Боксит

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Боксит

Боксит (Францияның Les Baux деген жерінде бірінші рет табылғандықтан осылай аталған) – тау жынысы, алюминий металы алынатын негізгі кентас. Бокситтің хим. құрамы негізінен алюминий гидроксидінен, сондай-ақ темір, кремний, титан, кальций, магний, марганец, фосфор оксидтерінен, т.б. құраушылардан тұрады. Түсі қызыл, қоңыр қызыл, сұр, шұбар; тығыздығы 2,9 – 3,5 г/см3; қаттылығы 6-ға дейін жетеді. Құрылымы яшма, бұршақ тәріздес, оолитті, қуысты, борпылдақ болып келеді. Боксит құрамында диаспор, бемит, гиббсит, гетит, гидрогематит, каолинит, хлориттер, кальцит, галлуазит, т.б. минералдар бар. Бокситтер сілтілік, қышқыл, кейде негізді жыныстардың латериттік үгілу процестерінен көл мен теңіз суларында тұнуынан түзіледі. Бокситтің құрлықтық шөгінділерімен байланысты горизонталь күйде жататын платформалық және теңіз жағасының шөгінділерімен байланысты геосинклинальдық түрлері бар.[1]

Боксит

Олар карбонатты жыныстардың карст шұңқырлары мен түрлі ойыстарда каолинит және шұбар түсті шөгінділерімен бірге кездеседі. Өндіріліп жүрген Бокситтердегі алюминий оксидінің (Аl2O3) мөлшері 28%-дан 60%-ға дейін не одан да жоғары болады. Бокситтен алюминий алу тиімді болу үшін кремнийлік модуль (Аl2O3: SіO2) 2,1 – 2,6-ден кем болмауы керек. Бокситтен бояу, фарфор, шыны абразивтер, қара металлургия флюсі, мұнай тазартатын сорбент алынады. Бокситті пісіріп цемент, электр пештерінде балқытып электркорунд алады. Аз темірлі Бокситтен отқа төзімді бұйымдар жасалады. Дүние жүзі бойынша Б-тің жалпы қоры 120 млрд. т-дан асады, оның 40 – 50%-ы барланып, есепке алынған. Бокситтің дүниежүз. өндірісі жылына 300 млн. т-ға жетеді. Қазақстанда негізгі Боксит кендері Торғай өңірінде (Амангелді бокситті ауданы) орналасқан. Республикадағы Бокситтің болжамдық қоры 1 – 1,5 млрд. т, оның 40 – 45%-ы барлануда. Боксит – кешенді кентас, одан алюминийден басқа Tі, Ғе, Gr, Ga, Nі, Nb және шашыранды элементтер (Ce, La, Y, Yb, Se, т.б.) алынады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайышов — Алматы: "Мектеп" баспасы ЖАҚ , 2003. — 248 бет. ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. “Қазақ Энциклопедиясы”