Бұхара хандығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Бұхара хандығы
өзб. Buxoro xonligi

Тарихи мемлекет

 

1506 — 1785



 


Астанасы Самарқан (1506–1533)

Бұхара (1533–1540)
Самарқан (1540–1785)

Тіл(дер)і Шағатай тілі, Парсы тілі
Діні Ислам
Халқы 850.мың адам XVIII ғасыр

2,000,000 (1902 жыл)

Басқару формасы Хандығы
Хан
 - 1500-1510 Мұхаммед Шайбани (бірінші)
 - 1758 Әбілғазы хан (соңғы)

Бұхара хандығы (өз. Buxoro xonligi) — Орталық Азиядағы Мұхаммед Шайбани хан негізін салған мемлекет (16 ғасырдың басы — 1920). XVI ғасырдың 2-жартысында хандықтың астанасы Самарқаннан Бұхара қаласына көшірілді. Бұхар хандығы деген ат осыған байланысты шыққан.

Хандықта алғашында Шайбани әулеті (16 ғасырдың басынан 1598 жылға дейін), кейін Аштархан әулеті (1599–1740) және Маңғыт әулеті (1755–1920) билік жүргізді. Шайбани әулеті билік еткен тұста Орталық Азиядағы саяси жағдайға байланысты Бұхар хандығының жер көлемі жиі өзгеріп тұрды. 1506–1510 жылдары Қазақ хандығына қарсы ұйымдастырған 4 жорығының алғашқылары табысты болғанымен, соңғысында Шайбани әскері Қасым ханнан ойсырай жеңілді.

II Абдолла ханның тұсында Бұхар хандығы саяси жағынан күшейіп, аумағы айтарлықтай кеңейді. Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастар орнатылды. Бұхар ханы Иранмен арадағы толассыз күрестерінде қазақтардың көмегіне сүйенді. Қазақ хандығы билеушілерінің мұндай жәрдемін тиісті дәрежеде бағалап, қазақ ханы Шығайға Ходжент қаласын, оның баласы Тәуекел сұлтанға Зеравшан мен Адеркент өлкесінің біраз бөлігін сыйға тартты. Бұхар хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы мұндай қатынас ұзаққа созылмады. Тәуекел хан 1583 жылдан бастап Бұхар хандығына қарсы күрес бастады. Соның нәтижесінде 1588 жылы Ташкент хандығының қарамағына көшті.

1599 жылы Қазақ және Бұхар хандықтары арасында жасалған шартқа сәйкес, Ташкентпен қоса Түркістан аумағы да қазақтардың қарамағына көшті. Абдолла ханның мирасқоры Абд әл-Мұмин билікке таласқан топтың қолынан қаза тапқан соң, Бұхар хандығы саяси жағынан әлсірей түсті. Осы тұста Хорезм Бұхар хандығынан бөлініп шықты. Шайбани әулеті тұсында хандық мәдени жағынан едәуір өркендей түсіп, қала құрылысы қарқынды жүргізіліп, бірқатар мешіттер, медреселер салынды. Абдолла хан тұсында хан сарайында 250-ге жуық адам ғылыммен, әдебиетпен шұғылданған.Аштархан әулетінің билігі кезінде Бұхар хандығындағы басқару жүйесі күрделене түсті. Мемлекет басқару жүйесінің негізін аталық, диуан бегі, парванчи, датқа секілді лауазым иелері құрады.

Сот, білім беру жүйесі дін иелерінің қолында болды. Аштархандықтар да Иранмен ұзақ уақыт соғысты. Қазақтардан жәрдем алған Имамқұл хан (Имамкули) (1611–1642) ақыры ирандықтарға ойсырата соққы берді. Жеңіске қол жеткізгеннен кейін, Ташкентті қазақтардан тартып алды. Бұхар хандығы 1680–1702 жылдары Хиуа хандығымен үнемі соғыс жағдайында болды. 1740 жылы парсы қолбасшысы Нәдір шаһ Бұхараны басып алды. Аштархан әулеті билігі кезінде Бұхар хандығында 150-ге жуық медреселер болды, емханалар салынды. 17 ғасырда Бұхар хандығында өмір сүрген Жүсіп Қарабағи, Молла Ширази сынды ғұламалар өздерінің философиялық трактаттарын жазып қалдырды. Сайид Несефи (1637–1710) секілді сарай ақындарының, “Ұбайдолла наме” атты тарихи еңбектің авторы Мир Мұхаммед Амин Бұхаридың есімі Шығысқа танымал болды.

1755 жылы ақсүйектер мен дін иелерінің қолдауына сүйенген маңғыт тайпасының жетекшісі Мұхаммед Рахым Бұхар хандығының тағына отырғаннан кейін мемлекеттің саяси-экон. жағдайы едәуір жақсара түсті. Ал әмір Хайдардың тұсында (1800–1826) Хиуа, Қоқанмен соғыстар қайта жанданып, Бұхар әмірі қазақтар тарапынан қолдау күтті. Ресей отаршыларының қазақ даласына тереңдей енуі Бұхар әмірінің алаңдаушылығын туғызғанымен, Қоқан хандығымен жүргізіп жатқан соғысын тоқтатпады.

Бұл соғысты Ресей отаршылдары өз мүддесіне пайдаланып, 1865 жылы Ташкентті, 1866 жылы Жизақты, Ходжентті басып алды. 1868 жылы Самарқан іргесінде Ресей армиясы әмір әскерлеріне қирата соққы берді. 1868 және 1873 жылдары жасалған шарттарда Бұхар хандығы мен Ресей империясының арасындағы қарым-қатынас ережелері белгіленді. Бұхар хандығы Ресей протектораттығын қабылдауға мәжбүр етілді. Бұхар хандығы Ресей империясы қол астындағы мұсылмандардың 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы рухани өмірінде елеулі рөл атқарды.

Бұхара медреселерінде қазақ, татар, өзбек, башқұрт, қырғыз секілді түркі тілдес мұсылман халықтарының өкілдері діни білім алды. Бұхар хандығы Түркістан өлкесінде кеңестік биліктің орнығуына барынша наразылық танытып, оған қарсы шыққан мұсылман зиялыларына қолдау көрсетті. 1920 жылы 2 қыркүйекте Қызыл Әскері Бұхараны басып алды. Бұхар хандығының соңғы әмірі Сейіт Әлім хан Ауғанстанға барып паналады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Khanate of Bukhara