһ сендер үшін үш нәрсені мәкрүһ санады: Намазда бос нәрселермен айналысу, оразада жаман сөз айту, мазаратта күлу» (Бухари, Зәкәт, 53). Бірақ жүздегі терді сүрту немесе сәжде ететін жердегі ұсақ тастарды бір рет түзетуді дұрыс санаған.
- Намазда қиям (аяқта тұру), қырағат, рүкүғ және сәжде кездерінде қолдарды сүннет болған мүшелерге себепсіз қоймауы - мәкрүһ. Мысалы, қиямда екі қолын екі жаққа тастауы секілді.
- Намазда бит, шыбын, т.б. өлтіру, қуалау - мәкрүһ. Бірақ құмырсқа секілді жәндіктер шағып мазасын кетірсе, алып тастауға болады.
- Ерлердің сәжде еткен кезде білектерін түгелдей жерге тигізуі - мәкрүһ.
- Намазда керілу немесе есінеу - мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Есінеу - шайтаннан. Кімде-кім есінегісі келсе, шамасы келгенше жеңуге тырыссын» (Бухари, Бәд'л-Халқ, ІІ. Әдәб, 127),-деген.
- Намазда себепсіз өз қалауымен түшкіру -мәкрүһ.
- Жеті жерде Намаз оқу - мәкрүһ. Бұларды Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Күл-қоқыста, мал сойылған жерлерде, мазаратта, жол шетінде, моншада, түйе қорада және Қағбаның үстінде» (әш-Шәукани, ІІ 138) деп, саралай атап айтқан.
- Намазда тістерінің арасындағы ноқаттан кішкене бір нәрсені жұту - мәкрүһ. Одан үлкен болса, Намаз бұзылады.
- Дастарқан жайылып, тамақ әзір тұрғанда Намазға тұру - мәкрүһ. Бірақ Намаз уақытының шығуы жақындаса, ол бұдан тыс нәрсе.
- Намазда көздерін жұму немесе көздерін көкке тігу, жан-жағына қарау немесе басын бұрып қарау - мәкрүһ. Негізінде Намазда адамның көзін тартатын нәрселер болса, мұндай жағдайда Намазды көңіл қойып оқу үшін көзін жұмуға болады. Ал көзін көкке тігу мәселесіне келсек, Аллаһ Елшісі былай дейді: «Бұл әрекетін тоқтатсын немесе Аллаһ олардың көздерін көр етеді» (Бухари, Азан, 93).
- Саусақтарын бір-бірімен айқастыру, шытырлату - мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мешіттегі кісі - саусақтарын бір-бірімен айқастырмасын. Өйткені мұндай іс-әрекет - шайтаннан. Мешіттегі кісі - сыртқа шыққанға дейін намазда» (әш-Шәукани, ІІ 328). Әбу һурайра: «Аллаһ Елшісі намаздарда саусақтарды шытырлатуға тыйым салды» деген.
- Намазда сәлем бермей жатып терлерін немесе жүзіне жұққан шаң-тозаңды сүрту - мәкрүһ. Бірақ көзге кіретіндей болса, ондай терді сүртудің оқасы жоқ.
- Имамнан бұрын рүкүғ немесе сәждеге бару, одан бұрын рүкүғ немесе сәждеден басын көтеру - мәкрүһ. Бірақ имамға ұйыған адам имамнан бұрын рүкүғ немесе сәждеге барып, имам рүкүғке яки сәждеге бармай жатып, басын көтерсе, Намазы бұзылады. Бұндай жағдайда, имам рүкүғтан, яки сәждеден тұрмай тұрып, имаммен бірге рүкүғті яки сәждені қайтадан жасауы керек.
- Қиям, рүкүғ және сәжде арасында тәкбір мен тәсбихтарды өз орнынан кейінге қалдыру - мәкрүһ. Мысалы, қиямнан рүкүғке барғаннан соң «Аллаһу әкбар» деу секілді.
- Жанған отқа қарай Намаз оқу - мәкрүһ. Өйткені мұнда отқа табынушыларға ұқсау бар. Жанған ошақ пен пеш, газ да осыған жатады. Шырақ, лампа, электр пеші бұған жатпайды.
- Арасында ешқандай пердесіз бір адамның жүзіне тікелей қарап Намаз оқу - мәкрүһ. Бірақ адамның арқасына қарап Намаз оқуға болады.
- Уақыт бола тұрса да үлкен немесе кіші дәретке қысылып тұрып Намаз оқу - мәкрүһ. Бұл тұрғыда: Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Тамақ әзір тұрғанда және кіші, үлкен дәреті қысқан адамның оқыған Намазы толық емес» - деген сөзі бар (Муслим, Мәсәжид, 67).
- Аз мөлшерде ластықтың дене немесе Намазы оқылатын жерде болуы - мәкрүһ.
- Бір аяқпен тұру немесе бір аяғын бір аяғына сүйеу - мәкрүһ.
- Намазда себепсіз киімді кимей, иығына жауып оқу - мәкрүһ.
- Таза киімі бола тұрса да, кір киіммен оқу - мәкрүһ.
- Ерлердің күн ыстықта үстіне киім кимей оқуы - мәкрүһ.
- Ерлердің ешқандай себепсіз жібек киіммен Намаз оқулары - мәкрүһ.
- Киімнің шаң болуынан немесе тізелерінің тозуынан, киімнің қырының бұзылуынан сақтану үшін, рүкүғ немесе сәждеге барған кезде киімді жайлап жоғары көтеру - мәкрүһ.
- Адам немесе жан-жануардың суреті бар киіммен намаз оқу немесе мұндай матаға сәжде ету - мәкрүһ. Бірақ, мұндай киімнің үстін басқа киіммен жауып оқыса, ештеңе етпейді.
- Намаз оқыған адамның төбесінде, алдында, оңы мен солында жанды нәрселердің суреті тұруы - мәкрүһ. Бірақ мүшелері жай қарағанда көрінбейтін кішкене бір суреттің оқасы жоқ. Төлқұжат, куәлік, ақша сияқты нәрселердегі суреттер қалта секілді жабық жерде болса, ештеңе етпейді.Намазды бұзатын нәрселер. Намаздың сыртқы немесе ішкі парыздарының біріне қандай да бір нұқсандық келсе, намаз бұзылады.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
- ↑ Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — Ислам туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |