Өнер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Винсент Ван Гог. Жұлдызды түн, 1889 ж.

Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы.

Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материялдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды. Осыған сай өнердің:

Сурет:Matisse - Crockery on a Table (1900).jpg
Анри Матисс

Өнердің қызметін, қоғамдық сананың, адам танымының айрықша формасы ретіндегі ерекшелігін айқындайтын белгілі бір анықтама беру немесе оның адам өміріндегі маңызы мен мәнін анықтау жайлы тартыстар бүкіл мәдениет тарихында тоқталған жоқ. Өнер жайлы: “табиғатқа еліктеу”, “Құдайды тану”, “шындықты бейнелеу”, “сезім тілі”, т.б. анықтамалар берілді. Көптеген теорияшылар өнердің күрделілігі мен санқырлылығына сай оның мән-маңызын тек танымдық немесе идеялдық, яки эстетикалық деп біржақты қарастырушылар да болды. Осындай көзқарастарға қанағаттанбай өнертанушылар өнердің бойында таным да, шындықты көре білу де, жасампаздық та, көркем бейне де, рәміз сияқты көптеген мәселелер келісті үйлесімде, тығыз қарым-қатынаста деген тоқтамға келді. Өнер жеке тұлғаның жан-жақты дамып жетілуіне, оның эмоционалды күйіне, интеллектуалды өсуіне ықпал етіп, адамзаттың қордаланған сан ғасырлық мәдени тәжірибесінен, даналығынан сусындауға мүмкіндік береді. Өнер туындысы адам сезіміне қозғау салумен бірге, баяндалған оқиғаны басынан өткізгендей тебіреніске, кейіпкердің қуанышына сүйінген, қайғысына күйінген толғанысқа әкеледі, эстетикалық ләззәтқа бөлейді. Ол ерекше көркем образды рәміздер жүйесі арқылы, айрықша көркем тіл ретінде көрініп, адамдардың санасына жол табады. Адамның көркем шығармашылдық әрекеті сан алуан қалыпта дамып, ол өнердің түрлері, тектері, жанрлары ретінде таратылады.

Өнер теориясы бойынша көркем шығармаға негіз болған матерялдық арқауына байланысты өнер түрлерінің негізгі үш тобы туындайды:

  1. мекендік немесе пластикалдық (кескіндеме, мүсін, графика, көркем фото, архитектура, т.б.) яғни, көркем бейнені кеңістікте түзетін өнер түрлері,
  2. мезгілдік (сөз және музыка өнері), яғни көркем бейнелерді уақыт кеңістігінде құратын өнер түрлері.
  3. мекенді-мезгілдік (би, актерлік өнер және осыған негізделген аралас түрлер – театр, кино, телевизия, эстрада, цирк, т.б.), яғни көркем бейнені белгілі бір уақыт кеңістікте түзетін өнер түрлері.

Сөз өнері іштей – жазба әдебиет, ауыз әдебиеті болып бөлінсе, музыкылдық өнер – вокалдық, аспаптық музыка түрлеріне бөлінеді. Сахналық өнер – драмалық, музыкалдық, қуыршақ, эстрада, цирк, т.б. болып жіктеледі. Ауыз әдебиеті – эпос, лирика, драма сияқты тектерге бөлінуімен қатар, бейнелеу өнері – портрет, пейзаж, натюрморт, сахна өнері, комедия, трагедия, водевил, т.б. жанрларға бөлінеді. Би де сол секілді гимнастика, халықтық, заманауи би деп бөлінеді. Өнер, жалпы алғанда, әлемді игерудің тарихи қалыптасқан көркем әдісі ретінде өзіне тән ерекшеліктер мен өзіндік сипатқа ие. Өнердің эстетикалық қызметі арқылы танымдық табиғаты мен тәрбиелік сипаты айқындалады. Әрбір тарихи кезеңнің, сондай-ақ әрбір халықтың өзіне тән эстетикалдық талап, талғамдары болады. “Өнер алды – қызыл тіл” деген қазақ мәдениетінде сөз өнерінің орны ерекше болған. Бұны да осы секілді халқымыздан мұра болып қалған мақал-мәтелдерден көруге болады. Қазақ фольклорының шағын жанрлары – мақал-мәтел, жұмбақ, лирикалдық ән-өлеңдер, билер институты тудырған шешендік сөздер табиғатының эстетикалдық сипаты басым. Халық музыкасында қалыптасқан әншілік, күйшілік дәстүрлердің де өзіндік болмысы анық. Кең тынысты лирикалдық әндер арқылы халық өзінің ішкі сезімдерін сыртқа шығарған болса, күмбірлеген күй арқылы өздерінің эстетикалдық әр филосиялдық ой-толғамдарын жеткізіп отырған. Осы белгісіне орай өнерді әрі эстетикалдық, әрі этникалдық құбылыс ретінде қарастыруға да болады. Халық мұрасы тұсында оның этникалдық арқауы басым болса, кәсіби өнерге келгенде эстетикалдық сипаты үстем. Өнер туындылары арқылы өмір шындығын көрсетудің әр түрлі тарихи кезеңдерге тән өзіндік көріністері бар. Соларды саралай отырып, адамзат баласының көркем қиялмен ойлау жүйесінің даму, жетілу жолдарын аңғарамыз.[1] [2]

Өнер тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өнер құбылысын, атап айтқанда өнер тарихын жалпы тарих пен өнер тарихының бір бөлімі ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеу ежелгі мәдениет пен Батыс Еуропа өркениетінің христиандық дәстүрі дамытқан көптеген негізгі концепцияларға негізделген. Бұл еріксіз еуроцентризм, ең алдымен, шығыс мәдениеттерінде тарихи уақыт пен кеңістік туралы әртүрлі түсініктердің болуымен байланысты.Еуроғылыми негізгі концепцияларға мыналар жатады: дүниенің жаратылуынан ақырғы қияметке дейінгі тарихи уақыттың біртұтас бағыты туралы идеялар (адамның және, атап айтқанда, көркем ойлаудың тарихшылдығы принципі), хронотоп концепциясы (уақыт пен орын бірлігі). өнер туындысын жасау), танымның нақты және интуитивтік әдістерінің, шығармашылық ойлау еркіндігінің, пайымдау мен бағалаудың және т.б.

Өнер және эстетикалық дәстүрлер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Өнер» терминін екі мағынада анықтауға болады. Кең мағынасында өнер адам баласының жасампаздығын білдіреді де, "ендіру", "жасау", "құру" деген негізден өрбиді. Мысалы, көне гректердің өнерді білдіретін ұғымы "poiesis" — адам қолынан шыққан, өндірілген заттар әлемі ретінде табиғи әлем — "physiske" қарама-қарсы қойылған. Tap мағынасында "өнер" деп көркем шығармашылық үдерісін және оның нәтижелерін (бейнелеу, поэзия, әуен, би және т.б.) айтуға болады.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Art
  1. "Қазақ Энциклопедиясы"
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8