Натюрморт
Натюрморт (фр. nature morte – өлі табиғат) – бейнелеу өнері жанрының бірі; қоршаған ортадағы бір құрылымға топтастырылған түрлі тұрмыстық заттар мен жеміс-жидектерді, өсімдіктер, тағамдарды бейнелеу.
Бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда натюрморт суретшіден өзі кескіндейтін нәрсені табиғи қалпында, дәл де нәзік жеткізуді талап етеді. Натюрмортың алғашқы белгілері Ежелгі Шығыс, Рим, Грекия өнерінде көрініс тапқан. Натюрморт жанр ретінде 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың басында Голландияда пайда болды. Натюрморттың жан-жақты дамуына ұлттық кескіндеме мектептері ұйытқы болды (17 ғасырда). 19 ғасырда өмір сүрген атақты суретшілер Ф.Гойя, Э.Делакруа, Г.Курбе,Э.Мане, т.б. Натюрморттың өркендеуіне ат салысты. Натюрморт жанрының шыншыл да дәлдікпен өзіндік әсерге ие болуы постимпрессионизм шеберлерінің кезеңіне (В.Ван Гог, П.Сезанн, т.б.) сәйкес келеді. Кейіннен фомизм (А.Матисс), кубизм (П.Пикассо, т.б.) ағымдарындағы суретшілермен қатар Мексика (Д.Сикейрос), Италия(Р.Гуттузо) шеберлерінің еңбектерінен де натюрморт көрініс тапты. Кеңестік дәуірде натюрморт жанрында П.П. Кончаловский, И.И. Машков, М.Сарьян ерекше танымал болды. Қазақ суретшілері: Ә.Жүсіпов (“Шыны аяқ”, 1960), А.Ғалымбаева (“Дәмді шай”, 1966), С.Айтбаев (“Кітаптар”, 1966), Т.Тоғызбаев (“Қарбыз бейнеленген натюрморт”, 1974), К.Дүйсенбаев (“Табиғат көрінісі”, 1978), Е.Кәрібеков (“Натюрморт”, 1986), Б.Ақанаева “Күміс натюрморт” (2003), А.Жансейітова “Натюрморт” (2003), т.б. натюрморт жанрының шеберлері атанды.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 7 том