Тарпаң
Тарпаң (Equus gmelіnі) – жойылып кеткен жабайы жылқы. 18-ғасырдың басына дейін Оңтүстік-Шығыс Еуропаның ылғалды ормандарында, далалы және орманды-далалы аймақтарында, Батыс Қазақстан өңірінде үйірімен таралған. Шоқтығының биіктігі 136 см-ге жуық, терісіндегі түгі сұрғылт, арқасында қара жолағы, тікірейген қара жалы болады. Тіршілік ортасына байланысты 2 түр тармағы болған: дала тарпаңы, оның ең соңғы дарабасы 1879 жылы Аскания-Нова маңында өлтірілген, ал айғыры табиғи жағдайда 1918 жылға дейін тіршілік еткен. Орман тарпаңының соңғы дарабасы 1814 жылы қазіргі Калининград облысы аумағында өлтірілген. 20 ғасырда тарпаңның тұқымын қайта шығару үшін Польша мен Германияда жүргізілген іріктеу-будандастыру жұмыстары еш нәтиже бермеді. Қазақстанда тарпаңдар плейстоценнің соңынан 18 ғасырдың ортасына дейін тіршілік еткен.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстан ұлттық энциклопедия. 8-том