Сабыншөп

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Saponaria ocymoides

Сабыншөп (Saponarіa) — қалампыр тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық аймағында таралған 1 түрі — дәрілік сабыншөп (Saponarіa offіcіnalіs) бар. Оның биіктігі 30 — 60 см, тамыры жуан, қызғылт түсті. Сабағы тік, сыртын майда түктер жапқан. Жапырақтары сопақша, қандауыр тәрізді, өркен бойына қарама-қарсы орналасады. Бөбешік жапырақтары болмайды. Ірі, ақ, кейде алқызыл түсті гүлдері сыпыртқы не шоқпарбас гүлшоғырына топталған. Тостағанша және күлте жапырақшалары бес-бестен, аталықтары 5, кейде 10 болады. Аналығы 2 не 5, жеміс жапырақшаларынан құралған, оның жатыны бір ұялы. Гүлдері жәндіктермен тозаңданады. Маусым — қыркүйек айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі — қауашақ, піскен кезде жоғарғы ұшынан қақырап ашылады да, өте ұсақ тұқымдары көптеп шашылып, желмен таралады. Сабыншөп — улы өсімдік, мал жемейді. Өсімдіктің барлық органында (әсіресе тамырында) сапонин болады. Оны суға араластырғанда кәдімгі сабын сияқты көпіреді. Халық медицинасында қақырық түсіретін, тер шығаратын дәрі ретінде қолданылады, сондай-ақ сабыншөптің несеп бөлінуді күшейтетін қасиеті бар. Ұсақтап туралған тамырын жібек және жүн маталарды жууға пайдаланады. [1]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 7 - том