Мазмұнға өту

Сырым ауданы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қазақстан ауданы
Сырым ауданы
Әкімшілігі
Облысы

Батыс Қазақстан облысы

Аудан орталығы

Жымпиты

Ауылдық округтер саны

12

Ауыл саны

38

Әкімі

Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязов

Аудан әкімдігінің мекенжайы

Жымпиты ауылы, Қазақстан көшесі, №8

Тарихы мен географиясы
Координаттары

50°09′20″ с. е. 52°41′32″ ш. б. / 50.15556° с. е. 52.69222° ш. б. / 50.15556; 52.69222 (G) (O) (Я)Координаттар: 50°09′20″ с. е. 52°41′32″ ш. б. / 50.15556° с. е. 52.69222° ш. б. / 50.15556; 52.69222 (G) (O) (Я)

Құрылған уақыты

1928

Жер аумағы

11,9 мың км²

Уақыт белдеуі

UTC+5:00

Тұрғындары
Тұрғыны

17 281[1] адам (2023)

Ұлттық құрамы

қазақтар (98,94%), татарлар (0,49%), орыстар (0,34%), басқалары (0,23%)[2]

Сандық идентификаторлары
Пошта индексі

090900- 090913[3]

Автомобиль коды

07

Сырым ауданының әкімдігі

Қазақстан картасындағы Сырым ауданы

Облыс картасындағы Сырым ауданы

Сырым ауданыБатыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан аудан. Бұрынғы аты - Жымпиты ауданы. Аудан орталығы - Жымпиты ауылы облыс орталығынан 140 км қашықтықта орналасқан.

Географиялық орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сырым ауданы солтүстігінде Бөрлі, солтүстік-шығысында Шыңғырлау, оңтүстік-шығысында Қаратөбе, батысында Ақжайық, солтүстік-батысында Теректі ауданымен шектесіп тұр. Аудан өңірінің аумағы 11,9 мың шаршы километр. Аудан жері жазық. Аудан аумағынан Бұлдырты, Өлеңті, Шідерті, Жымпиты, Есенаңқаты өзендері ағып өтеді.

1939 1959 1970 1979 1989[4] 1999 2009[5] 2021
21003 20790 29718 33707 34484 30569 21575 18416

Халқының саны 2019 жылы 18 924 адамды құрады. Ұлттық құрамы: қазақтар — 98,86%, басқалары — 1,14%.

Әкімшілік бөлінісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

38 елді мекен 12 ауылдық округке біріктірілген:

Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021)
Алғабас ауылдық округі Алғабас ауылы 3 1361
Аралтөбе ауылдық округі Аралтөбе ауылы 2 866
Бұлан ауылдық округі Бұлан ауылы 2 706
Бұлдырты ауылдық округі Бұлдырты ауылы 5 2175
Елтай ауылдық округі Тасқұдық ауылы 2 324
Жетікөл ауылдық округі Қосарал ауылы 4 972
Жосалы ауылдық округі Қоңыр ауылы 4 722
Жымпиты ауылдық округі Жымпиты ауылы 3 6959
Қособа ауылдық округі Қособа ауылы 2 1041
Сарыой ауылдық округі Шағырлой ауылы 4 786
Талдыбұлақ ауылдық округі Талдыбұлақ ауылы 2 632
Шолақаңқаты ауылдық округі Тоғанас ауылы 5 825

Ірі елді мекендері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Атауы Статусы Халқы (2021)
Жымпиты ауыл 5931
Бұлдырты ауыл 1547
Алғабас ауыл 1200
Өлеңті ауыл 957
Қосарал ауыл 763
Аралтөбе ауыл 648
Қособа ауыл 619
Қоңыр ауыл 581
Шағырлой ауыл 530
Талдыбұлақ ауыл 524
Бұлан ауыл 515

Ресей империясының құрамында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тәуелсіздікті сақтау жолында Әбілқайыр ханның Ресеймен әскери одақ құруы негізінде басталған қазақ жерін отарлау саясатына қарсы күрестің өзі - бір шежіре. Солардың бірі 1773 - 1797 жылдары кіші жүзде Сырым батыр бастаған ұлт - азаттық қозғалысы болды. Осы өңірде Байбарақ батыр, Тайлақ батыр, Бұлан би, Есенгелді бай өмір сүрген. Қабанбай - Қақпақтыны мекендеген Қаратай сұлтан әулеті, соның бір ұрпағы Мұхит Мерәлы ұлы екені әлі зерттеуді қажет етеді. Белгілі қайраткер Халел Досмұхамедов: "Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылған" - дейді. Шынында да патша үкіметі қолға түскен қазақ басшыларын құртумен болды. Хан Нұралы тұтқындалып Үфіде өлді .Оның баласы Орман Петербор түрмесінде қаза тапты. Орманның баласы Күсеп бүкіл ұрпағымен жер аударылды.

Патша тәртібіне қарсы шыққан Байбақты руынан 400 адам каторгіге айдалды . Белгілі би Жүніс пен Сәнгерәлі батыр Орынбор түрмесінің құрбаны болды.

1805 - 1818 жылдары Қайыпқали Есімов бастаған көтеріліс болды.

1829 - 1836 жылдары Беріш Исатай Тайманов көсемдік еткен шаруалар көтерілі, 1847 - 1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған шаруалар көтерілісі болды.

1886 жылы Өлеңті өзенінің жағасында Жымпитының іргетасы қаланды. XX ғасырдың басында Жымпиты өңірі үлкен дүрбелеңдердің орталығына айналды. Жымпиты жерінде Күнбатыс Алашорда үкіметі ту тігіп, тұңғыш қазақ мемлекеттілігі идеясының негізі қаланып, үш жылға жуық жұмыс жасады. Мұнда қазақ зиялыларының бір тобы шоғырланды. Олардың көзқарастары әртүрлі болғанымен, жалпы бағыты тәуелсіз қазақ елін құру болатын. Солардың қатарында Жымпиты өңірінің азаматтары:

  • Бақытжан Қаратаев
  • Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар
  • Молдағали Жолдыбаев
  • Меңдігерей Имағамбетов
  • Иса Қашқынбаев
  • Дәулетше Күсепқалиев
  • Ғалиасқар мен Ғұбайдолла Әлібековтер
  • Ахмет Мәметов
  • С.Қожболатов
  • Кафи Мырзағалиев

Кеңес Одағының құрамында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1919 жылы қарашаның 19 жұлдызында Жымпиты кеңес өкіметі орнады.

1920 жылы қазанның 12 жұлдызында Орал губерниясы құрылып, оның құрамында Жымпиты уезі де болды. 19 болысты біріктірген уездің жер көлемі 38500 шаршы километр, халқының саны 78861 адамды құрады.

1928 жылы қаңтардың 17 жұлдызында уез таратылып, 6 болыстан Жымпиты ауданы құрылды.

Жер көлемі 1093920 гектар, әкімшілік бөлінуі 24 ауылдық Советтен тұрды. Әрбір ауылдық советте орта есеппен 1089 адам бар деп есептелінді.

1933 жылы аудан көлемінде " Сарыой", "Игілік", "Қызыл таң", "Социализм", "Калинин", "Сталин", "Жұмыскер", "Төңкеріс","Сәуле", "Бірлік", "Ұмтыл", "Кедей", "Алға", "Тамды", "Жұлдыз", "Иса" атты 16 колхоз ұйымдастырылып, олардың төңірегінде 40 серік (ТОЗ) құрылды.

1934 жылдан бастап Жымпиты ауданында Кеңес үкіметінің репрессиялық саясаты кеңінен етек алды. Қазақ зиялыларына «Халық жауы» деген кінә тағылды. Жазықсыз жапа шеккендердің басым бөлігі кейін ақталып, олардың аты-жөндерін ұлықтау мақсатында 2008 жылы «Алаш қозғалысының 90 жылдық мерейтойына орай» Жымпиты ауылынан саябақ ашылып, олардың есімдері ескерткіш тақтаға жазылды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында ауданда 41 колхоз, 5 совхоз, 2 МТС болған. Аудан шаруашылықтары 1940 жылы мемлекет есебіне 13100 центнер астық, 16740 центнер ет, 607 центнер жүн дайындап берген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ер адамдар соғысқа аттанып, ауылда қалған қарт адамдар, қыз-келіншектер мен жас балалар тылда еңбек етті.

Осы жылдары Жымпитының Ақ тарысының атағы шықты. Ақ тарының анасы болған Майра Зияшеваның еңбегі тек аудан емес, бүкіл Одаққа мәлім болды. М.Ешмұханова, Ү.Қобдабаева, К.Нұрмұханова, ақын Ж.Жармұғамбетова сияқты өжет қыздарымыз трактор жүргізуді меңгеріп рульге отырды.

1941-1945 жылдары Жымпиты ауданынан майданға 4600 адам жіберілді, олардың 1972-сі елге қайтып оралмады, соғысқа Жымпитыдан бес қыз аттанды, олардың үшеуі соғыста құрбан болды. Ал елге аман оралған Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова көп жылдар ел игілігіне еңбек етті.

1941 жылы неміс автономиясынан көптеген неміс жанұялары әкелініп аудан көлемінде орналастырылды.

Содан олар 1991 жылдарға дейін осы өлкеде тұрып жергілікті қазақтармен бауырласып кетті. Олардың тағдыры туралы жерлесіміз Ғаділше Өтебалиев "Жымпитылық немістер " атты кітап жазып, екі халықтың татулық өнегесін көпшілікке паш ете білді.

1947-1957 жылдары колхоздар ірілендіріліп, кейіннен совхоздар болып қайта құрылды.

1990 жылы ауданда он совхоз, бір колхоз болды. Оларда 45240 бас ірі қара, 168500 бас қой, 4400 бас жылқы есепте тұрған.

1989 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ет 94757, сүт 14452, жүн 3984 центнер болғаны айтылады. Ал, астық көлемі 1228456 центнерге жеткен. Сол кезде аудан халқының саны 34534 адам болып, 17 ұлт өкілдері өмір сүрген.

Тәуелсіздік кезең

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1992 жылы жерлесіміз Сырым Датұлы бабамыздың туғанына 250 жыл толуын атап өтуге байланысты аудан тұрғындарының сұранысына орай, Жымпиты ауданының аты Сырым ауданы болып өзгертілді.

Білім беру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ауданда қазіргі кезде 16 орта, 6 негізгі, 6 бастауыш барлығы 28 білім беру мекемесі және 1 мемлекеттік «Балдырған» балабақшасы, 1 «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» және 1 «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және Тәрбие орталығы» мекемесі, 1 саз мектебі, 1 кәсіптік техникалық лицей, 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Жалпы білім беретін Абай, Қособа, Бұлан, Тасқұдық, Сырым, М.Қаналиев атындағы Алғабас, А.Жұмағалиев атындағы Жосалы, Талдыбұлақ орта мектептері жанында мектеп-балабақша, Көздіғара, Көгеріс, В.И.Шубин атындағы орта мектептері мен Жаңаөңір, Жамбыл, Ақырап, Қазақстан, Қызылағаш негізгі мектептері жанында және Қарағанды ауылында шағын орталықтар жұмыс істейді.

Жоғарыда аталған мектептердің материалдық техникалық базасына тоқталатын болсақ: 28 мектептің 14-і типтік жобамен салынған мектеп, ал 14-і бейімделген үй-жайларда орналасқан.

Денсаулық сақтау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Денсаулық сақтау объектілерінің саны - 35, онда 28 дәрігер, 178 медбике тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында жұмыс жасайды. Денсаулық саласы бойынша 1 аудандық орталық аурухана, 1 туберкулезге қарсы аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 24 медициналық пункт халыққа қызмет етеді.

Мәдениет саласында 23 кітапхана, оның ішінде 21 ауылдық кітапханалар, 1 аудандық балалар кітапханасы, 1 аудандық кітапхана, 1 аудандық мәдениет үйі, 8 ауылдық мәдениет үйі, 8 ауылдық клубтар және бұның ішінде 2 халықтық театр, 2 музей және 2 үлгілі би тобы, 1 орталық стадион халыққа рухани байлығымызды жеткізу бағытында сапалы қызмет көрсетуде. Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесіне қарасты 23 кітапхана ауыл тұрғындарына кітапханалық, анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсетіп отырған бірден-бір мәдени ошақ болып табылады. Заман талабына сай Интернет желілеріне қосылып, автоматтандырылған кітапханаларда оқырмандарға қызмет көрсетудің өркениеттілігі дамуда.

Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған. Ауданның әкімшілік шекарасындағы барлық жер көлемі 1 188843 гектар болса, соның ішінде: 77572 гектар егістік, 107657 гектар тыңайған жер, 42847 гектар шабындық, 894591 гектар жайылымдық, 17 гектар көпжылдық өсімдік. Осы жер көлемінің 436016 гектары шаруа қожалықтары, 117546 гектары серіктестіктер, 7165 гектары мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар, 5103 гектары орман қоры, 37 гектары су қоры, 140017 гектары елді мекендердің пайдалануына берілді, ал қалғаны 477020 гектары талап етілмеген жер ретінде аудан әкімшілігінің қарамағында қалды.

Бүгiнгi таңда ауданда 337 шаруа қожалықтары тiркелiп, олардың 278-і жұмыс жасайды, немесе 82,5%. Шаруа қожалықтарда қазiргi уақытта 1228 адам жұмыс жасайды. Жыл басынан шаруа қожалықтарда жұмыс жасайтын адамдар саны 4 адамға көбейдi.[6]

Аудан бойынша 2010 жылдың І тоқсанында барлығы 798 шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi тiркелген, оның 46 заңды тұлға, 752 жеке тұлға. Соның ішінде 701 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды, бұл барлық тіркелген шағын бизнес субъектілерінің 87,8 пайызы. Жұмыс жасайтын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 2009 жылмен салыстырғанда 10,9%-ға көбейiп отыр. Былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда шағын кәсіпкерліктің сауда-саттық, құрылыс, көлік тасымалы және басқа салаларында шағын бизнес субъектiлерi тиiсiнше 8,4%, 20,0%, 25,0% және 11,5% көбейдi.

Шағын кәсiпкерлiк саласында 2010 жылы 3 айда 1998 адам жұмыс жасады. Соның iшiнде 1465 адам ауыл шаруашылығында, 95 адам құрылыста, 65 адам көлiк және байланыс саласында, 280 адам саудада, 11 адам қоғамдық тамақтандыруда және 82 адам басқа салаларда жұмыстануда.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]