Нұралы хан
Нұралы хан | ||
Лауазымы | ||
---|---|---|
| ||
1748 — 1786 | ||
Ізашары | Әбілқайыр хан | |
Ізбасары | Жармұхамбет хан | |
| ||
1740 — 1742 | ||
Ізашары | Тахир хан | |
Ізбасары | Абі-л-Ғазы-хан II | |
Өмірбаяны | ||
Діні | Ислам | |
Дүниеге келуі | 1704 Қазақ хандығы | |
Қайтыс болуы | 1790 Үфі, Ресей Империясы | |
Әкесі | Әбілқайыр хан | |
Балалары | 14 баласы (соның ішінде Есім хан, Шығай хан және Бөкей хан) мен 26 қызы | |
өңдеу |
Нұралы хан (1748-1786) — билік құрған. Әбілқайыр хан өлген соң, 1748 жылы Кіші жүздегі хандық таққа оның ұлы Нұралы отырды. Бұл шешімді Ресей патшайымы Елизавета Петровна бекітті. Нұралы патшалық билік тарапынан бекітілген бірінші қазақ ханы еді. Патша үкіметі бұл әрекеті арқылы ендігі уақытта қазақ жұрты хан ретінде мойындаған сұлтанды хандық дәрежеге бекіту немесе бекітпеу өз еркінде екендігін білдіруі еді. Бұл қазақ халқының дербес мемлекеттігін жоюға бағытталған алғашқы қадам, сондай-ақ "Патшалық ішінде патшалықтың болуы мүмкін емес!" деген стратегиялық бағыт көрінісі болатын.
Өмірбаяны
Нұралы хан да әкесі Әбілқайыр сияқты ел арасындағы ықпалды топтардың қолдауына сүйене алған жоқ. Әкесіне ұқсап ол да алғашқы жылдары жалпықазақтық тақтан үміткер екендігін білдірді де, бірақ сыртқы істер коллегиясы И.И.Неплюевтің кеңесі бойынша, Нұралы ханның өтінішін қолдамады, сөйтіп бекіту грамотасында оның билік ауқымын белгілемей, жай ғана "қазақ ханы" атады. Бұл қазақ коғамын жеке хан билігі арқылы басқарудан бас тарту еді. Нұралы ханға дара қолдау көрсету өз ретінде Абылай хан, Барақ хан және басқа ел арасындағы аса беделді билеушілерді Ресейге қарсы қоюмен тең болды. Осы жағдайды ескере отырып, Петербургтік билік Неплюев ұсынған, қазақ қоғамындағы ықпалды топтардың бірде-бірінің басқалардан ерекше күшейіп кетуіне жол бермей, олардың арасында күштер "тепе- теңдігін" сақтау саясатын ұстануға көшті. Сөйтіп, қазақ саяси элитасын баскарудың ресейлік әдісі осылайша орныға бастаған еді. Ресей үкіметінің бұл саясатының орнығуына қазақ коғамының ішіндегі билеуші топ арасындағы алауыздықтың етек алуы, сондай- ақ Нұралы ханның ел арасында беделінің жоқтығы колайлы жағдай туғызды. Әбілқайыр ханның ескі жауы Батыр хан ІІ Нұралыны хан ретінде мойындаудан бас тартып, Сырдарияның төменгі ағысындағы шекті тайпасының старшындары оны өздеріне хан сайлайды. Сөйтіп, Кіші жүз екі хандыққа бөлініп, солтүстік-батыс бөлігі Нұралы ханға, ал оңтүстік-шығыс бөлігі Батыр ханға қарады. Егер Нұралы ханның Ресейге тәуелділігі жыл өткен сайын арта түскен болса, Батыр сұлтан өзін Ресейден алысырақ ұстап, Хиуа хандығының қолдауына сүйенуге бейімділік танытады.
Нұралы хан билігінің әлсіреуіне оның көрші халықтармен екі жаққа бірдей тиімді қатынас орнықтыра алмауы да үлкен әсерін тигізді. Оңтүстік шекарада Хиуаға бағынышты түрікмендермен арада бейбіт қатынастың орныға қоймауы салдарынан Нұралы әскері біріккен өзбек-түрікмен қолдарынан қирай жеңіліп, мыңнан аса қазақ жігіттері опат болды. Ханның Еділ мен Жайықтың арасындағы торғауыт қалмақтарымен қатынасы да өзара жаугершілік сипатта болды. 1771 жылы қысында патшалықтың езгісі мен зорлығынан Жоңғар жеріне кашқан торғауыттарды Нұралы хан Ералы және Айшуақ деген інілерімен бірге аяусыз тоналды.
Нұралы ханның саясаты Кіші жүз қазақтарының башқұрт халқымен арақатынасының шиеленісуіне алып келді. 1755 жылы Башқұртстанда Ресей езгісіне қарсы жаңа көтеріліс бұрқ ете калды. Патша әскерінің қуғынынан ығысқан елу мыңға жуық башқұрттар қазақ даласына еніп, қазақтармен біріге орыс шабуылынан қорғанудан үміттенді. Орынбор губернаторы И.И.Неплюев Нұралы ханға және басқа қазақ билеушілеріне арнайы грамота жолдап, онда башқұрттардың малы мен мүлкін тонап, өздерін құлға айналдыруға шақырды. Бұл үндеу қазақ ауылдары арасында кең қолдау тапқан жоқ. Тіпті орыс билігінен бірігіп корғану мақсатында жетіру тайпасы жерінде қазақ-башқұрт аралас қолдары құрылып, шекара бекіністеріне шабуылдар да жасалынды. Дегенмен Орынбор губернаторының тілегін орындауға кірісіп кеткен Нұралы мен оның інілері башқұрттарды тонап, олардың басшысы Батырша Әлеевті орыстарға ұстап беруге күш салады. Бұл сатқындық әрекеттен қазақ пен башқұрт елдері арасындағы туыстық қатынас бұзылып, өзара жаугершілікке ұласуына жол ашты.
Көршілерімен араздасқан Нұралы хандық ішінен де қолдау таба алмады. Патшалық әкімшілікпен ғана жақын болу жолына түскен ханның рубасылармен арақатынасы алшақтап кетті. Хандықтың күнделікті өміріне байланысты шақырылып тұратын билер кеңесі де сиреп, билердің ел басқару ісіне араласу мүмкіндігі тарыла түскенді. Ал Нұралы ханның Жайықтың оң жақ бетіндегі жайылымдарды пайдалануға патшалык әкімшіліктің келісімін ала алмауы, соның салдарынан мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы ханның беделін біржола құлдыратты. 1785 жылы генерал-губернатор О.А.Игельстром II Екатерина патшайымға: "Рубасылары мен халықтың ханға наразылығы соншалықты зор, тіптен өздерінің берекесі мен тыныштығын алушы ретінде қарайды", — деп жазды.
1772 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының отарлық билік пен хан-сұлтандардың зорлығына қарсы азаттық қозғалысының басында тұрған Сырым батыр өзін қолдаған рубасыларымен біріге отырып, Нұралыны биліктен аластау мәселесін қояды. Генерал-губернатор қозғалыс басшыларының бұл талабын орындап, 1785 жылы Нұралы ханды Орынборға шақыртып алып, оған қызметкерімен бірге тұруға Уфадан жарамды үй бөлдіріп, күнкөріс үшін жылына 5 мың сом қаржы тағайындайды.
Әдебиет
- Ерофеева И.В. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. - 696 с. + вкл. 44 с. — ISBN 978-9965-832-26-0.
|