Мазмұнға өту

Әшекейлердің түрлері

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Әйелдердің киім-кешегінің сәнді кешеніне әртүрлі тана, түйме, түйреуіш, опа-далап салатын сәнді құтты т.б. жатады.

  • Бастырма – камзол, кәжекей, көйлектің өңірін бастыратын, кейде көйлектің етегіне қадалатын алтын жалатылған күміс әшекей. Көкшетау облсында бастырма деп костюм, пвльтоға тағатын ірі түймені айтады.
  • Бесқұлақ – бес күміс теңгенің ортасына асыл тас орнатқан бастырма сияқты зат.
  • Жарма – әйел көйлегінің екі өңіріне тағылатын жапырақ бейнелі шытыра.
  • Тана – сәндік үшін жағаға, баскиімге, омырауға тағатын әшекейдің бір түрі. Көбіне әйел киімдеріне тағылады. Тана түйме сияқты, бірақ одан үлкендеу, дөңгелек формалы жалтырап тұратын әшекей. Тана атаулары:
    • ақ тана – күмістен жасалған дөңгелек әшекей, түйме;
    • алтын тана – алтын жалатқан яқи алтыннан соққан тана;
    • көз тана – ортасында тасы (көзі) бар тана;
    • сүйек тана – сүйектен жасалған тана, түйме;
    • сіркелі тана – тананың сірке салған түрі;
    • танакөз – көйлекке қадайтын кішкене ақ түйме, бұл кейде шыныкөз деп аталады, тана суы – сәнді жалпақ түйме.

Түйме– ішінде сылдырмағы бар, үлкендігі кішігірім жұдырықтай омырау әшекейі, әрі киімнің алдын (өңірін) айқасытрып жабу үшін қолданылатын зат. Ретіне қарай түйме тұмар қызметін де атқарған.

Диалектімізде түймеге байланысты атаулар көп. Мысалы: ақтас (кішкене ақ түйме), алтын түйме, бақа түйме, баспы, бастырма (үлкен түйме), бөпіке (түйменің жергілікті атауы), бұрама күміс түйме, гауһар түйме (гауһар тасты қымбат түйме), жез түйме (сары мыс түйме), жабысқақ, зерлі түйме (ою-өрнекті түйме), көз түйме (тұмар сияқты тағатын түйме), күмбез түйме (күмбездеп жасаған түйме), күмбірлік (болыскейден істелген түрі), күміс түйме, қара ала күміс түйме (қара ла ою салынған түйме түрі), қақтама (күміс ілгек), маржан түйме (маржаннан жасалған түйме), сабақты түйме (асыл тасты күміспен күптелген түйме), сары ала түйме, седеп түйме (кішкентай ақ түйме), тиек (тесігі бар түйме), топшы (түйменің жергілікті тілдегі синонимі), торсылдақ түйме (асыл тасты іші қуыс түйме), шар түйме (сабақты күміс түйме), шыны көз түйме (кішкене ақ түйме), шытырма (кимешекке қадайтын күміс түйме), үзбелі түйме (әсем шынжырлы үзбелі түйме).

Танакөз – дөңгелек формалалы, асыл тасты, күмістен не таза күмістің өзінен жасалған түйме тәрізді зат. Ол тана деп аталады. Қыздардың тақиясына, бөркіне, омырауға, жағаға да тағыла береді.

Күміс түймелерді түрлі пішіндегі қалыпқа жұқалап балқытылған күміс құйып, артын қорғасынмен толтырып, түймелік орнатып, қалыңдығы пышақтың қырындай етіп жасайды. Формасын дөңгелек, алты тармақ, ортасына көз орнатып, шыны бояулармен қаралап, жартылай шар тәріздес домалақ етіп те жасайды. Осындай түрлі геометриялық пішіндегі, мүйіз өрнек бедерлері бар күміс түйме түрлерінің үш-алты данасын көбіне қаусырынатын сырт киімдерге, бешпент, қамзолдарға таққан. Сырт киімге қадалатын түймелер үлкен, дөрекілеу пішінді келсе, іш-киіммен әйел түймелері нәзік әрі көркем әрленген болып келеді. (Х.Нүркеұлы)

Әйелдер үшін зергерлердің көп жасайтын әшекейлерінің бірі – үлкенді – кішілі түймелер. Оны көбінесе ішін қуыстап әртүрлі кескін бере күмістен жасайды сыртына зер салады. Мұндай түймелерді торсылдақ түймелер деп атайды. Шағын үймелерді көбінесе асыл тастарды тесіп оған күміс өткізу арқылы кейде түсті жұмыр тастарды қоршауларға орнатып та жасай береді. Х.Арғынбаев.

Түйме атауының жергілікті тілде ілгек түрінде қолданатылатындығы белгілі. Дегенмен ілгек пен түйме екеуі бір зат емес. Ілгек деп екі бөлшек етіп металдан жасалатын екі бөлшегі бір-біріне қапсырма сияқты ілініп тұратын киімнің жағасын екі өңірін айқастырып жабуға арналған зергерлік әшекейді айтады. Осындай ерекшелігін қызметіне орай оны кейде қаптырма ілгек қаусырмалы ілге сырт көрінісіне формасына қарай ай ілгек, ботамойын ілгек, жұлдыз ілгек, сырға ілгек т.б. деп бөлінсе, материалына қарай оларды алтын ілгек, күміс ілгек т.б. деп атау қалыптасқан. (Шойбеков Р.Н.)[1]

Қапсырмақамзол , кәзекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асыл тасты, асты ілгекті күміс әшекей. Оның астынғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. «Қапсырма» сөзі қаусыру сөзінен туындаса керек. Оның қазақ зергерлері қыз-келіншектер киімін сәндеу үшін жасаған. Қапсырманы қымбат бағалы металдардан әшекейлеп, бағдарлап, лажылап, сіркелеп, асыл тастардан көз орнатып жасайды. Қапсырма ілмек, сақина тәріздес екі бөлшектен тұрады. Сөйлеу тілінде – қаптырма, қаусырма, тістестірме деп де атайды. Қапсырманың өңірге тағылған екі бөлігінің сыртқы формасы да, бетіне жүргізілетін ою-өрнегі де, ортасына орнатылатын тастары да бірдей болады.

Кейде киімге әсемдік үшін олардың бірнешеуін қатар қадайтын болған. Қамзолдың өңірінен сәл төмен олардың бір жұбын, кейде сәндік үшін бірнеше жұбын қатарластырып тігеді. Зергерлер қапсырмалардың гүл, жапырақ, таңба пішінді түрлерін жасаған. Оның жасауда талшықтап бұрау, өру, тоқу,түйіндеу, өріп шақшақтау, бунақтау, кесек металдарды ізбелестіру сияқты зергерлік әдістер қолданылады. Ел арасында қапсырманың үзбелі, жұмыр, жапырақша, көлемі теңге тәрізді түрлері кездеседі. Көлемді қапсырмалардың кейде конус, жартышар тәрізді тас салған көзі болған. Жалпақ қапсырмалар өте әдемі таспен немесе сүйекпен өрнектелген. Қақтаған күмістен және ортасына асыл тас салып соққан түрлері де кездеседі. Сондай-ақ, әшекей-өрнек салынған үзбелі, жұмыр, кейде жапырақша теңге тәрізді етіп, қақтаған күмістен және ортасына асыл тас салып соққан түрлері болады (Дәркімбай Шоқпарұлы. Құлағына таққаны күміс сырға...// Ана тілі газеті. 1994 ж. №9). Қапсырма түрлері: ақық көзді қапсырма – қапсырманың ақық қондырып безеген түрі; алтын қапсырма - алтынмен апталған әшекей; күміс қаптырма - тааза күмістен соғып ою-өрнек жүргізілген ұапсырма; қошқар мүйізді қапсырма – «қошқар мүйіз» өрнегі бар; шытыралы қапсырма – әшекейлі қапсырма түрі т.б. Қазақтың оңтүстік-батысында жасалған бұдан басқа да өте көркем қапсырмалар сақталған. Бұлар үш бөлек ақық тастарын жеке-жеке күміс негізге орнатып, өзара ілгектермен бірігетін етіп жасалған. Әрқайсының астынғы ілгектерінен шынжырлы салпыншақтар және екі шеткісінің жанынан қос шынжыр ілінген. Мұның бәрі әдемілік үшін жасалған. Қапсырманың сымкәптеу тәсілімен оймалы өрнектермен сәнделіп, ортасына асыл тастар орнатылатын өте күрделі және әдемі түрлері болған. (Х. Арғыбаев) [2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ халқының ұлттық киімдері: Әшекейлер / құраст.Хинаят Б., Сужикова А. – Алматы: «Алматыкітап», 2007. ISBN 9965-24-811-7
  2. Қазақ халқының ұлттық киімдері: Әшекейлер/ құраст.Хинаят Б., Сужикова А. – Алматы: «Алматыкітап», 2007. ISBN 9965-24-811-7