Полигала тұқымдасы
Полигала тұқымдасы (Polygalaceae) — қос жарнақтылар тобына жататын ағаштар, бұталар, көп жылдық шөптесін немесе шырмалып өсетін өсімдіктер. Шығу тегі жағынан қазтамақ тұқымдасына жақын. Жер бетінде 20-ға жуық туысы, 1 мыңнан астам түрі бар. Қазақстанда 1 туысы полигала (Polygala), оның 2 түрі (Сібір полигаласы, Будан полигаласы) кездеседі. Гүлдері қос жынысты, олар шашақ гүлшоғырына топталған. Тостағанша жапырақтары 5, оның бүйіріндегі екеуі басқаларына қарағанда ірі, бос не бірігіп кеткен; күлте желектері бесеу, олардың екеуі бүйірлік, жетілмеген немесе толығымен түсіп қалады; аталығы — 8, олардың жіпшелері де жартысына дейін бірігіп кеткен, тозаңқаптары бір ұяшықты; аналығы — екеу, жоғары түйінді, екі ұяшықты, қалақша тәрізді. Жемісі — екі ұяшықты қорапша, тұқымы қылшықты болады.
Полигала тұқымдасына жататын өсімдіктер тастақты-құрғақ, сазды, құмды, қиыршық тасты топырақтарда, шалғынды дала, тасты беткейлерде өседі. Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар), Күнгей, Теріскей Алатауында, Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньда, Ертіс өзенінің бойында кең тараған.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |