Мазмұнға өту

Мұхтар Омарханұлы Әуезов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мұхтар Омарханұлы Әуезов
Туған күні

28 қыркүйек 1897 (1897-09-28)

Туған жері

Шыңғыс болысы, Семей уезі, Семей облысы, Ресей империясы (қазіргі Абай ауданы, Абай облысы, Қазақстан)

Қайтыс болған күні

27 маусым 1961 (1961-06-27) (63 жас)

Қайтыс болған жері

Мәскеу, КСРО

Азаматтығы

 Ресей империясы КСРО

Ұлты

қазақ

Мансабы

прозаик, ақын, драматург, жазушы және ғалым

Бағыты

социалистік реализм

Жанры

роман

Шығармалардың тілі

қазақша

Марапаттары
Ленин ордені Еңбек Қызыл Туы ордені Еңбек Қызыл Туы ордені Құрмет Белгісі ордені
1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін медалі
1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін медалі
Сыйлықтары
Лениндік сыйлық — 1959 Сталин премиясы — 1949

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (28 қыркүйек 1897, Шыңғыстау, Семей облысы, Ресей империясы27 маусым 1961, Мәскеу, КСРО) — қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі (1946), филология ғылымдарының докторы мен профессоры (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).[1]

Өмірбаяны

Мұхтар Әуезов 1897 жылғы 28 қыркүйекте, Семей өңірінде, қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде дүниеге келген. Шыққан руы — Қожа.

Бөрілідегі Мұхтар Әуез дүниеге келген және тұрған үй.

Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді.

4 жасынан бастап әжесі Мұхтарға Абай өлеңдерін жаттатады. 1903 жылы алты жасар Мұхтар Абай ауылына барып, ақынмен кездеседі.

1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.

1915 жылы училищені аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылғы маусымда Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов құрметіне шығарылған марка

Ресейдегі саяси революция Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылғы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды.

1918 жылғы 5–13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады.

1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылғы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.

1921 жылғы қарашада Қазақ АКСРОрталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3–4 сандарында жарияланды.

1922 жылғы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі, әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады.

1923 жылғы маусымда Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады.

1924–1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады.

"Алаш" партиясының бірталай қайраткерлері. Топтық сурет
"Алаштың" бірқатар қайраткері. Солдан оңға: Халел Ғаббасұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуез (отырғандар);Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасұлы (тұрғандар). Қызылорда, 1926 жыл.

1926 жылғы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады.

1927 жылғы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады.

1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды, әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.

Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылғы 16 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылғы сәуірде үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, маусым айында түрмеден босатылып, Қазақ педагогика институтының (ҚазПИ-дің) аға оқытушысы болып қызмет істейді. Осы жылдары театр, драматургия, мәдениет пен өнер, әдебиет, фольклор тарихы, орыс әдебиетінің классиктері туралы мақалалары үзбей жарияланып тұрады. Әуезов сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмі (1940) түсіріледі.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Осы жылдары «Абай» романын жазуға кірісіп, оны 1941 жылы бітіреді. «Абай» романының жарық көруі (1942) Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды.

1943 жылы «Абай» романын талқылау үлкен науқанға айналады. 1946 жылы романның екінші кітабын жазып бітіріп, ол 1947 жылы жарық көреді. 1950 жылы роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді. 1943 жылғы қыркүйектен бастап Қазақтың мемлекеттік университетінің (ҚазМУ-дің) қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында «Сын сағатта» (1941), «Намыс гвардиясы» (жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп, 1942), «Қынаптан қылыш» (1945) пьесалары мен «Абай» операсының либреттосын (1944), «Абай әндері» фильмінің сценарийін (1945) жазады. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді.

1951–1954 жылдары Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, 1953 жылғы сәуірде Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болады. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.

1955 жылы шет елге сапар шегіп, Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Үндістанға 40 күндік сапармен барып қайтады.

1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды. Жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтіледі. Атом және сутек бомбасын сынауға қарсы халықаралық қозғалыстың Жапонияда өткен 3-конференциясына қатысады.

1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды.

1960 жылы АҚШ-қа барып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді. 1955–1957 жылы алты томдық таңдамалы шығармалары басылып шығады.

Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі — ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды.

1961 жылғы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

Сол жылы Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына оның есімі берілді, одан кейін жазушы тұрған үйде мұражай-үйі (1963) ашылып, ескерткіштер орнатылды.

Мұражай–үйі
Мұхтар Әуез театры
Мұхтар Әуез атындағы Қазақ Ұлттық Драма Театры. Алматы

Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай 1997 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде аталды.

Мұхтар Әуез бедерленген Қазақстан тиыны (1997)

Отбасы

Шығармашылығы

М.Әуездің 50 томдық толық шығармалар жинағының бірқатар томдары

«Абай жолы» роман-эпопеясы

«Абай жолы» (тетралогия) — Мұхтар Әуезовтың Абай Құнанбайұлына арналған роман-эпопеясы. «Абай жолы» — қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды.

Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері бар. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды.

Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

Драмалық шығармалары

Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары — Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері — Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік-Кебек» алып келді. Шығарма өзегі — эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстүрлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» атты туындысы 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйледі. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кетпеген. Билер сахнасы — көркемдік тамаша табыс. Кемшілік, олқылықтарды ескеріп, Әуезов пьесаны 1943 жылы қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі — «Түнгі сарын». Бұл — қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. Мұнда көркемдік шешім ақындық идеалмен тығыз байланысты. Таптық тартыс шығармада жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түнгі сарын» — қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс» пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.

1934 жылы сахнаға шыққан «Хан Кене» трагедиясы Әуезовтің азаттық идеясын терең бейнелеген, аса көркем тарихи пьесасы. Мұнда Хан Кененің, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері суреттеліп, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан.

«Қарагөз» 1926 жылы бірінші сыйлық алды. 1930 жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ. Тоғжанов трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар дейді. Ж. Орманбаевтың да бір мақаласында осындай пікірі айтылғанды. Әуезов бұл пьесаға кейін қайта оралып, жаңа нұсқа жасады. 1930 жылдары Әуезов реализмді меңгеруде көп еңбек етті. Әсіресе, драматургияда көптеген ізденістерге барды. 1918 жылы Әуезов тұңғыш рет Абай жайлы мақала жазып, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсірген. Л. Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбының барлауы еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған. 1930 жылдардың аяғында Әуезов білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай шақта келеді.

Автор Абайға лайық сөз өрнектерін тапқан. Бұл трагедия қоғамдық мәні бар күрделі жағдайларды көрсетеді. Шығармада тартыс, әрекет бірлігі мықты. Пьесада қақтығыс көп. Осы пьесаның негізінде кейін опера либреттосы, киносценарий жазылды. Трагедияны тұңғыш сахнаға қойған — Асқар Тоқпанов. Абай рөлін Қ.Қуанышбаев ойнады. Драма формасын Әуезов көп байытты. Әуезов фантастикалық пьеса да жазған. Ол — «Дос — Бедел дос». Пьесада «бір адам әр түрлі формацияда өмір сүрсе қандай болар еді» деген сұрауға жауап іздейді. Әуезов драматургиясында қазақ халқы өмірінің сан алуан қырлары үлкен шеберлікпен көрсетілген. Өмірдің терең қабаттарын қопарып, типтік жағдайлардағы характерлерді дәл тауып, олардың өзара қақтығысынан туған үлкен тартыстарды көрсету — Әуезов пьесаларының басты ерекшеліктерінің бірі. Шығармаларға құбылыстың сырт көрінісі, яки адамдар арасындағы ұсақ интригалар емес, әлеуметтік конфликтілер негізгі арна болады. Әуезов — қазақ драматургиясының жаңашылы. Ол дүниежүзілік драматургияның асыл үлгілерін оқып, аудару арқылы шеберлік мектебінен өтті. Мұның үстіне Әуезов пьесаның еуропалық үлгісіне соны ұлттық бояу, нақыш қосты. Қазақтың ежелгі әдебиетіндегі драматургияға жақын үлгілерді (айтыс, беташар, жар-жар, шешендік дауы) жаңашылдықпен пайдалана білді.[3]

Шығармалары

Проза

  • Абай жолы (Роман–эпопея)
  • Өскен өркен (Аяқталмаған роман)
  • Қараш-қараш оқиғасы (Повесть)
  • Қилы заман (Повесть)
  • Барымта (Әңгіме)
  • Бүркітші (Әңгіме)
  • Ескілік көлеңкесінде (Әңгіме)
  • Жетім (Әңгіме)
  • Жуандық (Әңгіме)
  • Қаралы сұлу (Әңгіме)
  • Қорғансыздың күні (Әңгіме)
  • Қыр әңгімелері (Әңгіме)
  • Қысқы түн (Әңгіме)
  • Көксерек (Әңгіме)
  • Кім кінәлі (Әңгіме)
  • Кінәмшіл бойжеткен (Әңгіме)
  • Оқыған азамат (Әңгіме)
  • Сөніп жану (Әңгіме)
  • Түнгі ауыл (Әңгіме)
  • Үйлену (Әңгіме)
  • Асыл нәсілдер (Әңгіме)
  • Татьянаның қырдағы әні (Әңгіме)
  • Хасеннің құбылыстары (Әңгіме)

Кино

  • Райхан (фильм) – 1940
  • Абай әндері (фильм) – 1945
  • Шыңдағы шынар (фильм) – 1966
  • Қараш-Қараш (фильм) – 1969
  • Көксерек (фильм) – 1973
  • Қаралы сұлу (фильм) – 1982
  • Абай (фильм) – 1995
  • Трагедия триумфатора (фильм) – 2009

Театр

  • Абай (Трагедия)
  • Айман (Либретто)
  • Айман-Шолпан (Трагедия)
  • Ақан-Зайра (Пьеса)
  • Бәйбіше, тоқал (Драма)
  • Еңлік Кебек (Трагедия)
  • Дос-Бедел Дос (Пьеса)
  • Қара қыпшақ Қобланды (Пьеса)
  • Қарагөз (Трагедия)
  • Намыс гвардиясы (Пьеса)
  • Октябрь үшін (Пьеса)
  • Тартыс (Пьеса)
  • Түнгі сарын (Пьеса)
  • Тас түлек (Пьеса)

Аудармалары

  • Асауға тұсау (У. Шекспирден)
  • Отелло (У. Шекспирден)
  • Дворян ұясы (И. Тургеневтен)
  • Ревизор (Н. Гогольден)
  • Любовь Яровая (К. Треневтен)
  • Будда (Л. Толстойдан)
  • Той тарқар (Л. Толстойдан)
  • Ақ қасқа (Д. Лондоннан)

Шығармалар жинағы

Он екі томдық шығармалар жинағының он бірінші томының титулды беттері
12 томдығынан. 9, 10, 12 томдар. Алматы, Жазушы, 1969.
12–ші томының мұқабасы. Алматы, Жазушы, 1969.
Орысша 5 томдық шығармалар жинағы. Мәскеу, "Көркем әдебиет" баспасы, 1973–1975.
20 томдық шығармалар жинағы (кейбірлері ғана). Алматы, "Жазушы" баспасы, 1979–1985.
  • Алты томдық таңдамалы шығармалары. Алматы, 1955–1957.
  • Он екі томдық шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы баспасы, 1967–1969.
  • Собрание сочинений в 5 томах. Москва, Художественная литература, 1973–1975.
  • Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы, 1979–1985.
  • Елу томдық толық шығармалар жинағы. Алматы, Ғылым, Жібек жолы баспалары, 1997–2011.

Мұхтар Әуезов атында

Елді мекендер мен көшелер
  • Әуезов көшесі (Астана)
  • Әуезов көшесі (Алматы)
  • Әуезов көшесі (Шымкент)
  • Әуезов көшесі (Қарағанды)
  • Әуезов ауданы (Алматы)

Ғылым және мәдениет нысандары

Ескерткіштер

Дереккөздер

  1. Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса - Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл
  2. Massaget.kz жастар порталы
  3. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Мұхтар Әуезов