Хориоидит
Хориоидит (chorіoіdіtіs; лат. chorіoіdea — көздің тамырлы қабығы және іtіs — қабыну) — көз алмасының меншікті тамырлы қабығының қабынуы. Хориоидиттің дамуына туберкулез, токсоплазмоз, мерез, сарып, т.б. жұқпалы аурулардың қоздырғыштары әсер етеді. Хориоидиттің патогенезіне негізінен иммунды реакциялардың маңызы зор. Хориоидиттің клиникалық көрінісін анықтаушы морфологиялық өзгерістер көзге антигендер мен иммунды кешенді заттардың енуінен болады. Аурудың өршіп, дамуына әр түрлі микробтардың әсерінен болатын аллергия да үлкен әсер етеді. Хориоидиттің эндогендік (туберкулездік, вирусты, токсоплазмоздық, стрептококтық, сарыптық, т.б.) және экзогендік (нұрлы қабық пен кірпікті дененің қабынуы) түрлері ажыратылады. Алғашқы кезде адам ауру сезімін байқамайды, сондықтан оны көбіне офтальмоскоппен көз түбін қарап анықтайды. Аурудың клиник. белгілері дерт ошағының қай жерде орналасуына байланысты. Мысалы, көздің тамырлы және тор қабықтары бірдей қабынса (хориоретинит), адамның көруі нашарлайды, көрінген заттардың пішіні, көлемі өзгеріп көрінеді (метаморфопсия), ауру адамның көзінің алдында ұшқын-жарықтар жылт-жылт етеді (фотопсия); көз түбінің шеткі бөліктері зақымданса, ымыртта көруі нашарлайды (қара Ақшам соқыр), кейде адам затты жартылай ғана көреді (скотома). Дерт үдеп, асқынғанда көздің түбінде сұрғылттау немесе сарғыш ауру ошақтары көрінеді, осы кезде тамырлы тор қабықтарға және шыны тәріздес денеге қан құйылуы мүмкін, тор қабықтың қарауытуы байқалады. Аурудың себебі анықталғаннан кейін емдеу үшін кең спектрлі әсер ететін антибиотиктерді пайдаланады; қабыну созылмалы түріне ауысқан жағдайда кортикостероидтарды (дексаметазон, преднизолон, триамцинолон, гидрокортизон, т.б.) және В1, В6, В12, С1 витаминдерін қолданады. Сондай-ақ көзге құйылған қанды сорғызу үшін ферменттерді (трипсин, фибринолизин, лидаза, стрептодеказа, т.б.) бұлшық етке егеді.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |