Мазмұнға өту

Шаттық ілімі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

《Шаттық ілімі》нем. Die fröhliche Wissenschaft,1882ж.) - Фридрих Ницше шығармашылығының орта мезгіліндегі көлемі ірі, толыққанды жазылған кітап есептеледі. Бұл кітапта Ф.Ницше нақыл сөз арқылы ойды жеткізу тәсілін мықтап қолға алған және кітапта көптеген өлең жолдары да кездеседі. Кітапта автор философ ретінде ғылымға қарсы болады, өнермен айқасады, сондай-ақ философиялық тілдің өзіне де аяусыз сын айтады. Ол өнер мен ғылымның сыртында тұрып, өмірге деген құштарлықты паш етуге тырысады. Кітап адамзат рухани әлемінде ғылым мен өнер мәселесін жаңа деңгейде қарап, ғылым мен өнердің өзара үндесуіне және қатар тұруына жол сілтейді.

"Өмірде бақ қону дегенге сенетін жеңімпаз жоқ."
"Кешігіп келген бақыт ұзақ сақталады."
"Кейде күдіксіз сену өтіріктен де жаман."

Бұл кітаптың өзекті идеясы — тіршіліктің ұлылығын мадақтау, эстетикалық құштарлықпен жеңіл философиялық стиль арқылы тіршіліктің қасиетін дәріптеу. Ф.Ницше осы кітабында «Мәңгілік қайталаным» идеясын ұсынып, таза жеке адамдық тіршілік тұрғысынан адам қалай әрекет етуі керектігіне талдау жасады. Бұл христиандық (кезектегі дене рахаттарынан баз кешіп, ұзақ уақыттық рухани тақуалық арқылы жетпекші болған) өлгеннен кейінгі өмір шаттығы – жаннатағы керемет өмірді дәріптеуге қарсы болды. Осы нақты жарық өмірдің бақыты мен шаттығы адам үшін шешуші екенін, өмірден де биік арман дегеннің құр алдамшылық екенін сипаттады.

Сенің қазіргі өмірің, бүгінге дейінгі бастан кешіргенің түгелдей қайта бір рет, тіпті шексіз түрде қайталана береді. .... Барлық тәжірибелерің кеңеймейді де, тараймайды, қайта ұп-ұқсас тәртіппен қайта оралады.Шаттану ілімі»)

Бұл кітабында Фридрих Ницше өзінің ең танымал және ең көп талас тудырған пікірлерінің бірі «Құдай өлді» идеясын ашық ортаға салды. Ол бұл идеясын бірнеше түрлі түсіндірді: "Көптеген құдайлар болған екен. Арасындағы біреуі мен Құдайлардың Құдайымын, бірден-бір құдаймын депті екен. Қалған құдайлар оны мазақтап қатты күлісіпті. Сонда ол Құдай ұялғанынан өліп кетіпті," - бұл бірінші түрлі айтылым. Екіншісі, "Құдай Тағала христиан діні бойынша өте мейірбан болғандықтан, ол өзі жаратқан адамдардың осыншалық азаптанып, қорланып, қиналғанына төзіп тұра алмай бауыры езіліп өліп кетіпті," - бұл екінші айтылым. Кейінгі шығармаларында ол "мен тек билей алатын құдайға ғана сенемін" десе, «Зороастр солай айтқан» кітабының төртінші бөлімінде "Құдайға сенбеген есекке сенеді" деп сөгіп, жаңа құдайы тұлға - Асқан адамды (супермен) ұлықтайды. Қайткен күнде де Ф.Ницшенің бұл кітабынан натурализм мен эстетиканы діни дәстүрдің орнына бастырғысы келу талабы байқалады.

Ф.Ницшенің 《Шаттану ілімі》философияға деген қатып қалған түсінікті бұзды, философияның солбір жаттанды формасынан құтылып шықты. Ницшенің ойынша, философия ғылымға қарағанда өнерге жақын және бұл кітабында философияны парасат өнеріне айналдырды. Бұл кітап түрлі философиялық сірескен теориялар мен күрделі ұғымдарға құрылған кітап емес, парасаттың қарапайым да жаттық үлгісін паш еткен қызықты толғаныс кітабы. Бұл кітап философияның "Даналықты Сүю" атауына лайық келеді: байсалды да, әдепті, жаттық та, жағымды әуезде адамды тебірентерлік мағынада сөйлеуге берілді. Заратуштраның даналығы мен құштарлығын бастан кешірген («Заратуштра солай айтқанды» оқыған) адам бұл кітапты қолына алса, Ницшенің қарапайым өмірге барынша жақын ойлайтын адам екенін байқайды. Кей сөздері мақал-мәтел секілді бір-ақ ауыз сөз: "қиыншылықтан табандылық қана құтқарады" дегендей. Ең көлемділері де бірнеше беттен ұзамайды. Әр нақылдың ғажайып тақырыбы бар. Егер идея дегеніміз тау болса, Ницше оның шыңында тұр, егер парасат дегеніміз қазына болса, Ницше сол қазынаның іздеушісі, егер адам болмысының көптеген арғы қатпарлары бар десек, Ницше сол қатпарларға дейін ешкімнен тайсалмай (Тәңіріден де) терең бойлаушы. Оның бойынан парасатқа деген батырлық лебі еседі. Ф.Ницше аталған кітапта былай дейді: "дүниеде құлдар біз ойлағаннан анағұрлым көп, тіпті әрбір адам деуге де болады. Тек шын философ ғана құл емес." Бұл сөз бізді шошындырады. Ницше тағы: "өлім-өмір қайшылығын айта беруімізге болмайды. Өмір дегеніміз өлімнің бір нұсқасы, тіпті ең сирек нұсқасы" дейді. Бұл сөз бізді тіксіндіреді. Ницше тағы: "адам деген мәлім бір сенімді мың-миллион рет терістесе де, бірақ егер қажеттілік туса соны "ақиқат" деуден тайынбайтын нәрсе." Бұл сөз бізді ойландырады. Ф.Ницше жеке адамның ерік еркіндігін дәріптейді, әлденені рухани пұт етіп табынуға қарсы тұрды. Ол адам өзінің табиғаты жақсы, не жаман болса да қабыл алып, өз табиғатының түпнұсқасын сақтап өмір сүре алса ғана еркін дегенді айтады. Жақсылық пен жамандықта мүлдем айқын шекара деген жоқ, дүние тек ақ пен қараның байланысы емес. Философия адамзаттың өздік танымына арналған жіп сатысы, ол арқылы біреу биікке шығады, біреу тереңге түседі. Нағыз философ адамдарға саты әзірлейді. "Ойшыл басқалардың мадағы мен шапалақ шалуын қажетсінбейді. Ол өз шапалағына күдіктенбесе болғаны, - бұл ол үшін кем болса болмайды," - дейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]