Мазмұнға өту

Мусғаб ибн Ұмәйр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мусғаб ибн Ұмәйр
مصعب بن عمير
Туған күні:

585 (0585)

Туған жері:

Мекке

Қайтыс болған уақыты:

625 (0625)

Қайтыс болған жері:

Ухуд, Сауд Арабиясы

Әкесі:

Умайр ибн Хашим

Анасы:

Хинас бинт Малик

Жұбайы:

Хамна бинт Жахш

Шайқастары:

Бәдір шайқасы, Ухуд шайқасы

Шығармасы Уикиқайнарда.

Мусғаб ибн Ұмәйр(Арабша: مصعب بن عمير т.ж. 585, қ.б.ж. 625) — Мұхаммед пайғамбардың туысы, көкелерінен. Меккенің ең бай, әл-ауқатты адамдарынан болған. Мұхаммед пайғамбар ол жайлы былай дейді: “Меккеде Мусғаб ибн Үмәйрден әдемі киінетін, сымбатты әрі байлыққа кенелген жасөспірімді көрген емеспін”[1]

Толық есімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мусғаб ибн Ұмәйр ибн Һишам ибн Абдуманаф ибн Абдулдар ибн Қусай ибн Киләб ибн Марра әл-Құрайши әл-Бәдри, араб.: مصعب بن عمير بن هاشم بن عبد مناف بن عبد الدار بن قصي بن كلاب بن مرة القرشي البدري

Исламға дейінгі өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ол мұсылман болмай тұрып Меккенің ең шырайлы, жас та сыйлы тұлғаларының бірі еді. Отбасындағы бір дегені екі етпей орындалатын, ең сүйікті еркесі болатын. Анасы оны шыттай киіндіріп, үстіне жұпар аңқыған хош иісті әтір бүркетін. Меккеліктер де көктен түскендей көркем жігітке таң-тамаша болып қарасатын. [2]

Мұсылман болуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Осындай қызығарлық өмір ішінде балқып-шалқып жүрген кезінде, бір күні Пайғамбардың уағыздаған діні жайлы хабарлар құлағына жетті. Қызығушылықпен Пайғамбарға барды. Нұр Пайғамбардың аузынан шыққан тамаша лебіздер әне-міне дегенше жүрегін баурап, иман нұры кеудесіне сәуле болып құйылды. Ол осылай мұсылман болды. Қараңғылықтың бұғауынан сырылып иман кәусарының шырын дәмін алған ол, айналасындағылардан тартынғандықтан мұсылмандығын жария етпеді. Намаздарын да жасырын оқып жүрді. [3]

Алайда жасырынып намаз оқуы ұзаққа созылмады. Күндердің күнінде мүшріктердің біреуі оның намаз оқығанын байқап қойып, әке-шешесіне жеткізеді. Осы кезден бастап Мусғабтың өміріне түпкілікті өзгеріс енді. Оны жақсы көріп құрмет тұтатын мүшріктер, тек Исламды қабылдағаны үшін оған әр түрлі қысым мен қиындықтар көрсете бастады. Абақтыға да қамады. Содан кейін ол бір топ мұсылманмен бірге Эфиопияға һижрет етті. Ол жақта біраз уақыт болып, туған жеріне қайта оралды. Алайда ештеңе өзгермей таз қалпында қалыпты. Жанұясы мен жақындары оған бұрынғыша дұшпан күйінде қала берді. [4]

Мусғаб туралы пайғамбардың айтқандары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пайғамбар бір күні сахабаларымен әңгімелесіп отырған кезде Мусғаб ибн Ұмәйр қастарына келіп сәлем береді. Пайғамбар Мусғабтың сәлемін алғаннан соң: “Жер жүзінің бүкіл адамдарын өзгерте алатын Аллаһқа мадақ! Мына жас адамды көріп тұрсыңдар ма? Бұрын әке-шешесінің ең сүйіктісі еді. Аллаһқа және Елшісіне деген сүйіспеншілігі әке-шешесінен басым түсті. Ол Аллаһ пен Расулын таңдады”, – деді[5].

Тағы бір реті келгенде оның сүйек кеміріп отырғанын көрген Пайғамбар жанындағы сахабаларға қарап: “Мына адамды көріп тұрсыздар ғой. Әке-шешесі оған ең дәмді тағамдарды бергеннің өзінде оларды тастап, бізбен бірге аштыққа көнді” – деп, оның жанкештілігін атап айтқан еді. [6]

Алғашқы елші

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бірінші Ақаба сертінен кейін Мәдинәда Ислам тез қанат жайып тарала бастаған кезде, жаңадан мұсылман болғандар өздеріне Құран тағылымдарын үйрететін ұстаз сұрады. Пайғамбарымыз олардың бұл өтінішін қабыл алды. Пайғамбарымыздың бір ерекшелігі – адамды дұрыс таңдауда қабілеті зор басшы болатын. Ол ақылына көркі сай, жұмсақ тілді, байыпты да биязы Мусғабты бұл іске лайық көреді. Хазірет Әбу Бәкір, Омар, Әли сынды сахабалардың болғанына қарамастан, Аллаһ елшісінің Мусғабты таңдауы – оның зор қабілеттілігінің белгісі. Осылайша Мұсғаб Мәдинадағы алғашқы Исламды уағыздаушы болды.

Мусғабтың уағызымен мұсылман болған сахабалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мәдинадағы танымал адамдардың көпшілігі Мусғаб ибн Ұмәйрдің уағыздауымен Исламды қабылдады. Олардың арасында

  1. Үсәйд ибн Хүдәйр,
  2. Сағд ибн Убәдә,
  3. Сағд ибн Муаз сияқты атақты сахабалар бар еді.

Мусғабтың дүниеден өтуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ухут шайқасында Пайғамбарымыз Ислам туын Мусғабқа ұстатады. Ұрыстың шешуші сәтінде, мұсылмандардың шегінгендерін көріп мына аятты оқиды:

“Мұхаммед – ол пайғамбар. Одан бұрын да пайғамбарлар келген еді. Енді ол өлсе немесе өлтірілсе, сендер соғысты тастап қашасыңдар ма?” [7]

Ұрыста тұрыс жоқ. Мусғабқа қырғидай төнген Ибн Қәймә деген мүшрік оның ту ұстаған қолын шауып түсіреді. Туды екінші қолына ауыстырып үлгірген Мусғаб ол қолын да сақтап қала алмады. Екі қолы да қырқылып түскен Мусғаб туды аузымен қағып алып, кеудесінде ұстап тұруға тырысты. Басқа бір сахаба жетіп келіп туды алады. Бұл – періште еді. Мусғабтың бейнесіне кіріп шайқасты жалғастырды. Оны көрген Пайғамбарымыз “Мусғаб!” деп дауыстағанда ол “Мен Мусғаб емеспін, ей, Расулаллаһ!”[8] деп жауап берді. Мусғаб ибн Ұмәйрдің шейіт болғанын сол кезде аңғарған Аллаһ расулы көз жасын тыя алмай, мына аятты оқыды:

“Мүминдердің арасында (Расулаллаһпен бірге болатындықтарына) Аллаһқа берген сөздерінде шынайы болған қаншамасы бар. Олардың кейбіреулері берген уәделерінде толық тұрып шейіт болды. Кейбіреулері де осындай жақсылықты күтуде. Олар уәделерінен таймады” [9]

Даңқты сахаба Мусғаб қырық жасында шейіт болды. Бір кездері үлде мен бүлдеге оранып дәулетті ғұмыр кешкен сахаба Мусғабқа ақыретке көшкен кезде үстіне жабатын кішкене бір құрым матадан басқа кебін табылмайды… Басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей кебіндеуге келмеген-ді[10]. Аллаһ үшін бүкіл асылын пида еткен Мусғаб табысуға ерекше ынтық Жаратушысына осылайша қанат қақты.

Мусғабтың анасына айтқан сөзі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

“Анашым, мен Мұхаммедтің дінін ұстанамын. Ол – Аллаһ тағаланың жіберген хақ діні. Менің өздеріңізге деген сүйіспеншілігімді жақсы білесіз. Мен сенген Аллаһқа және елшісіне сіз де сеніңіз. Мұны шын жүректен қалаймын, анашым”. (Мусғаб ибн Ұмәйр)[11]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ибн Сағд, Табақат әл-Кубра, Бейрут 1960, III, 116
  2. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 188-бет.
  3. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 189-бет.
  4. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 189-бет.
  5. Табақат, 3:116.
  6. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010ж. 190-бет.
  7. Құран Кәрім “Али Имран” сүресі, 144 аят.
  8. Табақат, 3:121.
  9. Құран Кәрім “Ахзаб” сүресі, 23 аят.
  10. Бухари, жанаиз, 27.
  11. Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. Алматы-2010 ж. 188-бет.