Жартылай хордалылар
Жартылай хордалылар (Hemichordata) – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Бұлар қос жақтаулы-симметриялы, целомды жануарлар. Жартылай хордалылардың өзіне тән негізгі белгісі: тұмсығының түбін ұстап тұратын – ішегінің кішкене тұйық өсіндісі – нотохордасының болуы. Бұлардың денесі үш бөліктен тұрады: тұмсық (немесе бас қалқаншасы), жаға және тұлға. Жұтқыншағында қос желбезек саңылаулары болады. Қан айналу жүйесі денесінің ұзына бойына созылған арқа және құрсақ қан тамырларынан тұрады. Жүректің қызметін тұйық бұлшықетті қапшық – жүрек қапшығы және орталық лакун (мүшелер аралығындағы қанға толы саңылау) атқарады. Жүйке жүйесі құрсақ және арқа жүйке бағанасынан тұрады және оның негізгі бөлігі жағаның арқа жағында орналасады. Сезім мүшелері болмайды. Жартылай хордалылар – дара жынысты, жұмыртқалары сыртта ұрықтанады. Кейбір ішектыныстыларда торнария (біраз уақыт суда жүзіп жүретін) дернәсілі болады. Зәр шығару мүшесі тұмсығы мен жағасында орналасқан – қос кірпікшелі жыныс каналы (целомодукты). Жартылай хордалылардың 2 класы (кейбір зерттеушілер 3 класқа бөледі) бар: 1) ішектыныстылар (Еnteropeusta) – тек теңізде тіршілік етеді, оның 80-дей түрі белгілі. Дене мөлш. 10 – 15 см (ең ірілері – Вalanoglossus gіgas – 2,5 м-дей); 2) қанат желбезектілер (Рterobranchіa) – теңіз түбінде бекініп тіршілік ететін жануарлар. 3 туысы, 22 түрі белгілі. Дене тұрқы 0,2 мм-ден бірнеше мм-ге жетеді. Ең ірі түрі – Сephalodіscus densus ұзындығы 1,4 см.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |