Оғыздар
Оғыздар (ежелгі түркіше – оғуз; қазақша – оғыз) —— орта ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген түркі тілдес тайпалар. Оғыздар атауын бірқатар зерттеушілер алғашқыда «тайпалар», «тайпалар бірлестігі» деген ұғымды білдірген деп есептеді.
Оғыздар жайлы деректер түрлі жазба ескерткіштерде, шежіреде, жыр, аңыз әңгіме үлгілерінде ғұз, оғыз деген атаулармен ертеде орта ғасырлардан басталғаны белгілі. Оғыз атауының ұлыстық, тайпалық этнонимге айналуы түркі халықтарына ортақ «Оғызнама» жырындағы басты кейіпкер Оғыз қаған есімімен тікелей байланысты. Жырда ол барша түркі ру-тайпаларының арғы атасы етіп көрсетіледі. Уақыт өте келе оның есімі этностық атау мағынасына айналған.
7 ғасырдың басында Түркі қағандығы құрамында тоғыз оғыз одағы пайда болды. Орхон руна жазуында Шығыс Түркі қағандығы (6 – 8 ғасырлар) құрамына кірген Оғыздар тайпалары Шығыс Моңғолияны мекендегендігі айтылады. Н.Я. Бичурин өзінің «Ерте кездері Орта Азияны қоныстанған халықтар жөніндегі мәліметтер» жинағында «Шығыс Түркі қағандығы кезінде Ашина ұрпағының «түркі» атымен (қайта аталып) оғыз-түркі тайпа одағының әкімшілік бірлігі болды» деп жазады.
Оғыздар шамамен 8 ғасырдың орта шенінде Жетісудан Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі ағысы алқаптарына жылжи бастаған. Қырғыздар шабуылынан 840 жылы Ұйғыр қағандығы ыдырап, оған тәуелді түркі-оғыздар қарлұқтармен болған қақтығыс нәтижесінде 9 ғасырда батысқа қарай ығысты. 9 – 10 ғасырларда Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағында Оғыздар этносы бірте-бірте қалыптасып орнықты. Оғыздардың этностық құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын мекендеген ежелгі этностық топтар (негізінен, түркіленгендер) мен Жетісу, Сібірдің көшпелі және жартылай көшпелі рулары мен тайпалары енді. Оғыздар бірнеше тайпаға, тайпалар руларға бөлінді.
Оғыз мемлекетінің кәсібтері туралы Араб тарихшысы әл-Жахиз: «Түріктер қолөнердің барлық түрін істейді, қару, жебе, ер-тұман, қарамсақ, найза жасайды» Ал Араб географы әл-Идриси оғыздар мен қимақтар туралы: «Ондағы шеберлер темірден ғажайып әдемі бұйымдар жасайды»
Шаруашылық түрі: Жартылай көшпелі, жартылай мал шаруашылығы, суармалы егіншілік. Қыстауы- Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал теңізі. Жайлауы- Каспий теңізінің аймағы. Мал өнімдерін Орта Азия, Қытай сияқты елдермен айырбас сауданык шикізат көзі ретінде пайдаланған.
Махмұт Қашқаридың (11 ғасыр) деректерінде оғыздардың алғашқы 24 тайпадан, кейін 22 тайпадан құралғаны айтылады. Олар: қынық, қайығ, байундур, йуа-йыуа, салғур, афшар, бәктілі, бугдуз, байат, йаз-ғыр, аймур, қарабөлук, алқабөлук, ігдір, урәгір-йурәгір, тутырқа, улайундлуғ, тугәр-тігер, бажанақ, чувулдар, чәбич, чаруқлуғ. Жетекші руы – қынық. Оғыздар бұзұқ (бузук), ұшұқ (учук) болып екіге бөлінді. Олар тиісінше оғыздар әскерлерінің оң және сол қанаттарына кірді. Осы топтардың әрқайсысы теңдей екі топқа бөлінген 24 тайпадан құралды.
9 ғасырдың соңы мен 10 ғасырдың ортасында Арал теңізі, Каспий теңізі және Сырдарияның төменгі алқаптарында Оғыз мемлекеті құрылды. Мемлекет орталық Янгикент (Жаңакент) қаласы болды. Махмұт Қашқари оғыздардың Сабран (Сауран), Сіткун (Сүткент), Суғнақ (Сығанақ), Қарнақ, т.б. қалалары болғандығын айтады.
11 ғасырдың ортасында шығыстан келген қыпшақтар оғыздар мемлекетін талқандады. Оғыздардың бір бөлігі батысқа кетіп, оңтүстік орыс далаларына қоныс тепті. Салжұқтар басқарған басқа бір бөлігі алдыңғы Азия елдерін жаулап алды. Оғыздардың солтүстік-батыстағы бөліктері бертін келе Еділдің төменгі бойындағы татарлармен, оңтүстік Оралдағы башқұрттармен сіңісіп кетті.
Сырдария, Арал алқаптары мен Солтүстік Каспий маңын мекендеген Оғыз тайпалары қазақ тарихында айтарлықтай із қалдырған. Оғыздардың 11-13 ғасырларда Кавказ бен Кіші Азияға өтіп кеткен оңтүстік тобы әзірбайжан, түрік, гагауз халықтарының этногенезінде маңызды рөл атқарды. .[1] [2][3]
Этникалық және тайпалық құрамы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ертедегі оғыз тобының орныға бастауы Батыс Жетісумен байланысты. Оғыздардың тарихи аңыздары да осы пікірді қуаттайды, оларда оғыздардың алғашқы ата-бабаларының бірінін Ыстықкөл маңында болғаны айтылады. Бұл арада жетісулық (ежелгі оғыз- дық) рулық-тайпалық бөліністер еске алынып отырса керек, олар кейін қалыптасқан оғыз тайпалар одағына кірген болатын. Атақты Оғыз ханның Таластан Еділге дейінгі аралықтағы жерлерді жаулап алғаны туралы тарихи аңыздарда, онын әскерлерінде өздерін «октуғра-оғызбыз» деп атайтын бірнеше мың үйдің болғаны айтылады. Бұл атаудағы «оқ» деген термин назар аудартады, ол «жебе», «ру», «тайпа» деген ұғымдарды білдірген. Айтарлықтай бір жай сол, неғұрлым кейінгі кезде жебе белгісі ұшұқтардық — огыз әскерінің сол қанатына жататын бір фратрияның эмблемасы болды.
Печенегтермен ұзақ уақыт шайқасу тайпалардың оғыз одағының саяси топтасуына себепші болды. Оғыз конфедерациясы кірме элементтердің Оңтүстік және Батыс Қазақстанның байырғы тұрғындарымен араласуының нәтижесінде құрылды. Оның құрамына қанғар-печенегтердің біразы және Сырдария аңғарының, Арал маңының және Каспийдің солтүстік төңірегінің, басқа да далалық тайпаларының біразы енді. Бұлар арғы тегі үнді-еуропалық және фин-угорлық болғанымен, бара-бара түріктенген тайпалар еді. Олардың бірсыпырасы Арал теңізінен Каспийдің шығыс жағалауына дейінгі даланы мекендеген аландар, астар болды. Тегінде, Батыс Арал өңірінің дала халқы да осындай аралас халық болса керек, онда оғыздарға дейін VIII — IX ғасырларда бажғарлар, нұқардалар және бажналар мекендеген. Осы топтардың арасындағы тығыз қарым-қатынастың арқасында этникалық және мәдени жақындасу жүзеге асты. Қалаларда басқа жақтан келіп қоныстанушылар саны оғыздардың отырықшы топтарынан көп болса керек. Мәселен, X ғасырда Жанкент, Жент, Хора тұрғындары негізінен алғанда «мұсылмандар» болған, ал ол кезде оғыздардың негізгі бұқарасы, соның ішінде олардың билеушілері де әлі ислам дініне кірмеген еді.
X ғасырда оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Оғыз державасының саяси орталығы ретінде Янгикенттің тандап алынуына көптеген жағдайлар себеп болады. Бұлардың ішіндегі ең бастысы оның Азияның ірі егіншілік өңірлерімен, Хорезммен және Мауараннахрмен түйісіп жатқан жердегі географиялық орны болды. Янгикент кимек даласы арқылы Сарысу, Қаракеңгір, Есіл және Нұра бойларына баратын маңызды керуен жолының үстінде болды, Сығанақ пен Оңтүстік Оралға баратын сауда жолы осы қаланың үстінен өтетін еді. Басқа да ертедегі феодалдық саяси бірлестіктер сияқты оғыздар мемлекеті де тұтас топтасқан мемлекет болған жоқ. Әл-Идриси оғыздарда, хандар болар, бірнеше «патшалардың» болғаны туралы айтады. Ірі бірлестіктерді басқарған бұл көсемдердін ордалары бекіністі орындар болды, оларда қазына және азық-түлік сақталды. Оғыз хандары өздерінің иеліктерін қорғау үшін арнайы әскери отрядтар құрды, ал соғыс шыққан және шапқыншылық жасалған кезде балашағасы мен мал-мүлкін алып, қамалдарға тығылды.
Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік табиғаты жағынан ертедегі феодалдық мемлекет болды. Онда әскери-демократиялық құрылыстың қойнауынан өсіп шыққан ел билеу институттары сақталды, ал жабғудың билігін ірі әскери-тайпалық ақсүйектердің кеңесі шектеп отырды. Ескі рулық-тайпалық институттардын тез ыдырауы жағдайында патриархаттық-феодалдық қатынастар дамыды. Басқару аппараты қалыптасты. X ғасырдың аяғында-ақ уақытылы алынып тұратын алым-салық жүйесі болды. Ханның салық жинаушылары мың адамға дейін жететін арнаулы атты отряд болып құрылды, ал алым-салық төлеуден бас тартқан «бүлікшілерге» жазалау отрядтары жіберіліп отырды.
Оғыздардың саясаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Оғыздар мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды рөл атқарды. 965 жылы оғыз жабғуы мен Киев князі Святославтың арасында хазарларға қарсы бағытталған әскери одақ жасалды. Мұның нәтижесінде Хазар қағанаты талқандалды. Киев Русінің оғыздармен әскери-саяси одағы олардың саяси және сауда-экономикалық мүдделерінің бір болуынан туындады. Хазариямен бәсекелес болған ежелгі орыс мемлекетіне одақтас керек болды; екінші жағынан, феодалданып келе жатқан көшпелі оғыз шонжарлары ездерінің малына жайылымға, Дон және Қара теңіз маңындағы далаларға өте мұқтаж болды, ал оған жетуге Хазария бөгет жасады. Оғыздарды Еділ бойынан, Маңғыстаудан, Үстірттен өтіп, Еуропаны Азиямен жалғастыратын аса маңызды жолдар барынша қызықтырды. Бұл сауда жолдарын өз бақылауында ұстауға ертедегі орыс мемлекеті де мүдделі болатын. Хазарияның талқандалуы орыс көпестеріне Шығыс елдерінің бай нарығына жол ашты. Осының бәрі оғыз жабғуларын сыртқы саяси бағытында орыс князьдерімен одақ жасасуға бағдар алуға итермеледі.
Оғыздардың құлдырауы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]X — XI ғасырлар шегінде оғыз мемлекеті құлдырай бастайды. Алым-салықтардың жыртқыштықпен жиналуына наразы болған оғыз тайпаларының көтерілістері жиілей түседі. Оғыздардың тарихи аңыздарына қарағанда, бұл көтерілістер өкімет басына X ғасырдың орта кезінде немесе оның екінші жартысының бас кезінде келген Әли ханның басқаруына қарсы жүргізіледі. [[]Жабу]]лардың өз қазыналарының қамын ойлаған саясатына наразылықты X ғасырдың орта кезінде-ақ Жентке жақын жерге келіп орын тепкен салжұқ көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Жанкенттің оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жентті басып алады. Алайда олар, өздеріне артқан үмітті ақтай алмай, бұқараның қолдауынан айырылған болуы керек. Әйтпесе, олардың көп ұзамай-ақ Жент аймағынан кетуге мәжбүр болғанын түсіндіру қиын. Көтерілісшілер қозғалысы сәтсіздікке ұшырап, халық «ландары» жанышталды. Осының бәрі Әли ханның мұрагері және оның орнына тұрған Шахмәлік өкіметінің нығаюына себепші болды. Онын тұсында мемлекеттің күшейгені соншалық, 1041 жылы оғыздар Хорезмді басып алды. Алайда екі жылдан кейін Шахмәлік деректемелер бойынша, бізге белгілі огыз жабғуларының соңғысы — салжұқтардың қолына түсіп, өлтірілді. Көтерілісшілер қозғалысына қарсы күрес, салжұқтарға қарсы жылдар бойғы жүргізілген шайқастар мен соғыстар оғыз жабғуларының бірлестігін іштей үңгіп әлсіретті.
Оғыздар мемлекеті қыпшактайпаларының соққыларынан құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары қыпшақтардын тегеурінінен Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға кетті, енді біразы Мауараннахрдың Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Қыпшактар XI ғасырдың ортасында талқандаған оғыздардың қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтың түркі тілдес тайпаларына сіңісіп кетті.[4]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы, 7 том, 4 бөлім
- ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
- ↑ «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59ISBN 978-601-282-027-0,1-т. ISBN 978-601-282-026-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |