Шарын ұлттық паркі
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі | |
Шарын каньоны | |
ХТҚО санаты — II (Ұлттық парк) | |
Жалпы мағлұмат | |
---|---|
Ауданы | 127 050 га |
Құрылған уақыты | 23 ақпан 2004 жыл |
Сайты | http://charyn.kz/ |
Орналасуы | |
43°21′00″ с. е. 79°04′00″ ш. б. / 43.35000° с. е. 79.06667° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 43°21′00″ с. е. 79°04′00″ ш. б. / 43.35000° с. е. 79.06667° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Ел | Қазақстан |
Аймақ | Алматы облысы |
Аудандар | Талғар ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы |
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Ортаққорда |
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – табиғи кешен. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетіне қарайтын, республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекемелік мәртебесі бар. Ұлттық парк 1964 жылдан бері республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші ретінде қорғалып келді.
Жер көлемі
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ҚР Үкіметінің 23 ақпан 2004 жылғы № 213 бұйрығымен 93 150 га жерге Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен ұйымдастырылған. ҚР Үкіметінің 6 ақпан 2009 жылғы № 121 бұйрығымен парк аумағы кеңейтілді, мемлекеттік жер қоры, қорғаныс қажеттілігіне қарасты жерден 32900 ге жер қосылды, қазір жалпы аумақ 127 050 га. [1]
Географиялық орны
Парктің әкімшілік-шаруашылыққа қатынасты аумағы – Алматы облысының, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандырында, Ұйғыр аудандарындағы Шонжы ауылынан батысқа қарай 7 км-дей қашықтықта, Алматы қаласынан шығысқа қарай 200 км-дей қашықтықта орналасқан. Үлкен Бұғыты тау жотасын, Сөгеті аңғары мен шекаралас шөлді жерлерді Шарын өзенінің бойындағы «Қызғылт қамалдар» аңғарын, сол маңдағы далалы алқапты және Торайғыр тауы беткейлерін қамтиды.
Су жүйесі, климаты
Парк аумағынан Шарын өзені ағып өтіп, Іле өзеніне құяды. Шарын өзеніне тау беткейлерінен басталатын Шалкөдесу, Кеген, Қарқара, Кеңсу, Орта Мерке, Шет Мерке, Темірлік, т.б. ұсақ өзендер қосылады. Ауа райы құрғақ қоңыржай, жауын-шашынның жылдық мөлшері 150 мм-дей.
Сипаты
Шарын ұлттық табиғи паркінде геологиялық ежелгі кезеңдерден сақталып келе жатқан «Қызғылт қамалдар» аңғарының кескін-келбеті өте таңданарлық. Шарын өзенінің миллиондаған жылдар бойы жуып-шаюынан өзен аңғарында ойдым-ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқал дүние жүзінде Шарыннан басқа тек АҚШ-тағы Колорадо штатында ғана кездеседі (Үлкен каньон шатқалы).
Өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Ұлттық парк құрамына республикалық маңызы бар - табиғат ескерткіші - Шарын ерен тоғайы кіреді. 1964 жылы 19 наурызда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің № 447-Р қаулысымен ұйымдастырылған. Табиғат ескерткіші жалпы 5014 га жерді алып жатыр, оның ішінде ағашпен шектелген алаң 2315 га, тек ерен ағашты алқап 1015 га.
Практе өсімдіктердің 940 түрі өседі, оның 60-қа жуық түрі эндемиктер. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, "Қазақстанның Қызыл кітабына" енгізілген. Сүтқоректілердің 60, құстардың 300, бауырымен жорғалаушылардың 20, балықтардың 10 түрі кездеседі. Парк аумағынан ерте кездерде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарлардың (пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының, т.б.) қаңқа қалдықтары да табылған.
Паркті Үлкен Колорадо каньонының (АҚШ) кіші бауыры деп те атайды. Каньонның «Қызғылт қамалдар» деген тағы бір аталуы бар. Себебі бұл жердегі үнсіз жатқан алып жартастар өздерінің таңғажайып пішіндерімен таңқалдырады.
Негізгі қорғалатын нысандары
- Үлкен Бұғыты аумағы – Ұйғыр ауданының шекарасында, мемлекеттің жер қорында Үлкен Бұғыты тауының солтүстік шығысын алып жатыр. Геологиялық нысандарды қорғаудың негізгі мақсаты минералдарды (молибденит, шеелит, пирит, халькопирит), қарақұйрық, текелердің жайылымдарын кеңейту, сексеуілді, 61 түрлі сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау.
- Қызыл Қарасай – қарақұйрықтың, сирек кездесетін құстардың (дуадақ, бүркіт, ителгі), тек Қазақстанда кездесетін бұта-ағаштектес сораң т.б сирек кездесетін өсімдіктердің 11 түрі өсетін жер. Сонымен бірге ерекше бальнеологиялық бағалы минерал суы бар гидрологиялық обьекті де бар.
- Шарын шатқалы - республикалық маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Үкіметтің 30 маусым 2005 жылы № 657 шешімімен жасалған экологиялық, ғылыми, т.б құндылықтары бар жер қыртыстарының тізіміне енген. Бұл жерде шатқалдың тасты жартастары, палеонтологиялық қазбалар, сол жерден табылған жануарлардың қазба қалдықтары, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғалады.
Суреттер галереясы
-
Шарын каньоны
-
Шарын каньонның жанындағы жол
-
Сарайлар жазығы:төбеден көрінісі
-
Шарын каньонның жары
-
Шарын
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Sharyn canyon |