Балдық мешіті
Балдық мешіті — 20 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Қызылорда қаласының іргесіндегі Жамбыл ауылында. 1906 жылы Ақмешіттен (қазіргі Қызылорда) құрылысшы-ұсталар алдырып, Балдық деген кісі салдырған. 1988 жылы Алматы мемлекеттік архитектор және құрылыс институтының экспедициясы (жетекшісі Е. Бәйтенов) зерттеген. Құрылыстың төрт бұрышты жобасы, кірпішінің қалануы 19 ғасырдағы орыс архитектор мәнеріне ұқсайды. Мешіт итарқа пішінде жабылған, іргетасы мен қабырғаның арасын көрнекі көрсету үшін бірнеше қатар кірпіш көлденеңінен қаланған. Оңтүстік-батысқа (Мекке бағытына) қараған қабырғаның ортасында жарты шеңбер сияқты шығыңқы қаланған михрабы бар. Оның төбесі түйетайлыланып барып қабырғамен бірігіп кеткен. Кірпішті ойып қалау арқылы қабырғаларының үстіңгі бөлігі дөдеге тәрізді өрнектелген. Оңтүстік-батыс қабырға мен оған қарама-қарсы мешітке кірер есігі бар қабырғаның маңдайшалары ортадан шетке қарай ойыса төртқұлақтанып өрілген. Маңдайшаның ортасы биіктетіле өрнектей қаланып, үшкілденіп біткен. Мешіттің намаз оқитын бөлмесі кең, оның төріндегі михраб қабырғасы боялған, төбеге тіреу ретінде орта тұсқа қойылған екі ұстын әшекей оюлармен безендірілген. Кіре беріс бөлменің төбесі шамның қалқанына ұқсатылып, гипспен әшекейленген. Балдық мешіті архитектуралық ескерткіш ретінде де, ислам дінінің маңызын білдіретін жәдігер ретінде де құнды.[1][2][3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |