Таушымылдық
Таушымылдық (Paeonіa) – сарғалдақтар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер, бұталар. Қазақстанның шығысындағы таулы, орманды аудандарда кездеседі. Қылқан және аралас жапырақты ормандарда өсетін 2 түрі: кәдімгі Таушымылдық (Р. anomala) және дала Таушымылдығы (кейде оны жаушымылдық деп те атайды) (Р. hybrіda) бар. Бұлардың биіктігі 40 – 80 см. Тамыры бұтақты әрі жуан, қоңыр түсті, салмағы 5 – 6 кг болады. Бұтақсыз сабағы бірнешеу, олар тік өседі. Ірі гүлі бір-бірден сабағының ұшында жетіледі. Үш-үштен шығатын саусақ салалы жапырақтарының шеті тілімделген, сабаққа кезектесіп орналасады.
Хош иісті гүлдері қошқыл, қызыл не қызғылт, ақ түсті, қос жынысты, аталығы көп, аналығының саны 1 – 8. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жеміс салады. Жемісі – жапырақша, тұқымының сырты жылтыр, қара түсті. Таушымылдықтың тамырында эфир майы, салицин глюкозиді, крахмал, танин және аздаған алколоидтар болады. Халық медицинасында Таушымылдықтың тамырын емдік мақсатта күзде жинайды. Таушымылдықтың тұнбасы тәбет ашады, асқазан сөлінің қышқылын арттырады, астың қорытылуын жақсартады, жүйкені тыныштандырады. Таушымылдық Қытайда өте ерте заманнан бері мәдени өсімдік ретінде өсіріліп келеді. Қазіргі кезде оның бір мыңнан аса сорты бар.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |